Мәдениет

Жайлаукөл кештері

Жерлесіміз, белгілі композитор, Қазақстанның Еңбек Ері, Жамбыл облысының Құрметті азаматы Илья Жақановтың «Жайлаукөл кештері» атты әні халық арасына аңыз болып тарап кеткені мәлім. Бұл әнге қызыққан жұрт әлі күнге оның кейбір құпия сырларын білгісі келеді. Осы орайда сазгер өз әндерінің тарихы туралы баяндайтын «Еділ-Жайық» атты кітап жазып, жарыққа шығарды. Сол жинақтың ішіндегі бір әңгімесі «Жайлаукөл кештері» деп аталады. Газетіміздің «Таным таразысы» аясында ғажайып әннің тарихы туралы шығарманы оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.

РЕДАКЦИЯДАН

 

Мен 1971 жылы ақпан айында  кезекті демалысымды  Шу бойындағы «Сарысу» совхозының орталығы  Жайлаукөлде  өткіздім. Ықылас күйшіні көрген  көне көздер мен оның  туған-туыстарынан жазам деп жүрген романыма материал жинадым. Жайлаукөлді бұрын көрген жоқ едім.

Жайлаукөл – ұзын аққан Шудың иірімі мол саласынан бөлініп шығатын арналы көл. Оған жапсарлас Қамқалы деген көл бар. Ерте замандарда  Жайлаукөлдің жағасы дүрілдеген оқиғаларға толы құтты мекен болыпты. Сол кездегі  ас пен тойлар, жер мен жесір дауы дегендер осы жерде  дүрілдеп өтіп жатыпты. Көлдің жағасы толқындай толқыған көк майса, бал құрақ. Көл бетінде  сыңсыған  аққу - қаз. Байлар тіккен ақбоз үйлер мүлгіген Шу бойын сәулетті етеді екен. Көл маңайы ұлан жаз бойы тозбаған.

Жайлаукөлдің  күңгей жағы, яғни, қатар ағатын Талас өзеніне бейім тұсы ұзыннан-ұзақ созылып жатқан Мойынқұмның ақ шағыл құмы ғой, ол  батысқа қарай  созылып, сұлай береді.

Табиғаттың мінезі де  адамның мінезіндей құбылып тұрады. Жайлаукөл кейінгі елу-алпыс жылдардың мұғдарында  өзінің бағзы замандық  жаннат  келбетінен  көп  өзгерген.

Мен  Жайлаукөлге  келгенде  қар қалың екен. Белуардан. Тұп-тұтас сықиып жатыр. Арқа жақтан  соққан ызғырық өңменіңнен өтеді. Далада сәл жүрсең тісің–тісіңе тимей сақылдап, бүрсең қағасың. Ызғары жан шыдатпайды. Бұл жерде  «Сарысу», «Қамқалы», «Шығанақ» дейтін үш іргелі совхоз бар. Аралары жап-жақын. Жайлаукөлдің тұсында  Кеменнің  Қарасуы деген биік дегерездің үстінде  Ықылас күйшінің  бейіті анадайдан жарқырап көрінеді. Мен уақытты текке өткізбей Ықыластың басына барып, құран оқытып, осы жерлердің бәрін аралап, қария сөзді кісілерден бұрын-соңды естіп көрмеген қым-қиғаш дерек жинадым.

Ат басын тіреп түскен үйім-өзіммен құрдас, туысым Әпсейіттің үйі.

Әпсейіт, тағы бір қатар өскен туысым  Айтбек  екеуі зоовет институтта сырттай оқып жүріп біздің үйге жиі келетін-ді. Екеуі де   мінезі жұмсақ, мейірімді, балажан. Балаларымызды еркелетіп сондай жақсы көрді. Әпсейіт домбыраны әдемі шертеді. Көп  сөйлемейді. Бір сөйлесе не болса соған шегі қата күледі, оған қоса түсінсек те, түсінбесек те біз де күлуші едік.

