Цифрлық Қазақстан

Адами капитал және цифрлық жаңғыру

Бүгінгі таңда облыста білім саласы қарқынды түрде цифрландырылып жатыр. Өңірдегі интернет жылдамдығы 20 Мбит/с-тен жоғары мектептердің үлесі өткен жылмен салыстырғанда 97,3 пайыздан 100 пайызға дейін артты. Сонымен қатар, республикалық деңгейде жүзеге асырылып жатқан «Starlink» жобасы аясында облыстың 72 мектебінде интернет жылдамдығы 150 Мбит/с-қа дейін жеткізілді. Бұл ауыл-аймақтардағы білім беру мекемелерінің де жоғары жылдамдықты интернетке қол жеткізуіне мүмкіндік беріп отыр.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Сайлауалды бағдарламасын іске асыру аясында облыстың 182 мектебінде аппараттық-бағдарламалық кешендер енгізілуде. Бұл кешендерге тегін тамақтануды есепке алу жүйесі (электронды асхана), оқушылардың мектепке кіруі мен шығуын бақылау жүйесі (турникеттер), электронды кітапхана, ата-аналарды уақытылы хабардар ету, ас мәзірін көрсету, сондай-ақ барлық мектептердің деректерін жинақтайтын графикалық интерфейсі бар интерактивті аналитикалық панельдер кіреді. Мұның бәрі мектептердің басқару тиімділігін арттырып қана қоймай, ата-аналармен ашық әрі жедел байланыс орнатуға мүмкіндік береді.

Облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Нұрбек Оршыбеков Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында білім беру саласы қызметкерлерінің алдына адам капиталын дамытуға қатысты жаңа міндеттер жүктегенін айтады.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «Бағдарламалау негіздері» онлайн білім беру платформасы облыстың 8 мектебінде іске асырылуда.

Бүгінгі таңда облыстың білім беру ұйымдары түрлі цифрлық платформаларды, жасанды интеллект құралдарын пайдаланады. Жас мамандар арасында жаңа технологияларға қызығушылық жоғары.

Дегенмен, мәселелер де жоқ емес. Атап айтқанда, инфрақұрылымдық шектеулер, шалғай ауыл мектептерінде интернеттің, материалдық-техникалық базаның әлсіздігі қиындықтар туындатуда. Сонымен қатар оқушылардың өз бетімен ойлану қабілетінің төмендеуі байқалуда. Жасанды интеллекттен дайын жауапты көшіру әдетке айналған. Оқушылардың көпшілігінің ақпаратты сыни тұрғыда бағалау, цифрлық этика, киберқауіпсіздік мәселелерінде жеткілікті білімдері жоқ, – деген басқарма басшысы аталған проблемаларды шешу мақсатында бірқатар бағыт бойынша нақты жұмыстар атқарылып жатқанын жеткізді.

Мәселен педагогтерді жасанды интеллект құралдарын қолдануға үйрету мақсатында «AI-Teacher» жобасы іске қосылыпты. Бұл бастама ұстаздардың жаңа технологиялармен жұмыс істеу дағдыларын дамытуға бағытталған. Сонымен қатар, «Smart-Mektep: жасанды интеллектпен оқимыз» жобасы облыстық дарынды балаларға арналған IT лицей-интернаты мен Тараз қаласындағы №1 және №24 гимназияларда 1 қыркүйектен бастап пилоттық жоба ретінде енгізіліпті. Жоба аясында оқушылардың ЖИ технологияларымен танысуына, оларды сабақта тиімді қолдануына жағдай жасалуда.

Цифрлық сауаттылықты арттыру мақсатында да кешенді іс-шаралар жүргізілуде. Атап айтқанда, жаңа оқу жылының басынан бастап барлық білім беру ұйымдарында «Цифрлық сауаттылық апталығы» өтуде. Одан бөлек жасанды интеллектті қолдану бағытындағы жобаларды жүзеге асыру, сыныптан тыс жұмыстар мен танымдық іс-шаралар өткізу, сондай-ақ «Өңірлік үздік стартаптар» байқауын ұйымдастыру секілді жұмыстар қолға алынған.

Білім беру саласына енгізіліп жатқан барлық бастамалар тек ағымдағы оқу жылымен шектелмей, болашақта барлық мектептерге кеңінен таратылады деп күтілуде. Сонымен қатар, оқушылардың шығармашылық қабілетін, инновациялық ойлауын, сыни тұрғыдан сараптау машығын дамытуға бағытталған жобалар, зияткерлік байқаулар мен стартап идеяларға қолдау көрсету жұмыстары жалғасады.

Цифрлық білім беру – бұл тек технологияларды енгізу емес, бұл – жаңа көзқарас, жаңа әдіс, жаңа педагогика. Оқытудың цифрлық құралдары арқылы әрбір оқушының жеке қабілетін, қызығушылығын, даму қарқынын ескере отырып, дербестендірілген білім беру модельдері қалыптасуда. Мұндай модельдер әсіресе ауылдық мектептер үшін аса маңызды. Себебі цифрлық ресурстардың көмегімен олар да үздік ұстаздардың, сапалы контенттің, заманауи зертханалардың көмегіне жүгіне алады.

Басқарма басшысының айтуынша, жасанды интеллект пен цифрлық трансформация – болашақтың басты бағыты. Сондықтан мұғалімдер де енді дәстүрлі оқыту әдістерінен бас тартып, заманауи цифрлық құралдарды қолдану арқылы сабақты жаңа деңгейде жүргізуді үйренуі тиіс.

Облысымызда жүзеге асып жатқан бұл ауқымды жобалар – ел Президентінің тапсырмаларын іске асырудағы нақты істердің көрінісі. Цифрландыру арқылы білім беру сапасы ғана емес, мектеп ішіндегі қауіпсіздік, әлеуметтік әділеттілік, оқушы мен ата-ана арасындағы сенімді байланыс, оқу үдерісінің ашықтығы мен тиімділігі артып келеді. Бұл – білім беру саласындағы адам капиталының дамуына үлкен үлес қосатын маңызды бетбұрыс.

Айжан ӨЗБЕКОВА