Жаңалықтар

Мемлекеттік басқаруда кадрлық ротация: жаңа министрлер тағайындалды

Мемлекет басшысының Жарлығымен бірқатар кадрлық өзгерістер болды, деп хабарлайды arainfo.kz

Үкіметтегі жаңа тағайындаулар: Инвестиция, Цифр және Білім салаларына жаңа басшылар келді

 

Бұл жайлы Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі – Президенттің Баспасөз хатшысы Руслан Желдібай жазды.

Қазақстанда маңызды кадрлық ротация жүзеге асырылды. Ресми мәлімдемеге сәйкес, бұл өзгерістердің негізгі мақсаты – мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін арттыру.

Президенттің Жолдауында айқындалған негізгі басымдықтарды іске асыру үшін Үкімет пен Президент Әкімшілігінде жаңа тұлғалар жауапты лауазымдарға келді.

Ұлттық экономикаға инвестиция тарту міндеті бұдан былай тәжірибелі дипломат Мұрат Нұртілеуге жүктелді. Ол Президенттің көмекшісі қызметінде халықаралық инвестициялық және сауда ынтымақтастығын дамытуға, сондай-ақ ірі шетелдік компаниялармен байланыс орнатуға жауапты болады.

Жаслан Мәдиев Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі болып тағайындалды. Оның алдында Қазақстанды цифрлық мемлекетке айналдыруға бағытталған стратегиялық және ауқымды міндеттерді іске асыру міндеті тұр.

Премьер-министрдің келісімі бойынша, бұрынғы Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова Оқу-ағарту министрі лауазымына келді. Қоғамдағы белсенділігімен және білім беру саласындағы мол тәжірибесімен танымал жаңа министр оқу-ағарту жүйесіне жаңа серпін әкеледі деп күтілуде.

Бұл кадрлық өзгерістер Президенттің негізгі бағдарламалық құжаттарында белгіленген мақсаттарға жету үшін жасалған маңызды қадамдар болып саналады.