Түрлене бер, Таразым!
Екі мың жылдан астам тарихы бар көне Тараз бүгінде дамудың даңғыл жолына түскен шырайлы шаһарға айналып отыр. Соңғы жылдары қала аумағы кеңейіп, инфрақұрылым саласында ауқымды жобалар жүзеге асырылып келеді. Елді мекендерді ауызсумен қамтамасыз ету, көшелерді жарықтандыру, жолдарды жөндеу, аулаларды абаттандыру, қоғамдық көлік жүйесін жаңарту секілді жұмыстар үздіксіз жүргізілуде. Бұл Тараз қаласының кейінгі жылдары өндірісі өркендеп, экономикасы дамып жатқанын айғақтайды.
Мысалы, биыл Тараз қаласында 48 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. «Ұлы Дала» (15) шағынауданында осы уақытқа дейін 144 үй бой көтерсе, «Балауса» (14) шағынауданы бойынша жобасы дайындалған 145 үйдің 22-сі салынып жатыр. «Шапағатта» (16-шағынаудан) 82 үй жоспарланса, қазірдің өзінде 12 үй қолданысқа беріліпті. Тағы төртеуінің іргетасы қаланып жатыр, қалғанына жоба дайын тұр. Ал «Қарасайда» (17-шағынаудан) 158 үй салу көзделіп, бүгінде тиісті жоба әзірленуде.
Жол жөндеу жұмыстары да қыза түскен. Биылдың өзінде 108 көше жөнделуде. 20 саяжайда 104 көшеге шағал төселіп жатыр. Ұзындығы 35 шақырымнан асатын 12 жаяу жүргіншілер жолы салынуда. Рысбек батыр, Қойгелді, Асқаров секілді ірі көшелер түгел жаңғыртылуда. «Бурыл – А», «Бурыл – Б», «Бурыл – В» алқабында жоба бойынша жалпы ұзындығы 33,2 шақырымды құрайтын 75 көшенің 66-сы асфальтталды. «Барысханда» 24 көшенің 10-ына жаңа асфальт жабындысы төселді. Абай даңғылы бойында жол өткелі мен жаяу жүргіншілер өткелінің құрылысы қолға алынды. Бұдан бөлек, Абай – Сыпатай батыр – Жамбыл даңғылының қиылысында эстакада салу жобасы дайын. Талас өзеніндегі көпірді жаңғырту жоспары да бар.
Сондай-ақ «Ұлы Далада» 2000 орындық жаңа мектеп пайдалануға берілді. «Шөлдалада» 600 орындық мектептің құрылысы жүріп жатыр. №15 пен №7 мектеп-гимназияға қосымша ғимарат тұрғызылып, әрқайсысы 300 орынға кеңейеді. №27 мектепке 600 орындық жапсарлас құрылыс жүріп жатыр. Бұдан бөлек, №1 және №45 гимназиялар мен бірқатар мектептерде күрделі жөндеу қолға алынды. Ал «Құмшағалда» 140 орындық мәдениет үйі пайдалануға берілді. Жарық мәселесі де назардан тыс қалмаған. 2023 жылы 83 көше, 2024 жылы 76 көше жарықтандырылыпты. 2025 жылы тағы 85 көшеге жарықшамдар орнатылуда. 2023-2025 жылдары аралығында 1134 аула толықтай жарықтандырылмақ. Инженерлік инфрақұрылым бойынша да қаладағы саяжайларға электр желілері тартылуда. «Хамукаттағы» су жүйесінің 70 пайызы аяқталыпты. «Ұлы Далада» жылу желілері кеңейтілген. Сондай-ақ Сыпатай батыр, Төле би, Қ.Тұрысов көшелеріндегі жылу магистральдары ауыстырылған.
Саябақтар да шетінен жаңғыртылып, түрлі жағажайлар ашылып, қала ажары айшықтала түскеніне көпшілік куә. Зәулім ғимараттары мен көз тартар көркі көңіл тояттандыратын облыстың бас шаһарын осы күні жасыл қалаға айналдыру жұмысы да қарқынды жүргізіліп, су арналары да ретке келтірілуде. Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтің айтуынша, қараусыз қалған су жүйелері шетінен қалпына келтірілуде.
Көне шаһардың бүгінгі келбеті туристердің ұдайы қызығушылығын оятып келеді. Бұл бір жағынан қала экономикасына серпін берері сөзсіз. Бұл жөнінде де қала әкімі: «Мəдениет пен туризм – бір-бірінен бөле-жаруға болмайтын егіз ұғым. Қазір де осы екі саланы дамытуға ерекше екпін түсіріп, түрлі жобаларды жүзеге асырып жатырмыз. Соның бір айқын дəлелі – жуырда «Тектұрмас» кешенінде «Көне қамал» нысанының құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді», – дейді.
Тараздың топырағына табаны тиген қонақтарға түнеп шығатын жер табу қиын емес. Қазірдің өзінде шаһарда 123 қонақ үй мен басқа да орналастыру орындары жұмыс істеп тұр екен. Одан бөлек 28 туристік ұйым, 8 тарихи-мәдени нысан бар. Соның ішінде бәрімізге белгілі «Тектұрмас» этно-тарихи кешені, «Қарахан», «Дәуітбек», «Тектұрмас» кесенелері, көне «Қали Жүніс» моншасы, «Төрткүл» керуен сарайы, ерте ислам дәуірінің мешіті мен «Көне Тараз» этно-мәдени кешені «Біздерде мынадай, мынадай бар» деп көрсетуге тұрарлық. Осындай нысандарды көріп, шаһарды аралауға келетін туристердің саны да жылдан-жылға артып келеді екен. Мысалы, 2025 жылдың алғашқы тоқсанында қалаға 26 мыңнан аса ішкі турист келіпті. Ал шетелден келген қонақтар саны 373 адамды құраған. Жоғарыда сөз еткен қонақ үйлердің жағдайы да жақсарып келеді, 2024 жылы төсек-орын саны 2700 болса, биыл 3500-ден асыпты.