Мен Жайлаукөлге келісімен Әпсейіттің үйінде менімен сәлемдесеміз деп ауыл адамдары жиі бас қосты. Бәрі сағынысып қалған. Әр үй кезекке тұрып, таласа шақырысты. Соның бәрінде  Ықыластың туыстары, иә, өз кіндігінен тараған немерелері-Ермекбай, Ильяс, Құлыншақ, Дастан, олардан жас, бізбен замандас Дәулет, басқа да  толып жатқан ел кісілері Ықыластың  беймәлім өмірінің көп әңгімелерін тірілтті.

Далада сірескен қар. Қызылшұнақ аяз. Бет қаратпайды. Жалап тұр. Қонақ болған үйде қыруар сөздің тиегі ағытылады. Сол  ұзақ отырыстардан кейін біз «бір мезет таза ауа жұтайық» деп тысқа шығамыз. Өртеніп, қызылжалқынданып күн батып бара жатады. Өзгені қайдам, өз жүрегім осы бір көрініске қызығып толқи берді. Бір жолы тіліме «Алаулап күн батса, қырды асып» деген сөз үйіріле кеткені. Соны іштей көп қайталай бердім. Жай ғана сөз емес, «әуез бе, құдай-ау?» деп өзіме -өзім таңғалам. Табиғаттың  сұқтандырып қойған осы көрінісін күнде көріп жүрдім. Күнде дәл осы сәт мені  тебіреніс отына  күйдірді.

Ертең «Ан-2» ұшағымен (иә, мұны жұрт «кукурузник» деп атайды) Алматыға қайтам деген күні  бізді  Ықыластың немересі  Құлыншақ ақсақал қонаққа шақырды. Бұл бір  аңқылдаған ақкөңіл адамның үйінде  осында келгелі бір-екі рет болғам-ды. Бұл жолы да үлкен отырыс жасады. Қонақтардың ішінде  тағы да –Ермекбай, Ильяс, Дастан, Дәулет,  ауыл жігіттерінен Әпсейіт, Қожақұл, Ермек, Керейбай сияқты  әңгімешіл, серілеу азаматтар бас қосты.

Ермекбай – Ықыластың тұңғышы Дүйсебайының баласы. Біздің әкейлермен қатар кісі. 1916 жылы ақпан айында  Ықылас қайтыс болғанда ол кісінің сүйегі  артылған түйені ырым қылып, алты жасар осы Ермекбайға жетектеткен екен. Ықылас атасының  зәу-затын, келелі-келелі оқиғаларын, күйлерінің қалай туған тарихын терең білетін жан. Сөзінің қоспасы жоқ. Тура сөйлейді. Мінезі қатал. Ол Ильяс, Құлыншақ, Дастандардың сөздерін електен өткізіп, дәйім түзеп жүретін көрінеді. Ермекбайдан сөз алу оңай емес, бірақ, осы жолы ол тосын әңгімелерге қарық қылды. Мәселен, Ықыластың қырғыз манабы Шабданмен, оның ақ ордасындағы күйшісі  Күреңкеймен қарым-қатынасын тәптіштеп тұрып айтты. Содан кейін Ықыластың бірінші жары -Күнікей мен екінші әйелі Құлғанысты көп сөз етті. Ұлытауды жайлаған Бағаналы Найманның алпауыты Ерден-Дүзенмен Ықыластың достығы да  ұзақ жыр екен. Соның себепшісі болған өзіміздің елдің бір тұтқасы, сөзі дуалы Қазы деген кісінің парасатын да біраз толғады. Не керек, бұл үйдегі соңғы жиын, соңғы әңгіме менің көңілімді көтергені сонша, мен Ықыласты  тірілткендей шалқып отырдым. Мені шабыт қысты. Арқаның алуан-алуан әндерін шырқап, көп дуылдастық.

Бір кезде мінезі елгезек, қырғыз, қазақ әнін бірдей төгетін сері көңілді  Ермек: «Ә, Ілеке, Құдай қаласа, ертең Алматыға жүресіз. Сіз бүгінде қалалық болып кеттіңіз. Бар өміріңіз Алматыда өтіп жатыр. Бұл жер сырт көзге  қу медиен құлазыған бір дүние. Иә, біздің мекеніміз -  осы дала! Жайлаукөл! Біз үшін - Мысыр шаһары! Бұны біз еш жерге  айырбастамаймыз! Бұл жердің иесі - біз және мыңғырған киіктер. Ешқайда  кеткіміз де келмейді. 

