Жаңалықтар

Алматыда өтетін "Қайрат" – "Реал Мадрид" ойынына шетелден қанша турист келеді?

Матчқа келетін туристер саны арнайы квота бойынша 4 мыңнан астам адамды құрайды, деп хабарлайды arainfo.kz

Бұл туралы Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Нұртас Кәріпбаев мәлімдеді.

Комитет төрағасы Нұртас Кәріпбаевтың айтуынша, матчқа келетін туристер саны арнайы квота бойынша 4 мыңнан астам адамды құрайды. Ойын өткеннен кейін олардың қай елдерден келгені нақтыланады.

Стадионға билеттер толық сатылған. Алматының инфрақұрылымы мен қонақүйлері туристерді қабылдауға толығымен әзір.

Сонымен қатар Парламент палаталарының бірлескен отырысының кулуарында туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов «Қайрат» стадионының УЕФА-ның 4-санатты стандартына сай екенін атап өткен еді.

Министр Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Алматыда 30 мың орындық жаңа стадион салынатынын жеткізді. Бұдан бөлек, еліміздің 7 өңірінде стадион құрылысына қатысты жобалық-сметалық құжаттар дайындалуда.

Министр туристердің келуі УЕФА стандарттарымен реттелетінін, сондықтан әрбір адам еркін келе алмайтынын, арнайы квота бар екенін тағы да растады.