Жаңалықтар

Мемлекет басшысы «Достық – Мойынты» теміржолының екінші желісін іске қосты

Президент «Достық – Мойынты» теміржолының екінші желісін іске қосуды тарихи оқиға деп атады, деп хабарлайды arainfo.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев New Silk Way VII Халықаралық көлік-логистика бизнес-форумының ашылуына қатысып, «Достық – Мойынты» теміржолының екінші желісінің ресми іске қосылуымен құттықтады.

Президенттің айтуынша, бұл – Тәуелсіздік кезеңіндегі ең ірі теміржол құрылысы әрі стратегиялық маңызы бар жоба.

Мемлекет басшысы Қазақстан арқылы әлемнің ең ірі сауда нарықтарына жол ашатын 5 теміржол дәлізі өтетінін атап өтті. Оның айтуынша, соңғы он жылда көлік-логистика саласына шамамен 35 миллиард доллар инвестиция тартылған. Алдағы уақытта 5 мың шақырым жаңа теміржол салынып, 11 мың шақырым жол жаңғыртылады.

Президент көлік саласын цифрландыру мен жасанды интеллект технологиясын енгізе отырып дамыту қажеттігін де айтты.

Форум аясында телекөпір арқылы Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Талғат Алдыбергенов және теміржол саласының ардагері, «Қазақстанның Еңбек Ері» Қалтай Сәмбетов сөз сөйледі.