Сіз мынадай қақап  тұрған қыста келдіңіз. Ауылдан олай-былай шығып көріңіз, жол жоқ. Қар жамылған ақ дала.

Наурыз, сәуір айларында  келіңізші, сіз, мына даланы танымай қаласыз. Оған таңданбаңыз. Іргемізде толып аққан Шу дариясының жібек лебімен тербелген нар қамыс,  малға да, жанға да ықтасынды жер. Баяғыда оның арасында  жолбарыс жүреді екен. Кәнігі ескі аңшылардың  айтуына қарағанда, сол жолбарыстың ең соңғысын жұртты жаппай кәнпескелеп жатқан нәубетті жаман жылдарда бір аңшы атып алыпты деген сөз бар.

Жайлаукөлдің ақ айдынында  сылаң қаққан аққу-қаздар сайран, о, шіркін, солардың сырнайдай   сыңсыған үндері! Мына даланы тербейді-ау бір, тербейді. Оған тек құлақ түр де қара да тұр. Бір таңғажайып ертегі дүниесі ол! Дүниедегі құс атаулының бәрі Жайлаукөлдің үстінде шуласады. Ақ айдында билейді.

Жайлаукөлден былай қырға қарай құмға шығып көр, жал-жал шағыл… Иә, бұл жерді біз «жал» дейміз. Осы жалдардың бір тұсын «Бура тышқан» дейді. Олай дейтіні-ертеде байлар ырғалып-жырғалып көшіп келе жатып, дәл бір  биік шағылға келгенде түйе біткеннің бәрі бақырып-шақырып, бір қадым баса алмай жатып алады екен. Тіпті,  азулы буралардың өзі де қиналып тышып жібереді деседі. Алтындай жарқыраған сол шағыл, иінтірескен сексеуіл тоғайы, алқызыл гүлі төгілген жыңғылы, осының бәріне ерекше көрік, сән берген құмдағы лала гүлдер  көз жауын алады. Жаратылыстың осы бір исінген, иіген, шуақты, сәулелі рахат шағында келсеңіз ғой, ә, дүние! Сонда сіз шоқат-шоқат құм арасында қол ұстасып гүл терген жастардың сыңғыр-сыңғыр күлкілерін, аңсаулы, арманды әндерін естір едіңіз. Махаббат-ол! Жастық сайран! Жас дәуреннің қайта оралмайтын қадірлі, мөлдір  сәті ол!

Дала өмірі! О, біз осы жаннат өңірдің   қызығын көріп отырмыз, -деп көтеріле, лепіре, қызу қанды ақынша мақтана  сөйледі.

Осы сөздер айтылып жатқанда менің жүрек пернемде:

Алаулап күн батса, қырды асып,

Кетуші ек, қалқатай, сырласып.

Ұмытсам сол күнді, сол күнді кеш мені,

Есте ғой, дариға, Жайлаукөл кештері, - деген шәрбәт әуездің шертіле қалғанын ешкім де  сезген жоқ. Тек өз жүрегім ғана!

Ет желінді. Тағы да біраз әңгіме өріс жайды. Мен оның бірде-бірін елегем жоқ. Менің санамда  жарқ ете түскен жаңа әннің иірімдері сыртқа шыққысы келіп, бұлқына тепсінді. Дәл осы сәтте Құлыншақтың мұғалім болып істейтін Рахат дейтін (ұмытпасам осылай болу керек) баласы  келе қалды. Бет-ауызы ақ қырау, құшағында баяны. Осы ауылдың музыканты. Мектептегі  бір әдеби кештен қайтқан беті. Рахат өз бөлмесіне барып, шешініп келді де, пештің аузында  екі қолын уқалап, біраз жылынып алды.

Шай үстінде  ол баянмен біраз әндер айтты. Сол әндердің ішінде «Япурай», «Хорлан», «Ләйлім», «Сырымбет», «Қаракесек», «Қаламқас» әндері мені ерекше баурады. Оның аса қуатты, жанға жайлы, сондай жарқын, кең тынысты, «бархатный» дейтіндей баритон дауысы бар екен. Мен оған ым қағып: «Жайлап қосыла бер», - дедім.

Ілкімді, сезімтал жігіт ботакөзі жалт-жұлт етіп, күлімсіреп, менің емеурінімді түсіне қойды. Баянын әкеліп, жай ғана бір аккордтарды берді. Мен әуелі ақырын ыңылдадым. Сосын жүрегімде тыпыршыған жалғыз шумақты жайлап, өте сақтықпен әуендетіп айттым. Рахат баянды жеп-жеңіл лыпылдата қосты. Жұрт  селт етпей тынып, үн-түнсіз ұйып тыңдады. Сездім. Бәріне бейтаныс ән. Ішіндегі шыдамсызы Ермек елең ете түсіп: «Оу, Ілеке,  біз естімеген қандай ән, бұл?» –деді.

Мен сол іштей толқыған күйі, жымиып: «Жайлаукөл кештері»,  –дедім.

Ертеңінде жайлаукөлдік ағайындар мені «АН-2» ұшағына  отырғызар алдында «Жайлаукөл кештері» әнін айтып, дуылдаса шығарып салды.

 

                                             ***                                                      

1971 жылдың тамыз айы. Бір күні біздің үйге Қайрат Байбосынов, жаңа ғана қосылған келіншегі Рабиға екеуі келе қалды.

Біз бұларды қуана қарсы алып, шай үстінде  оларға бақыт тілеп, «Отауларың құтты болсын!» деп құттықтап, қолпаштап отырдық. Мен әңгіменің бір тұсында  Қайратқа  «Жоғалып кетпей жиі келіп тұр, Біржан сал, Ақан серіден бастап, күллі сал -серілердің әндерін  дайындаймыз» дедім, зілді үнмен. Қайрат  өзінің жұмсақ мінезімен бас изеп, «мақұл, мақұл!» деп балаша елпектеді. Бірақ, әлгі сөзме өзім де ыңғайсызданып, сәл жұмсарып, жібігендей болып: «Мына бір әнді тыңдашы» дедім. Сөйттім де  жай ғана  ыңылдап, жарты дауыспен «Жайлаукөл кештерін» айттым. Біз бұған дейін бұл әнді  әбден жаттап та алған едік. Сөзін де толық бітіргем-ді. Әнге бірден елең еткен Қайрат жүзі бал-бұл жанып, қабырғада сүйеулі тұрған домбыраны алды да қаз-қалпында  шертті. Бір қатесі жоқ. Біз қайран қалдық. Таныс емес әнді бірденнен қағып алу бұл не деген керемет болмыс?! Мен   орнымнан тұрдым да  пианиноның үстінен  бір бет қағаз алып, тез-тез  үш шумақ өлеңін жазып, Қайраттың  алдына қойдым.

Қайрат «Жайлаукөл кештерін» шалқытты. Оған кең тыныс берді. Сұлулық дүниесіне құштар қылып қойғанын, романтикалық қиялдың шарықтап кеткені таң-тамаша қалдырды. Жан-жүректі толқытып, күйдіріп-жандырып жіберді.  Шіркін жастық! Тек ән сөзінің «Ұмытсам сол күнді» деп келетін осы бір жолдарын қысыңқы үнмен үзілдіріп айтқанына   басымды шайқап, онша келіспей, қабағым шытылды. Сосын «Жаңағы бір жерін Жүсекең сияқты қыспай айт!» деп тағы бір нықыртып қойдым. Қайрат қысылып: «Әскерде ән салуды да ұмытып қала жаздадым, Іл-аға, қайта менің бағыма бір өнерді сыйлайтын сергек сезімді командир кез болып, менің әндерімді тыңдап, маған көп мүмкіндік берді. Солдаттың ит бейнетінен құтылып, дем алып, жайбарақат ұйықтап, әндерімді қайта жаңғыртып, өнерпаздардың концерттеріне қатысып, емін-еркін жүрдім. Тіпті, қазақ әндеріне қоса орыстың, украйнның халық әндерін де айттым. Қазір енді оқуыма кірісіп жатырмын. «Жайлаукөл кештерін» шама келгенше өз мәнеріме түсіремін» деді. Мен үндемей бас изей бердім. Қайраттың әлгі сөзіне еш уәж айтқан жоқпын. Қалай болғанда да өзіне деген  ризалығымды  сезіп,   Қайрат өзгеше бір рахат сезімде отырды.

