Көңіліме сенім сыйлаған басылым
Бәрі кеше ғана секілді еді-ау! Содан бері де зымырап 20 жыл өте шыққаны ма? Алғаш облыстық «Aр-Ай» жастар газеті ашылып жатқандығын жерлесім, ақын Азамат Есалыдан естідім. Пысықтығын қараңыз, Азекең сол енді ашылайын деп жатқан газетке бөлім меңгерушісі болып қызметке де қабылданып қойыпты. Газет сол кездегі облыс әкімі Бөрібай Жексембиннің, сол кездегі облыстық ішкі саясат департаментінің басшысы Масат Беріктің тікелей қолдауымен шыққалы жатыр екен. Бас редактор қызметіне Болат Бекжанов тағайындалыпты. Бұл ақпараттың бәрін Азамат айтты. Сол сәтте Азаматқа керемет қызығып қарадым. Газетте жұмыс істеу менің арманым болатын. Ол кезде ауылымдағы орта мектепте «Әдебиет» үйірмесінің жетекшісі едім.
Арада оншақты күн өткенде Тараз қаласына тағы келдім. Азамат Есалы екеуміз бас редактордың үйіне бардық. Болат Үмбетәліұлы жылы қабылдап, жақсы сөйлесті. Бірақ, жұмысқа ала алмайтынын айтты. Менің ауылдан келген олпы-солпы түрімді көріп те ойланып қалған шығар. «Орысшаға судай болсаң, алайын» дейді. Оған бір орысы жоқ ауылда өсіп, 28 жыл бірауыз орысша сөйлемей өсіп, ресми тілге судай болу мүмкін бе?
Редакция қызметкерлері жасақталып қойғанмен, тарихи газеттің алғашқы нөмірі уақытынан біраз кешігіп шықты. Жұмысқа алынбасам да күніге бір рет «Aр-Ай» редакциясына соғамын. Штаттағыларды тегіс танып алдым. Бас редактордың орынбасары Бақытжан Оспанов, жауапты хатшы Марат Құлибаев, бас есепші Бақыт Төлегенова, бөлім меңгерушісі Азамат Есалы, тілші Хамит Есаман, фототілші Алтынбек Қартабай. Бас дизайнер Асыл Қартабаева, беттеуші, 16 жасар Динара Естаева. Барған сайын мақала ұсынамын. Алтынбек Болатұлы аға жайлы да қызық көп. Бас редактор Болат Үмбетәліұлы ең басында, газет шықпай тұрып суреттер таңдай бастапты. «Маған мынандай сурет керек еді» десе, Алтынбек Қартабай «Аға, ол сурет менде бар» деп көрсете қояды дейді. «Маған аудандардан еңбек адамдарының мықты суреттері керек еді» десе, Алтекең: «Міне, еңбек адамдарының суреті» деп алдына тоса қояды дейді. Сонда алғашқы бас редактор: «Алтынбек-ау, сені жұмысқа алмағанда кімді аламын?!» деп бірден бұйрық шығарыпты.
Қысқасы, газеттің бірінші нөмірі 2005 жылы 13 қазанда жарық көрді де, екінші нөмірінде менің мақалаларым шыға бастады. Газеттің үш нөмірі шыққан соң бас редактор Болат Бекжанов мені шақырып алып, тілші қызметіне қабылдады. Сол кезде бір қызық болған. Кабинетте бөлім меңгерушісі Азамат Есалы екеуі отыр. «Есет, мынау Азекең екеуміз ақылдасып, сені тілші жұмысына алайық деп шештік» деді бас редактор. Сонда мен рахмет айтудың орынына: «Қарап жүргенше істей берейін» деппін ғой. Шамасы қуанғаннан есім шыққаны болуы керек. Өзім арман еткен газет жұмысына осылай келдім. Бірінші күннен қызыға, құлшына кірістім. Он жыл бойы сол қызығушылығым бір басылған жоқ. 2005 жылдың қараша айында бас редактор мені Астанаға іссапармен жіберді. Жұмысқа кіріскеніме бір ай да болмаған кез еді, газет қызметкері екенімді растайтын куәлік те алып үлгермегенмін. Өзімнің жеке куәлігіммен ҚР Парламенті Сенатының, Парламент Мәжілісінің ғимараттарына еркін кіріп, ҚР Парламенті Сенаты төрағасының орынбасары Өмірбек Байгелді, ҚР Мәжіліс депутаты Әмзебек Жолшыбеков, Үкіметтің бірқатар министрліктерін аралап, Еңбек және көші -қон комитетінің төрағасы Жазыбек Әбдиев ағалардан сұхбат алып жүрмін. Қолымда диктафон. Сұхбатты қағазға көшіріп, факспен жібереміз. Осылай жұмыс істедік. 19 жасар Хамиттың, 16 жасар Динараның жұмысқа деген құлшыныстарына куә болған едік.
