Банктерге қатысты заң халықаралық стандарттарға сәйкестендіріледі
Мәжілістің Қаржы және бюджет комитетінің төрайымы Татьяна Савельеваның жетекшілігімен «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» заң жобасы мен оған қаржы нарығын реттеу мен дамыту мәселелері бойынша ілеспе түзетулердің таныстырылымы өтті. Отырысқа Палата вице-спикері Дания Еспаева қатысты.
Дания Еспаева банктер туралы жаңа заң Мемлекет басшысының өткен жылғы Жолдауындағы тапсырмасы аясында әзірленгенін айтты. Сол кезде экономикалық белсенділікті ынталандыру, қаржы секторын одан әрі дамыту міндеті қойылған болатын.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мәдина Әбілқасымова заң жобасының негізгі ережелерімен таныстырды. Оның айтуынша, құжат 1995 жылғы ескірген заңның орнын толтырып, реттеуді заманауи әрі халықаралық стандарттарға сәйкестендіреді.
Ол заң жобасында лицензиялаудың жаңа тәсілдері ұсынылып отырғанын – базалық және әмбебап банк лицензияларының үлгілері енгізілгенін, бұл бәсекелестікті арттырып, банк нарығына қолжетімділікті жеңілдететінін атап өтті. Жеке блок исламдық қаржыландыруды дамытуға арналған. Әмбебап банктерге жеке құрылымдар құрмай-ақ «исламдық терезелер» ашуға рұқсат беріледі.
Цифрландыруға көп көңіл бөлінеді. Жоба цифрлық теңгенің мәртебесін қамтамасыз етеді және цифрлық қаржы активтерінің айналымын реттейді, қаржы технологиялары мен экожүйені дамытуға мүмкіндік береді.
Мәдина Әбілқасымова құжат тұтынушылардың құқықтарын қорғауды күшейтетінін айтты. Мінез-құлықты қадағалау енгізіліп, қаржылық омбудсменнің бірыңғай кеңсесі құрылады. Проблемалық банктер үшін үш сатылы есеп айырысу жүйесі қарастырылған, корпоративті басқаруда тәуелсіз директорлардың рөлі күшейтіліп, қайталанатын нормативтік құқықтық актілер алынып тасталған.
Сонымен қатар заң жобасы дағдарысқа қарсы реттеудің үш кезеңді моделі – күшейтілген қадағалау, қалпына келтіру реттеу режимдері белгіленген. Ол халықаралық стандарттарға сәйкес келеді және салық төлеушілердің қаражатын тартпай-ақ экономика тәуекелдерін барынша азайтады.
Қаржы нарығын реттеу мен дамыту мәселелері бойынша ілеспе түзетулер бойынша Ұлттық банк төрағасының орынбасары Берік Шолпанқұлов баяндама жасады. Ол жобаның үш бағытты қамтитынын айтты. Олар: цифрлық теңгені енгізу, цифрлық қаржы активтерінің инфрақұрылымын дамыту және төлем ұйымдарына қойылатын талаптарды күшейту. 7 кодекс пен 35 заңға өзгерістер мен толықтыру енгізілген.
Оның айтуынша, цифрлық теңге ұлттық валютаның жаңа түріне айналып, есеп айырысулардың ашықтығы мен қауіпсіздігін жақсартады. Оны пайдалану жолдарды салу және жөндеу, фермерлерді несиелендіру және субсидиялау және басқа да салалардағы пилоттық жобаларда тиімділігін көрсеткен. Мәселен, қосылған құн салығын қайтару 55 күннің орнына 15 күнге дейін жеделдеді, қаражатты мақсатсыз пайдалану тәуекелдері азайып, мемлекеттік сатып алулар кезінде бағаның негізсіз айырмашылығы жағдайлары анықталған. Бүгінгі таңда цифрлық теңгенің қолданылу аясын кеңейту жалғасуда.
Баяндамаларды тыңдаған депутаттар заң жобалары бойынша өз ұсыныстарын айтты. Атап айтқанда, жауапты мемлекеттік органдардың өкілдеріне банк пен қарыз алушы арасындағы қарым-қатынасты реттеу жүйесін енгізу, банктегі қызмет көрсетуде жасанды интеллектті пайдалану, азаматтардың салымдары мен жеке деректерінің сақталуын қамтамасыз ету, қарыз алушыларға несие алуға өтініш берген кезде таңдау құқығын беру, банктердің мемлекет алдындағы берешегін өтеу және басқа тұлғалардың төлем қабілеттілігін реттеу және басқа да мәселелер бойынша сұрақтар қойылды. Бөліп-бөліп сатып алу кезінде тауарлардың өзіндік құнына қосылатын жасырын пайыздық мөлшерлемелерді жою мүмкіндігіне, несиелер мен депозиттер бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесін ашық қалыптастыруға ерекше назар аударылды.
Заң жобалары бойынша жұмыс тиісті комитет төрайымы Татьяна Савельеваның жетекшілігімен Мәжілістегі жұмыс тобының отырыстарында жалғасады.
mazhilis.parlam.kz