Қайрат Байбосыновтың репертуары өте кең. Домбырамен айтатын дәстүрлі әншілердің ешқайсысына ұқсамайды. Үн бояуы, яғни, тембірі, мәнері мүлде өзгеше. Домбырасы ағылып, төгіліп, шалқып жатқан өзінше бір оркестр. Домбыра үнінің осынша зор екенін тек  Қайраттың шертісінен ғана байқаймын. Мен қызығам оған. Әр иірімі таң-тамаша қалдырады. Кейде менің, мысалы, «Түнгі сыр» , «Ақ қайың», «Жалғыз қайық» сияқты әндерімді қоңырлата шерткенде гитар үнін естимін. Гитар үнін! Мұны не деуге болады? Екі шектің адам қиялы жетпейтін мүмкіндігін, иә, үн құдіретін ашуы ма? Солай болар тегінде. Қайраттың әр әні талай әншіні ішқұса қылып іштей тындыратын бір-бір керемет. Әсіресе, «Қыз Жібек» фильміндегі Төлегеннің әнін айтуы, о, ол қандай көрініс!  Даланың өз тынысы!

Қайраттың орындауында «Жайлукөл кештері» радиодан айтыла бастады.  Оған қызыққан жастар  өзгеше бір романтикалық әсердің әуресіне түскендей, Жайлаукөл деген жерді көруге ынтық болып, радиоға толассыз хат жазды. Ән жайында  неше түрлі аңыздар кетті, өзге түгіл өзімді таңғалдырып. Қайраттың әншілік жұлдызы жарқырай түсті.

                                             ***

«Жайлукөл кештерінің» бір хикаясы... Бұл - 1972 жылдың жазы.   Жамбыл қаласындағы  Гидромелиоративтік институттың құрылыс отряды -құрамында төрт жүзден астам студент бар, ондаған машина колоннасымен ұрандатып, музыкалатып,  жалаулатып Жайлаукөлге келеді.                                              

Төңірек тым-тырыс бір тылсым  әлем. Мидай дала. Бір жағы бұрқыраған құм. Екінші жағы –Шудың бойы,  мүлгіген қамыс. Құла  түзде Жайлаукөл тұр, бар дүниеден бөлектеніп. Күн ыстық. Бұлар сол  ошарыла келіп тоқтаған сәтте совхоз басшылары алдарынан шығып, жандары қалмай қуана қарсы алады. Бірақ, олар «Біз осы қайда келдік?» дегендей  дүрдиіңкіреп, бейтаныс жандарға тосырқай қарап, машинадан түспейді. Жөн сұрасқан кісілерге: «Біз Жайлаукөлге барамыз!» дейді командирі.  Ауыл адамдары бұл сөзге  аң-таң болып күліседі. Аналар сол тұрған күйінде былқ етпейді. Біреулер студенттердің мына тұрысына жыны келіп,  торсаңдап ашуланады. Сосын кеуделеп, тізеге басып сөйлейтін совхоз директоры Сапар: «Діттеп келген Жайлаукөлдерің –осы! Біздің совхоздың  үйлерін, қораларын  саласыңдар. Жатын жерлерің дап-дайын тұр. Бәрін әзірлеп қойдық. Жайлаукөл –осы! Күтіп отырмыз сендерді. Түсіңдер!» деп ашуға басып, дүңк ете түседі.

Студенттер қозғалмайды. Командирі «Бұл- Жайлаукөл емес!» деп бетбақтырмайды. Өстіп тәжікелесіп тұрғанда  аппақ шаңды бұрқыратып, бір «Уазик» келіп тоқтай қалады. Ішінен үсті-басын қағынып, үш-төрт адам түседі. Араларында  аудандық атқару комитетінің төрағасы Қырықбай Асанов.

