Қант зауытының қазығы қағылды
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Қазір ауылшаруашылығы өнімдерін терең өңдейтін бірқатар ірі жоба жүзеге асырылып жатыр. Оған отандық және шетелдік инвесторлар қатысуда. Инвестицияның жалпы көлемі 2 миллиард доллардан асады. Үш мыңнан астам жұмыс орны ашылады. Өнімдер әлемнің көптеген еліне тасымалданады. Мұндай жобалардың ауқымын кеңейту қажет. Әр аймақта дайын өнімді өндірістен дүкен сөресіне дейін жеткізетін әрбір өңірдің ерекшелігіне қарай біртұтас желі қалыптасуы керек», – деген болатын.
Бұл тұрғыда облыста бірқатар іргелі істер қолға алынған. Яғни бүгінде өңірде Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес инвестиция тарту және өңдеу өнеркәсібін дамытуға бағытталған кешенді жұмыстар жүргізілуде. Мысалы, жақында Шу ауданында жылына 1 миллион тонна жүгеріні терең өңдейтін зауыт салына бастаса, кеше Байзақ ауданында жылына 1 миллион тонна қант қызылшасын өңдейтін заманауи қант зауытының қазығы қағылды. Осы күні Тараз қаласының индустриялық аймағы алаңында ауылшаруашылық техникасын шығаруға маманданған жаңа кәсіпорынның құрылысы басталды. Салтанатты рәсімге өңірімізге жұмыс сапарымен келген Ауылшаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров және облыс әкімі Ербол Қарашөкеев қатысты.
Министр алдымен қант зауыты салынатын аумақтағы «Талап» шаруа қожалығының қант қызылшасы алқабына барды. Шаруашылық иесі Маут Фазуловтың айтуынша, мұндағы қызылша 35 алқабы гектарды құрайды. Қант зауытына аталған және тағы да бірқатар шаруашылық жер берген көрінеді.
Іс-шара барысында министр еліміз бойынша тәуелсіздік алған жылдардан бері алғаш рет салынып жатқан қант зауыты екенін атап өтті.
Жобаның инвесторы – қытайлық «Zhongkai Guoyuan Industrial Investment Co.», ал технологиялық серіктесі «Oushangyuan Process & Equipment Intelligent Co» компаниясы. Инвестиция көлемі шамамен 200 миллион АҚШ долларын құрайды. Байзақ ауданының Ақшолақ ауылы маңынан салынатын заманауи қант зауыты жобасының құны 76,8 миллиард теңгені құрайды. Зауыттың құрылыс жұмыстары барысында 1 200 адам еңбекке тартылатын болады.
Облыс әкімі өз сөзінде өткен жылы жалпы құны 214 миллиард теңгені құрайтын 35 инвестициялық жоба іске асырылғанын, ал биыл 161 миллиард теңгеге 26 жоба жүзеге асырылып, 1100 жаңа жұмыс орнын құру көзделгенін тілге тиек етті.
Жылына 120 мың тонна ақ қант, 72 мың тонна мал азығын (сығынды) және 54 мың тонна меласса өндіретін зауыт іске қосылған соң 350 адам жұмыспен қамтылса, оның 200-ден астамы тұрақты, қалғаны маусымдық жұмыспен қамтылмақ.
«Zhongkai Kazakhstan International Sugar Industry Company» компаниясының бас директоры Сяо Анбаоның айтуынша, Жамбыл облысында өңдеу өнеркәсібін дамытуға қолайлы жағдайлар мен кең мүмкіндіктер бар. Жаңа зауыттың құрылысы агроөнеркәсіптік кешенді жаңғыртудың маңызды қадамына айналып, қант қызылшасы өндірісін сапалы жаңа деңгейге көтереді.
Келесі кезекте Айдарбек Сапаров пен Ербол Қарашөкеев ауылшаруашылығы техникасын шығаруға маманданған жаңа кәсіпорынның құрылысын бастау рәсіміне қатысты.
Жобаның инвесторы – «Kaz FM World agriculture machinery» ЖШС (Nuode Network Technology Co., Ltd, Қытай). Өндіріс алаңы 5 гектарды алып жатыр. Мұнда тракторлардың сан түрін, сонымен қатар тіркеме жабдықтарын шығару көзделіп отыр. Құрылысқа салынған инвестицияның жалпы көлемі 10 миллиард теңгені құрайды. Зауыт іске қосылғаннан кейін жыл сайын 2 000 бірлікке дейін техника шығарылып, 55 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік тумақ.
Жалпы министр өңірімізге жасаған жұмыс сапары аясында облыс шаруаларымен де кездескен болатын. Орайы келгенде онда қандай мәселелер көтерілгенін сұраған едік.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