Жаңалықтар

Мектептерде жасанды интеллектіні жауапкершілікпен қолдану бойынша оқыту басталды

Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы еліміздегі барлық мектеп педагогтеріне арналған жаңа оқыту курстарын іске қосты, деп хабарлайды arainfo.kz

Бағдарламаның басты мақсаты – мұғалімдердің білім беру үдерісінде жасанды интеллектіні (ЖИ) жауапкершілікпен пайдалану қағидаттары жөнінде түсінігін қалыптастыру.

Оқыту барысында этика мен қауіпсіздік мәселелеріне ерекше назар аударылады. Атап айтқанда:

  • баланың игілігін басымдыққа алу;
  • академиялық адалдық пен дереккөздерді дұрыс көрсету;
  • заңдылық пен дербес деректерді қорғау;
  • жас ерекшелігін ескеру және педагогикалық бақылауды қамтамасыз ету.

Сонымен қатар жасанды интеллектінің шектеулері мен алгоритмдік бейтарап еместігінің ықтималдығы да талқыланады.

Курс аясында педагогтерге сабақ мақсатына сәйкес құралдарды дұрыс таңдау, алынған жауаптарды сыни тұрғыдан бағалау, әдістемелерді жетілдіру жолдары ұсынылады. Ал оқушыларға ЖИ-дің табиғаты мен шектеулерін түсіну, жауаптарды түзету немесе қабылдамау, ықтимал бейтарап еместікті анықтау және академиялық адалдық қағидаттарын ұстану дағдылары үйретіледі.

Бағдарлама ресми құжаттарға сүйеніп әзірленді:

  • «Орта білім беру жүйесінде жасанды интеллектіні қолданудың этикалық стандарттары»;
  • «Оқу үдерісінде жасанды интеллектіні этикалық қолдану жөніндегі нұсқаулық».

Ұлттық білім академиясы орта білім беру жүйесіне инновациялық тәсілдерді енгізуді жалғастыруда. Академияның бастамасы мұғалімдерге әдістемелік қолдау көрсетіп қана қоймай, оқушылардың заманауи технологияларды жауапты әрі саналы қолдану мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді.