Қоғам

Қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтайық

Жуырда облыстық төтенше жағдайлар департаментінде орман өртімен күрес шаралары және шомылу маусымының қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында атқарылған жұмыстардың қорытындысы қаралды.

Облыстық төтенше жағдайлар департаменті төтенше жағдайларды жою басқармасының бастығы Арман Смайловтың айтуынша, өңірімізде халқы тығыз орналасқан немесе оларға тікелей жақын, қолжетімді және шомылуға жарамды 117-ден аса су айдыны бар.

Сондай-ақ әкім қаулысымен су объектілерінде шомылуға рұқсат берілген 13 орын белгіленген. Аталған 13 учаскеде 9 коммуналдық және 4 жеке жағажай бар екен.

Сонымен қатар демалушылардың қауіпсіздігін сақтау мақсатында шомылуға рұқсат берілген орындарда жалпы 8 бақылау бекеті қойылыпты.

Су айдындарында азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі үкіметтік және аумақтық деңгейдегі ведомствоаралық мемлекеттік комиссия мен облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі комиссияның отырысы шеңберінде қаралыпты. Оның қорытындысы бойынша су айдындарында адам өлімінің алдын алуға бағытталған іс-шаралар кешені әзірленген. Су айдындарында адамдардың қаза болуына жол бермеу мақсатында кең ауқымды алдын алу шаралары ұйымдастырылып, өткізілген. «Судағы қауіпсіздік» тақырыбы бойынша 41 дана баннер, 383 – ескерту және тыйым салу белгілері, 29 – көрнекі стендтер орнатылыпты.

Шомылу маусымы басталғаннан бері адамдардың суда жаппай демалу орындарында бірлескен рейдтер өткізу барысында 88 бұзушылық анықталыпты. Саралай айтсақ, Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 364-бабы – «Ортақ су пайдалану қағидаларын бұзу» бойынша 1 180 адам жауапкершілікке тартылса, 440-бап – «Алкогольдік ішімдіктерді ішу немесе қоғамдық орындарда мас күйінде пайда болу» бойынша 1 595 адамға хаттама толтырылып, жалпы сомасы 15 миллион 670 мың 530 теңге айыппұл салынған. Сондай-ақ 412-бап – «Су айдындарындағы қауіпсіздік ережелерін бұзу немесе орындамау» негізінде 38 адамға хаттама рәсімделіп, 522 мың 959 теңге айыппұл өндірілген.

Жазғы маусым суға айдындарындағы қауіппен ғана емес, дала өрттерінің жиілейтін кезеңімен де ерекшеленеді. Осы ретте облыстық төтенше жағдайлар департаменті мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Дархан Қалдырбек өрт қауіпті кезеңінің аяқталуы және жылыту маусымының басталуы туралы айтып берді.

Маманның айтуынша, жыл басынан бері облыс аумағында 659 өрт тіркелген. Салдарынан 3 адам қаза тауып, 13 адам жарақат алыпты.

Жыл басынан бері тұрғын үй секторындағы өрттердің алдын алу мақсатында департамент қызметкерлері жергілікті полиция қызметі және волонтерлермен бірлесіп 417 мыңнан астам ауланы аралапты. Сонымен қатар 2 225 жиын өткізіліп, 596 мыңға жуық адамға нұсқау беріліпті. Тұрғындар арасында 441 мыңнан аса жадынама мен нұсқаулық таратылған.

Сол секілді биыл облыс аумағындағы барлық 15 орман шаруашылығында шартты табиғи өртті сөндіру бойынша 8 өрт-техникалық жаттығу, сондай-ақ Қырғыз Республикасымен трансшекаралық табиғи өртті жою бойынша «Шекара – 2024» арнайы тактикалық жаттығу өткізіліпті.

Алдағы жылыту маусымы 2025 жылғы 15 қазаннан 2026 жылдың 15 сәуіріне дейін жалғасады. Маусымды қауіпсіз өткізу мақсатында облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері 29 тамыз-26 қыркүйек аралығында облыс аумағындағы тұрғын үй секторында өрт қауіпсіздігі айлығын өткізуде. Айлық барысында тұрғын үй секторындағы өрттер мен улы газдан улану оқиғаларының алдын алу және жол бермеу мақсатында бұқаралық ақпарат құралдарын тарту арқылы профилактикалық жұмыстар жүргізуге бағытталған іс-шаралар жүргізіліп жатыр.

Өрт қауіпсіздігі айлығын өткізу шеңберінде 3 222 тұрғын үй араланып, көппәтерлі, каркас-қамысты, тұрмыс жағдайы төмен үйлерге басты назар аударылуда. Барлығы 6 632 тұрғынмен әңгімелесулер жүргізіліп, QR-код арқылы жадынамалар таратылған. Жылу беру маусымы кезінде өрт салдарынан адамдардың қаза болуының алдын алу үшін 6 632 азаматқа нұсқаулық беріліп, жылыту пештерін, электр қондырғыларын пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау бойынша 3 055 адамды қамтыған 186 жиын ұйымдастырылыпты.

Облыс аумағындағы 881 тұрғын үйде өрт қауіпсіздігі ережелерінің бұзушылықтары анықталған. Оның ішінде автономды жылыту жүйелеріне қатысты – 604, электр желілері мен электр қондырғыларына қатысты – 978, ал басқа бағыттар бойынша 170 кемшілік тіркеліпті. 2025 жылғы 1 маусымнан бастап әлеуметтік осал топтарға жататын отбасылардың үйлерінде 84 датчик орнатылған. Оның ішінде улы газды анықтайтындары – 61, табиғи газды анықтайтындары – 23.

Облыс бойынша құрылғыларды орнату жұмыстары жалғасуда. Тараз қаласында 590 үйдің 467-сіне датчик қойылыпты. Жамбыл, Байзақ, Т.Рысқұлов, Қордай, Талас және Сарысу аудандарында барлық үйлер толық қамтылыпты. Ал Меркі ауданында 217 үйдің 100-іне, Жуалыда 228 үйдің 148-іне, Шу ауданында 449 үйдің 278-іне, Мойынқұм ауданында 86 үйдің 62-сіне орнатылған.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