Қаладағы туризмді дамыту үшін ұсақ-түйекке дейін ойластырылып жатқан көрінеді. Мысалы, барлық қонақ үйлерді «WhatsApp» месенджерінен топ ашып, барлығын бір чатқа қосып қойған. Сол жерден ақпарат алмасады, есеп-қисап тапсырады. Әрбір қонақ үйдің толық презентациясы жасалып, мәліметтер жаңартылады. Инвестицияға келсек, биылғы қаңтар-шілде айларында туризм саласына 5,4 миллиард теңге құйылған. Бұл былтырғыдан аздау болса да, алға жылжу бар. 2026 жылы Таразда халықаралық «Достастық жәрмеңкесі» өтеді деп күтілуде. Президент бастамасымен қолға алынған бұл шараға 15 мемлекеттен турист келеді деген болжам бар. Ал биылдың өзінде үш жоба іске асыпты. Оның бірі – мектеп оқушыларына арналған «Жанды сабақтар». Мың бала «Көне Таразды» аралап, тарихпен танысқан. Олардың маршрутына «Тектұрмас», «Қарахан», «Айша бибі» кесенелерімен, этно-мәдени орталықпен, археологиялық паркпен танысу, тіпті жергілікті зауытқа барып өндіріс процесін көру және қолөнершілерден шеберлік сабағын алу кірген екен. Екінші жоба – «Қолөнершілер үйі». Мұнда креативті хаб ашылып, Алматыдан келген мамандар жергілікті шеберлерге жаңа бағыттар үйретіпті. Үшінші жоба – «Үздік қолөнерші» байқауы. Сайыс барысында 31 шебер бақ сынап, 12-сі жүлдеге ие болған. Бұл да ұмыт бола бастаған қазақтың қолөнерін қайта жаңғыртудың бір жолы.
Негізгі ірі жобаларға тоқталсақ, «Ежелгі бекініс» жобасының бірінші кезеңі іске қосылыпты. Мұнда апта сайын мәдени шаралар мен қолөнершілер көрмесі өтіп жатыр. «Эфен» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 3,5 миллиард теңгеге үлкен демалыс аймағын іске қосыпты. «South Holiday» қонақ үй кешенінің құрылысы жүріп жатыр, ол 2025 жылдың қарашасында аяқталады деп күтілуде.
Таразды жаңғыртып, халықтың жайлы өмір сүруіне жағдай жасау мақсатында ескі құрылыстардың орнына заманауи нысандар бой көтеріп, түрлі сауда орындарының жаңа кейіпке еніп жатқанын да айта кетуіміз керек. Негізі Таразда 15 сауда базары бар болса, оның 14-і көпшілікке таныс әмбебап базарлар, біреуі арнайы мамандандырылған сауда орны. 2020 жылы шаһардағы сауда орындарының саны 20-ға жетсе, уақыт өте келе кейбірі жабылған, тағы бірі сауда үйіне айналған. Мысалы, «Ақбұлақ» пен «Атакент-Тараз» базарлары жабылғанымен, есесіне «Дәулет», «Мыңбұлақ», «Достық», «Ысты» сауда орталықтары пайда болыпты. Сауда және интеграция министрлігі бекіткен жол картасына сәйкес қаладағы бес базарды толық жөндеп, 2026 жылға дейін жаңа талаптарға сай жаңғырту жұмысы қызу жүргізілуде. Бұл жұмыс сатып алушыға да, сатушыға да ыңғайлы жағдай жасау үшін қолға алынып отыр. Тарқата айтқанда, «Ауыл-Береке», «Береке», «Якка сарай», «Жібек жолы», «Салтанат» базарлары жаңғыртылуда.
Міне, осылайша тіршілігі қыз-қыз қайнаған Тараз қаласының күні жылда жоғары деңгейде атап өтілетіні белгілі. Биыл да осы мерейлі мерекені шаһар үлкен дайындықпен қарсы алуда. Мәселен, өткен сейсенбіде Ы.Дүкенұлы атындағы қалалық мәдениет үйінде «Тараз дауысы» атты әншілер байқауы дүркіреп өтті. Сәрсенбі күні «Қызыл жұлдыз» алабы, «Қызыл жұлдыз» мәдениет үйінде тұрғындар үшін «Менің Таразым» атты мерекелік концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. Кеше «NB SKY cinema» антикинотеатрында өткен «JarIQ» атты жастар интеллектуалды ойынының берері мол болды. Ертең «Март» ойын-сауық орталығында, қоғамдық көліктерде, қоғамдық орындарда «Тараз тарихының шежірелі деректері» атты әдеби круиз, сағат 19.00-де «Орталық» алаңда «Сүйікті қалам – Тараз» атты өнерпаздардың қатысуымен мерекелік мәдени-көпшілік іс-шара өтеді.
Керегесі кеңейіп, көзтарлықтай кейіпке енген көне шаөарымыз көркейе берсін! Туған күніңмен, Тараз!
Нұрым СЫРҒАБАЕВ