Маңызы жоғары сапар
Жақында Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университетіне Қытайдың Чжэнчжоу қаласы, Хэнань провинциясындағы Солтүстік Су ресурстары және электроэнергетика университетінің делегациясы ресми сапармен келді. Кездесу сушаруашылығы ғылымы саласындағы жаңа мүмкіндіктерді талқылауға, екі ел арасындағы ғылыми әріптестікті жаңа деңгейге көтеруге бағытталды.
Шетелдік қонақтарды Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университетінің ректоры Кәмшат Түсіпова мен профессор-оқытушылар құрамы ресми түрде қарсы алып, достық пейілдегі естелік сыйлықтармен алмасты. Сапар аясында делегация мүшелері оқу орнының ғылыми орталықтары мен зертханаларын аралап, материалдық-техникалық базасымен және заманауи инфрақұрылымымен танысты.
Кездесу барысында Солтүстік Су ресурстары және электроэнергетика университетінің президенті, профессор Джунгуо Лью студенттер мен оқытушыларға «Су және климат: жаңа сын-қатерлер мен мүмкіндіктер» тақырыбында дәріс оқыды. Лекция барысында ғалым жаһандық климаттық өзгерістер жағдайында су ресурстарын басқару, су үнемдеу технологияларын дамыту, табиғи негіздегі шешімдерді енгізу мәселелерін жан-жақты түсіндірді. Сондай-ақ профессор өз командасының тәжірибелік зерттеулері мен ғылыми жаңалықтарымен бөлісіп, сұрақтарға жауап берді.
Профессор Джунгуо Лью – халықаралық деңгейде мойындалған ғалым. Ол су ресурстары мен экожүйелерді басқару бойынша 270-тен аса ғылыми еңбек жазып, әлемдегі ең көп дәйексөз келтірілетін зерттеушілердің қатарынан орын алған. Оның жұмыстары Біріккен Ұлттар Ұйымының климат жөніндегі баяндамаларына негіз болып, жаһандық шешімдер қабылдауда маңызды рөл атқарады. Сонымен қатар ғалым табиғи негіздегі шешімдер арқылы өзендер мен суқоймаларын қалпына келтірудің тиімді моделін әзірлеген. Профессордың жетекшілігімен 2024 жылы Қытайда алғаш рет су ресурстарын ғарыштан бақылауға арналған арнайы NCWU-1 спутнигі ұшырылған. Құны 5 миллион АҚШ долларын құраған бұл жоба бүкіл Қытайдың ғылыми мақтанышына айналып, ауылшаруашылығынан бастап бірқатар салада кеңінен қолданылуда.
Ректор Кәмшат Түсіпованың айтуынша, әріптестік пен тәжірибе алмасу екі тарапқа да тиімді болмақ.
Кездесу қорытындысында тараптар өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойып, сушаруашылығы ғылымын дамытуға, заманауи технологияларды енгізуге және жас ғалымдарды қолдауға бағытталған стратегиялық серіктестікті нығайтуға уағдаласты.
Осылайша бұл сапар Қазақстан мен Қытай арасындағы ғылыми байланыстарды жаңа белеске көтеріп, өңірдің су ресурстарын басқару саласында халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге жол ашты.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