Қазақстанда әлеуметтік әмиян және QazaqGaz Aimaq мобильді қосымшасы іске қосылды
Ваучерді белсендірген тұтынушыларға шамамен газға 40% жеңілдік беріледі, деп хабарлайды arainfo.kz
Олар – EGOV Mobile қосымшасындағы «Әлеуметтік әмиян» және QazaqGaz Aimaq әзірлеген мобильді қосымша.
Бұл бастамалар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылға арналған Жолдауында айтылған цифрландыруды жаппай енгізу және жасанды интеллект технологияларын дамыту тапсырмасымен үйлеседі.
«Әлеуметтік әмиян» сервисі атаулы әлеуметтік көмек пен тұрғын үй көмегін алушыларға тауарлық газға жеңілдік алу мүмкіндігін береді. Ваучерді смартфон арқылы онлайн белсендіруге болады. Қызмет қағаз құжаттарды жинауды қажет етпейді, процесті жеңілдетіп, уақытты үнемдеуге жағдай жасайды.
2025 жылдың 1 шілдесінен бастап бұл жоба ел көлемінде іске қосылып, 9,5 мыңнан астам ваучер берілді. Жеңілдік көлемі шамамен 40 пайызды құрайды: 1 текше метр газ үшін баға 41 теңгеден 27 теңгеге дейін төмендейді.
QazaqGaz Aimaq мобильді қосымшасы абоненттерге газ қызметімен қашықтан өзара әрекеттесудің ыңғайлы құралын ұсынады. Пайдаланушылар есептегіш көрсеткіштерін онлайн енгізіп, фотосурет арқылы жіберіп, деректерді жылдам тексерте алады. Алдағы уақытта қосымшада төлем жасау, түбіртектерді қарау, бақылаушының байланыс деректерін алу сияқты сервистер қосылмақ.
Бүгінгі таңда Жамбыл облысында 31 мыңнан астам тұтынушы қосымшаны жүктеп, 14 мыңнан астамы тамыз айында есептегіш көрсеткіштерін онлайн берді. Қолданбаны Google Play мен App Store дүкендерінен жүктеуге болады.