Қырекеңнің құлағының  мүкісі бар. Жұртпен дауыстап, қатты сөйлеседі. Бірақ, жаны жайдары, елге жайлы,  тоқтамды адам. Тірлігі  тасыр-тұсыр болғанмен бар істі жан-тәнімен   тиянақты істейтін жан. Қырекең студенттердің мына тұрысын сұрап-біліп, мән-жайды түсінгендей болып: «Оу, батырлар, Жайлаукөл осы! Түсіңдер» дейді өзі шегі қата күліп. Ал,  командир «Түспейміз. Біз Жайлаукөлге барамыз. Бізге жол көрсетіңіздер!» деп мізбақпайды. Қырекең күлген бойы командир тұрған бірінші машинаға келіп, оған сәлемдескен болып қолын ұсынады. Ана жігіт иіліп, қолын береді. Сол кезде  ашуға булыққан Қырекең жігітті  машинадан жұлып алады. Жерге түсірген соң біраз сілкілеп, «Түкке түсінбейтін не деген сұмдықсың, Жайлаукөлің –осы! Осы!» деп оны аюдай ақырып, бүріп жібере жаздайды. Сол айқайдың үстінде апыл-ғұпыл студенттердің бәрін түсіреді. Олар Қырекеңнің айқайынан зәрелері ұшып, солдаттарша   сап түзеп, сықиып тұра қалады. Қырекең үлкен армияның  алдында сөз сөйлеген генералша сұс танытып: «Бұл-Сарысу ауданы! «Сарысу» совхозы! Бұл-сендер іздеп келген Жайлаукөл! Мен-райисполком председателі Қырықбай Асановпын! Салатын құрылыс жұмыстарының бәрі  осы  Жайлаукөлде!» деп дауысы айдаланы жаңғыртып, студенттердің зәресін алып, әп-сәтте тәубасына келтіреді.

«Жайлаукөл кештері» - студенттерге жер-жаһанда жоқ жерұйықты осылайша  іздеткен ән. Мен бұл  әннің осыншама әсері боларын  еш уақытта болжағам да жоқ.

Бұл әнге байланысты мына бір оқиғаны еске салайын: 1956 жылы Москвада өткен Дүниежүзілік  спартакиаданы көркем фильм етіп түсіргенде  оның  музыкасын атақты композитор Александр Соловьев-Седой жазған  еді. Сонда бір эпизодта айтылатын  «Подмосковные вечера» әнінің бүкіл әлемді шарлап кететінін композитордың өзі сол кезде  сезбепті де. Ал, келер жылы қараша айында Алматының  «Қазақконцерт» залында москвалық белгілі әнші Владимир Трошин «Подмосковные вечера» әнін рояльдің сүйемелімен балбырата орындағанда өмірімде сезіп-білмеген табиғат көрінісінің кешкі  сәтіне  қызығуым қиялымды  мүлде көкке  өрлетіп жіберді. Қызылжалқынданып батқан кеш сұқтандыра ынтықтырып,  көз алдымнан кетпейтін болды. Мені осы әннің болмысы  дәйім толғандыра берді.  «Подмосковные вечера» сияқты кешкі мезгілдің рахатты ләззатын бір жұп-жұмсақ, тұмадай тұнған биязы  ән етсем бе, деуші едім. «Подмосковные вечераны»  қанша идеал тұтқаныммен дәл сол болмыстағы әнді жазу, әлбете, мүмкін де емес.  Мен өзім елестеткен кешті қазақы түйсікпен дала табиғатының тіл байлар тылсым суретінен көріп тебірендім. Сол тілектен шықтым ба, шықпадым ба, дүниеге «Жайлаукөл кештері»  осылай келді.

                                               ***                                                    

«Жайлаукөл кештеріне» байланысты мына бір жайды да айтайын: ол-академик Серік Қирабаевтың үйінде болған бір отырыс. Жазушылар – Сафуан Шаймерденов, Нығмет Ғабдуллин, Тұрсынбек Кәкішев,  ақын Аманжол Шәмкенов және тағы бір зиялы жандар бас қосқан сол келісті  жиында  қазақ әдебиетінің ақсақалдары Ғабиден Мұстафин мен Ғабит Мүсірепов те болды. Бәрі бір-бірін сағынысып қалған екен, бір-біріне игі тілек тілеп, сөздері, әңгімелері бек жарасты.

