Жаңалықтар

Өрт қаупі бейнекамерамен бақыланады

Цифрландыру үдерісі аясында экология саласында маңызды жаңалық орын алып, орман өрттерін ерте анықтауға арналған автоматтандырылған жүйе іске қосылды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Дмитрий Мун хабарлады.

Баяндамашының айтуынша, жаңа жүйе орман өрттеріне жедел әрекет етуді 3 есеге жеделдетіп, өрттің таралу ауқымын 20 есеге дейін азайтуға, сондай-ақ өртті сөндіруге кететін шығындарды 15 есеге қысқартуға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда 1,3 миллион гектар орман аумағында 148 бейнебақылау камерасы орнатылған.

Сонымен қатар, экологиялық мониторинг саласында да цифрлық шешімдер жүзеге асырылуда. Енді бұрынғыдай қағазбастылық пен қолмен есептеулердің орнына, экологиялық деректерді автоматты түрде жинайтын бірыңғай цифрлық платформа жұмыс істейді. Кәсіпорындар мұржаларына орнатылған арнайы датчиктер арқылы әр 20 минут сайын интернет арқылы ақпаратты тікелей платформаға жолдап отырады. Қазіргі таңда табиғатты пайдаланушы 91 кәсіпорынның 76-сы бұл жүйеге қосылған.

 

Айжан ӨЗБЕКОВА