ЖИ-ді білім беру жүйесіне енгізудің ұлттық моделі бекітілді
Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев пен Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев 2025-2029 жылдарға арналған орта, техникалық және кәсіптік, сондай-ақ орта білімнен кейінгі білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні енгізудің тұжырымдамалық негіздерін бекіту туралы бірлескен бұйрыққа қол қойды.
Құжат Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында берілген тапсырмасы аясында әзірленіп, білім беру жүйесін жаңғыртудың маңызды кезеңіне айналды. Алғаш рет білім беру саласында жасанды интеллектіні қолданудың бірыңғай ұлттық стандарттары бекітіліп, оған этика, құқықтық реттеу, дербес деректерді қорғау және академиялық адалдық мәселелері енгізілді.
Тұжырымдама мектептерді, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарын қамтиды. Ол ЖИ арналған тақырыптарды оқу процесіне енгізуді, цифрлық оқулықтар шығарушы, білім алушылардың ЖИ бойынша сауаттылығын қалыптастыруды, жобалық қабілеттерді дамытуды, сондай-ақ оқытушылардың біліктілігін Acquire → Deepen → Create үш сатылы үлгісі бойынша жетілдіруді қамтамасыз етеді.
Құжатта баланың құқықтарын қорғау мен педагогтің кәсіби беделін сақтау мәселесіне айрықша мән берілген. Мектептер мен колледждерде жасанды интеллектіні пайдаланудағы этика мен академиялық адалдықтың ортақ қағидалары бекітіледі.
Ал Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев білім беру саласына жасанды интеллектіні енгізу Қазақстанның ауқымды цифрлық жаңғыру стратегиясының құрамдас бөлігі екенін атап өтті.
Айта кетейік, 2025-2026 оқу жылынан бастап «Цифрлық сауаттылық» пен «Информатика» пәндеріне жасанды интеллект элементтері енгізілді. Оқушылар үшін Day of AI әдістемелік кешені әзірленіп, педагогтер үшін арнайы біліктілікті арттыру бағдарламалары іске қосылды.
Қазақстан ЮНЕСКО, ЭЫДҰ және Еуропалық одақтың ұсынымдарын негізге ала отырып, бұл бағытта өзіндік ұлттық жолын айқындаған алғашқы елдердің бірі болды.
Айжан ӨЗБЕКОВА