Көптен күткен қуаныш
Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев Тараз қаласы «Құмшағал» тұрғын алқабында бой көтерген 140 орындық мәдениет үйінің салтанатты ашылу рәсіміне қатысты.
«Құмшағал» тұрғын алқабында мәдениет үйі ашылды
Құмшағалдықтар үшін мәдениет пен өнердің шырағы жағылып, жас ұрпақ ұлттық мұрамен сусындап, шығармашылық қабілетін дамытатын жаңа мүмкіндіктерге жол ашылады деп сенемін, – өңір басшысы құттықтау сөзінде.
Биыл облыста 16 мәдениет нысанының құрылысына қаржы бөлініп, бесеуі пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін тағы алты нысан іске қосылады.
Бұдан соң лентаны қию рәсімі өтіп, қонақтар нысан ішін аралап көрді.
«Құмшағал» тұрғын алқабында 7 600-ден аса халық тұрады. Мәдениет үйінің құрылысы өткен жылдың қарашасында басталып, биыл тамыз айында аяқталды. Жобаны 363 миллион теңгеге «Әль Мансұр» ЖШС жүзеге асырған.
Жаңа ғимаратта мәжіліс залы, әкімшілік бөлме, декорация қоймасы, кітапхана және 12 орындық оқу залы қарастырылған. Сонымен бірге балалар мен жасөспірімдерге арналған ән-би үйірмелері жұмыс істейді.
Айта кетейік, облыста бүгінде 500-ден астам мәдениет мекемесі халыққа қызмет көрсетуде. Биыл бұл салаға 16,3 миллиард теңге бөлінді.
Облыс орталығында «Тараз» жастар театры, «Ежелгі бекініс» ғимараты мен «Қолөнершілер үйі» хабында ұлттық құндылықтар дәріптеліп, өнер мен тарихты ұштастыратын іргелі жобалар жүзеге асырылуда.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі