Жаңалықтар

Қазақстанда қосымша білім беруге ваучерлік жүйе енгізілуде

Елімізде 314 мың балаға қосымша білім алу бойынша ваучер берілді, деп хабарлайды arainfo.kz

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2025 жылдан бастап елімізде қосымша білім беру ұйымдарына ваучерлік қаржыландыру жүйесі кезең-кезеңімен енгізіліп жатыр.

Біріңғай мемлекеттік тапсырысты орналастырудың пилоттық жобасы Астана, Ақтөбе, Атырау, Қарағанды, Қызылорда және Шымкент қалаларында іске қосылды. Жобаның мақсаты – оқушыларды шығармашылық, спорттық және білім беру бағытындағы тегін үйірмелер мен секциялармен кеңінен қамту.

Тәрбие және қосымша білім беру департаменті басқармасының басшысы Алтай Рахимберлиннің айтуынша, қазіргі таңда 300 мыңнан астам бала қосымша білімге ваучер алған.

Қаржыландыру «бір балаға – бір ваучер» қағидаты бойынша жүргізіледі. Бұл тәсіл барлық оқушыға тең мүмкіндік беріп, ашықтықты қамтамасыз етеді әрі бюджет қаражатын мақсатсыз жұмсауға жол бермейді.

Айта кетейік, жоба Мәдениет және ақпарат, Туризм және спорт, Оқу-ағарту, сондай-ақ Жасанды интеллект және цифрлық даму министрліктерімен бірлесіп жүзеге асырылуда.