Жамбылдық ғалымдар тәжірибе алмасып қайтты
М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің ғалымдары 21-24 қыркүйек аралығында Өзбекстан астанасы Ташкент қаласына ғылыми іссапар жасады. Сапар Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым комитеті гранттық қаржыландыруы аясындағы №AP23485390 «Практикалық философия: әлеуметтік-гуманитарлық пәндерді оқытудағы интегралды білім беру мен дизайн-ойлау тұжырымдамалық метамоделі» атты жобасы аясында жүзеге асты.
Іссапар құрамында жоба жетекшісі, филология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Гүлхан Нұрадин, жоба орындаушысы, филология ғылымдарының кандидаты, кафедра меңгерушісі, доцент Дина Көлбаева және ғылыми қызметкер, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «Саяси философия» білім беру бағдарламасының 3-курс докторанты Асия Аққулиева болды.
Бастаманың негізгі мақсаты – Өзбекстанның жетекші жоғары оқу орындарымен академиялық байланыс орнатып, практикалық философия саласында тәжірибе алмасу. Сондай-ақ әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар бағытында бірлескен ғылыми жобалар әзірлеу және ортақ жарияланымдар дайындау мүмкіндіктерін қарастыру. Қазақстандық ғалымдар сапар аясында «Alfraganus University», Өзбекстан Республикасы Құқық қорғау академиясы және Мырза Ұлықбек атындағы Өзбекстан ұлттық университетінде кездесулер өткізіп, ғылыми-әдістемелік мәселелерді талқылады.
Кездесулер барысында философияны оқытудағы заманауи тәсілдер, практикалық философияны білім беру жүйесіне енгізу, гуманитарлық пәндерді жаңа тұрғыда дамыту жолдары жайлы пікір алмасты. Өзбекстандық әріптестер қазақстандық жобаның мазмұнына айрықша қызығушылық танытып, болашақта бірлескен ғылыми іс-шаралар өткізу және халықаралық ғылыми журналдарда ортақ мақалалар жариялау жөнінде келісімге келді.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