Айтып келмейтін апаттың алдын алу маңызды
«Апат айтып келмейді». Сондықтан да күштер мен құралдар кез келген жағдайда тосыннан келетін апаттың алдын алуға сақадай сай тұруы керек. Осы мақсатта жуырда Қордай ауданында бірнеше күнге созылған оқу-жаттығу жиындары өтті.
Оқу-жаттығу жиынының басталуына орай Қордай ауданы әкімдігінде арнайы штаб отырысы ұйымдастырылып, оған аудан әкімінің орынбасары Жұлдызбек Бақаев төрағалық етті.
Оқу-жаттығу сценарийіне сәйкес, 10 қыркүйек күні сағат 11:00-де Қаракемер ауылдық округінің тау бөктерінде шартты түрде өрт шыққаны және оның орман шаруашылығы аумағына таралу қаупі туындағаны туралы жедел ақпарат төтенше жағдайлар департаментінің кезекшісіне келіп түседі. Өз кезегінде, бұл ақпарат Қордай ауданы әкімдігіне, облыс әкімдігі табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына және өзара іс-қимыл жасайтын барлық қызметтерге шұғыл түрде жеткізіледі.
Өртті сөндіру 3 негізгі бағытта ұйымдастырылды. Бірінші учаскеде ауылдық округтердің ерікті құрылымдары 5 техникамен және 30 адамдық құраммен жұмыс атқарды. Екінші учаскеде Қарақоңыз орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесінен 10 техника мен 40 маман жұмылдырылды. Үшінші учаскеде облыстық төтенше жағдайлар департаментінің күштері, атап айтқанда, 4 техника және 10 адам өрт сөндіруге қатысты. Барлық бөлімшелер «КамАЗ» жүк көлігіне орнатылған жоғары өтімді өрт сөндіру автоцистерналарын пайдаланды. Бұл техникалар өрт орнына 5-8 тонна су жеткізе алады және далалық жағдайда тиімді жұмыс істеуге бейімделген.
Қордай аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Қанат Иманқұловтың айтуынша, оқу-жаттығу барысында елді мекендерге өрттің таралу қаупі туындаған жағдайда халықты құлақтандыру, эвакуациялау, қауіпсіз аймаққа көшіру және малдарды эвакуациялау бойынша алгоритмдер де пысықталыпты.
Сценарийге сәйкес, өзен суының арнасынан шығуы салдарынан ауылды су басу қаупі туындады. Су тасқыны ықтимал аймақта 340 тұрғын үй орналасқан. Электрмен жабдықтау, байланыс жүйесі және орта қысымды газ құбыры зақымданғаны анықталды. Сонымен қатар 2 тұрғынның суға батып кеткені туралы хабарлама түсті.
Бұл кезеңде шұғыл түрде эвакуациялық іс-шаралар қолға алынып, халыққа қауіп туралы хабар берілді. Инженерлік және құтқару бөлімшелері су басу аймағын барлап, қорғау бөгеттерін тұрғызу және судың алдын алу шараларын жүргізді. Медициналық бригадалар зардап шеккендерге көмек көрсетіп, қауіпсіз жерлерге көшірілген тұрғындарға алғашқы медициналық және психологиялық көмек беру қызметін ұйымдастырды.
Отар ауылындағы оқу-жаттығу да өз деңгейінде өтті. Жер сілкінісінің салдарынан теміржолда маневрлік жұмыстар кезінде қауіпті жүк тасымалдайтын екі цистерна, яғни 40 тонна аммиак және 60 тонна дизель отыны тиелген вагондар жолдан шығып кетіп, жартылай зақымданды деген жағдай қарастырылды. «Апат» салдарынан 8 адам зардап шегіп, аммиак бұлты теміржол стансасының персоналы мен айналадағы аумаққа қауіп төндірді. Сонымен қатар жанар-жағармай цистернасының өртену және жарылу қаупі тіркелді.
Бір айта кетерлігі, оқу-жаттығулар барысында адам денсаулығына аса қауіпті жұқпалы аурулардың таралуына қарсы шаралар да пысықталды. Бұл ретте ықтимал оқиғаларға шұғыл ден қою алгоритмдері тексеріліп, сала қызметкерлері эпидемиологиялық жағдайда атқарылатын жұмыстарға баса назар аударды.
Қордай ауданының бірнеше ауылдық округін қамтыған оқу-жаттығу жиындарының қорытындысы жұма күні аудан әкімдігінде штаб отырысында айтылып, сол жерде барлық құрылымдарға алғыс білдірілді. Сонымен қатар бірқатар мамандарға марапаттар ұсынылды.
А.БЕКЕНҚЫЗЫ