Бір кезде үзіліс болды. Біз дәлізге шығып, өзді-өзіміз сөйлесіп тұрдық. Кенет мен: «Жаңағы Ильяны шақырыңдаршы» деген сөзді естіп қалдым. Қасымдағылар маған «бара ғой» дегендей ишарат білдірді. Мен залға қайта кіре бергенде Ғабиден ақсақал: «Илья шырағым, ана бір жылы Жайлаукөлде болып едім. Сен сол көлді  әнге қосыпсың. Радиодан көп тыңдап жүрмін. Соны өз аузыңнан естиін, деп едім» деді. Серағаң маған ым қақты.

Мен әнді аспай-саспай  домбырамен айтып бердім. Ғабиден ақсақал ақсары жүзі тамылжып: «Әннің құдіретіне  не жететінін білмеймін, мысалы, Ақан серінің «Сырымбетін» ал, әнде сол тауға жететін тау жоқ. Сырымбетті көрмеген жандар оны  ертегі дүниесіндей елестететін болуы керек. Жас кезімізде  өз басымда да сондай сезім болып еді. Ал, енді мына «Жайлаукөл кештерін» тыңдаймын да  өз көзіме өзім сенбей «Құдай-ау, мынау ән мен көрген  Жайлаукөлдің суреті ме, япыр-ай, сол көрініс пе?» деп таң-тамаша  болам. Әнде Жайлаукөл-жер жаннаты! Мен оның қандай екенін  білетін едім» деді.

Осы кезде сөзге Серағаң араласа кетті: «Ғабе, есіңізде ме, баяғыда өздеріңіз бас болып, Абай тойына барып, романда суреттелетін Жидебай қорығының тулақ сүйреткендей ақ шаңдаққа айналған сұрықсыз түрін көріп, шіркін, біздің Мұқаң басқа бір Жидебай қорығын жазған шығар,  деп аң-таң болғанбыз. Баяғы табиғат жоқ, Ғабе, дүние тозды» деді.

Бұл сөздерді сабырмен тыңдаған Ғабит ақсақал: «Жидебай қорығының романда, Жайлаукөлдің әнде  керемет суреттелуі, это - художстенное  воплощение! Қиялдың күші! Осы рух жұрттың бәрінде бола берсе, қәні!» деп маған қоңыр көзінен мейір төгіп, ойлана  қарады. Сонда менің жүрегімнің қуанышты леппен соққаны!  «Жайлаукөл кештерінің» мерейімді көтерер осындай  сырлары көп-ақ.

                                             ***

1993 жылдың қысында Үрімшіде, сол жылдың жазында  Баян-Өлгий аймағында болдым. Қытай мен Монғолиядағы қазақтар «Жайлаукөл кештерін» домбыра, баян,  аккардеон аспаптарымен және аспаптық ансамбль, оркестрлердің сүйемелімен орындап жүр екен. Тыңдадым, оларды.

Шетелдік қазақтарға арналған «Шалқар» дейтін газет бар. Соның редакторы Уақап Қыдырқанов  маған Германияның Кельн қаласында тұратын қазақ жігіттері  орындап жаздырған бір  аудиокасетаны тыңдатты. Соның ішінде менің «Толағай», «Арқаның аруы» және осы «Жайлаукөл кештері» әндерім бар екен.  Олар да сүйсінтті.

1995 жылы профессор Тұрсынбек Кәкішев бастап,  Ирандағы қазақтарды зерттеуге бардық. Сонда  біздің Қазақстанның бір әншілері  ол жерге  «Жайлаукөл кештерін» жеткізгенін өз құлағымызбен естідік.

«Жайлаукөл кештері» алаулап батып бара жатқан күн секілді шексіздікке  ұзай береді... Әлі талай ұрпақтың жүрегін мөлдірете аялап жатса, одан артық тілек бола ма?!