Жамбыл жаңалықтары

Кәсіпкерлік көкжиегі кеңеюде

Биыл қаңтар-тамыз айларында облыстың жалпы өңірлік өнімі 690,9 миллиард теңгені құрап, нақты көлем индексі 106,3 пайыз деңгейінде қалыптасыпты. Бұл туралы сегізінші шақырылған облыстық мәслихаттың кезекті ХХVI-сессиясының отырысында аймақ басшысы Ербол Қарашөкеев айтты. Жиынды облыстық мәслихаттың төрағасы Абдалы Нұралиев жүргізіп отырды.

Ербол Шырақпайұлы өңірде атқарылған жұмыстардың негізгі қорытындыларына тоқталып, Мемлекет басшысының Жолдауында айқындалған міндеттер аясында алдағы жоспарлармен бөлісті. Облыс әкімінің айтуынша, жыл басынан бергі қысқа мерзімді экономикалық өсім 111,4 пайыз деңгейінде тіркелген.

Биыл ауылшаруашылығы саласына 28,9 миллиард теңге субсидия бөлініп, оның 20,8 миллиард теңгесі игерілген. Сонымен қатар салаға 15,6 миллиард теңге инвестиция тартылыпты. Есепті кезеңде ауылшаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 214,2 миллиард теңгеге жеткен.

Ауа райының қолайсыздығына қарамастан қазірге дейін 640 мың гектар алқаптан 3,8 миллион тоннаға жуық өнім жиналыпты. Мал басы көбейіп, ет пен сүт өндірісі де артқан. Сол секілді 91 миллион АҚШ долларына 124 мың тонна өнім экспортталған. Жалпы құны 32,8 миллиард теңгені құрайтын 16 инвестициялық жоба іске асырылып, жаңа жұмыс орындары ашылуда.

2025 жылы 13,9 миллиард теңгеге 24 ауылдық елді мекен мен 9 тұрғын алқапты ауызсумен қамту көзделуде. Нәтижесінде жыл қорытындысы бойынша ауылдар мен қалаларды 100 пайыз сапалы ауызсумен қамтамасыз ету жоспарланып отыр.

Биыл газбен қамту бойынша 14 жобаны іске асыруға 20,5 миллиард теңге бөлініпті. Бүгінде 1,1 миллион адам табиғи газбен қамтамасыз етілген.

Жылумен қамту да айрықша назарда. Осы жылы Қаратау қаласындағы орталық қазандық пен мазут шаруашылығы жаңартылып, Тараз қаласындағы «Ұлы дала» ықшамауданында 597,8 миллион теңгеге жылумен жабдықтаудың инженерлік желілері кеңейтіліпті.

Бұдан бөлек денсаулық сақтау, спорт, мәдениет және жастар саясаты салаларында да елеулі жетістіктер бар.

Әкімнің баяндамасынан кейін халық қалаулылары тұрғындарды мазалаған мәселелерді көтеріп, сауалдар жолдады. Әсіресе газдандыру, мектептердің алдына жаяу жүргіншілер жолағын салу және 2025 жылы басталуы тиіс су тазарту кешенінің құрылысының кешігуі негізгі тақырып болды.

Мұнан соң облыс әкімінің орынбасары Айжан Есмағамбетова Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2026 жылға дейінгі тұжырымдамасының облыста іске асырылу барысы жөнінде баяндама жасады.

Сессияда басқа да мәселелер, атап айтқанда, мәслихаттың тұрақты комиссияларының жұмысы тыңдалып, сайлау комиссияларының құрамын толықтыру бекітілді. Сонымен қатар, тұрғындарға тегін дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдарды қосымша беру, орман және су ресурстарын пайдалану қағидаларын бекіту, кейбір ескі шешімдердің күшін жою, жер комиссиясының ережесіне өзгерістер енгізу жайы қаралды. Сондай-ақ облыс әкімдігінің дербес құрамы мен құқықбұзушылық профилактикасы жөніндегі комиссия құрамына толықтырулар енгізілді.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