Жаңалықтар

Кәсіпкерлер үшін жаңа жеңілдік: шоттарды автоматты бұғаттау алынып тасталады

Қаржы министрі Мәди Такиевтің айтуынша, жаңа Салық кодексінде кәсіпкерлердің банктік шоттарын автоматты бұғаттау тәжірибесі алынып тасталады, деп хабарлайды arainfo.kz

Оның орнына алдын ала камералдық тексеру енгізіледі. Бұл бизнеске қызметін тоқтатпай-ақ анықталған кемшіліктерді түзетуге мүмкіндік береді.

Жаңа кодекс азаматтарға да жеңілдіктер ұсынады: зейнетақы төлемдері жеке табыс салығынан босатылады, 10 жылдан асқан автокөлікке салынатын салық төмендетіледі, мүгедектігі бар азаматтар үшін шегерімдер кеңейтіледі, әлеуметтік маңызы бар медициналық қызметке ҚҚС жеңілдігі қарастырылған.

Ал бизнес үшін арнайы салық режимі оңтайландырылып, үш түрі ғана қалады: өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға, шағын бизнеске арналған жеңілдетілген декларация және фермерлер үшін. Сондай-ақ ҚҚС бойынша міндетті тіркеу шегі 70 млн теңгеден 40 млн теңгеге дейін төмендетіледі.