2006 жыл мен үшін өте сәтті жыл болды. Жаңажылдық мерекелік нөмірді шығаруға ерекше атсалысқаным үшін маған және жауапты хатшы Шолпан Бөгенбаеваға алғыс жарияланды. Мені көп ұзамай «Руханият» бөліміне меңгеруші етіп тағайындады. Өмір өз ырғағымен жылжиды екен, Азамат Есалы, Марат Құлибаевтар басқа жұмысқа ауысып үлгерді. Газетке Гүлнұр Ембердиева, Мади Рахымбердиев деген тілшілер қызметке алынды. Тіпті, облыс журналистикасының үлкен ардагері, талантты жазушы Әлдихан Қалдыбаев бас редактордың кеңесшісі болып қызметке қабылданды. Біз жас тілшілер бәріміз сары ауыз балапан едік. Журналистиканың ішкі жұмысынан хабарымыз жоқ. Бізді газеттің ішкі жұмысына Әлдихан Қалдыбаев ағамыз баулып, кезекші болған кезімізде қатеге байланысты белгілердің қалай қойылатынына дейін үйретті. Газеттің алғашқы нөмірі шығысымен газет саласының үлкен өкілдері Баттал Жаңабайұлы, Арғынбай Бекбосын, Бақытяр Әбілдаұлы, Жақсылық Сәтібеков, әйгілі күйші Әбдімомын Желдібаев, ірі саясаткер Жандар Кәрібаев құттықтады. Ол кезде мұндай тұлғалардың құттықтауы-тарихи оқиға. Ал, қазір – тарих.
Газет жұмысы бір қалыпқа түсе бастады. Болат Бекжанов ағайда тыным жоқ. Газеттің алғашқы нөмірлерінде күн сайын ауыр ойға беріліп, тынымсыз жұмыс істеді. Біз тілшілер мен дизайнерлер де нөмірден нөмірге тәжірибе жинап, шыңдалып отырдық.
2006 жылдың қараша айында газет редакциясында ауыс-түйіс болды. Сол кезге дейін бас редактордың орынбасары болып істеп келген Бақытжан Оспанов ағамыз басқа қызметке ауысты да, орнына Гүлнұр Ембердиева бас редактордың орынбасары болып тағайындалды. Гүлекеңді жаңа қызметіне облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының басшысы Масат Берік аға отырғызды. Несіне жасырайын, сол күні Гүлнұр Бақытқызына да қызыққаным бар. Гүлнұр екеуміз ылғи жұмыстан соң бірге қайтушы едік. Жаяу, әңгімелесіп қайтамыз. Ол сол күнге дейін менің бөлімімде тілші болған еді. Сол кадрлық ауыс-түйіс болған күні кешке Гүлнұр Бақытқызы екеуміз тағы бірге қайттық. Сонда: «Гүлеке, бұрын сен бастығыңмен бірге қайтушы едің, енді мен бастығыммен бірге қайтайын» деп күлдіргенім бар.
Уақыт та, қызмет те бір кісінің басына бақ болып байланып қалмайды. Үлкен жақта да ауыс-түйістер болды. Масат Берік «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары болып ауысты да, орнына ішкі саясат басқармасының басшысы болып Рахия Тұрмаханбетова тағайындалды. Болат Үмбетәліұлы кейде сырқаттанып ауруханаға түсіп қалатын. Сондай кезде Гүлнұр, Шолпан үшеумізге сенетін. Үшеуміз редакция машинасымен газет беттерін көрсету үшін Болат Бекжановқа баратынбыз. Облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Рахия Сейітбекқызы да редакция жастарына көп сенім артты. Әпкеміздей қамқор болған Бақыт Төлегенова бас есепшімізге көп рахмет айтар едік.
Болат Бекжанов редакцияның әр қызметкерін ерекше ойлап, қолынан келсе жағдай жасайтын. Редакцияның барлық қызметкерлеріне жер телімінің кезегіне тұруға кеңес берген де сол кісі. Ағайдың ақылымен кезекке тұрып, 15 жылдан кейін болса да жер телімін алдық. Ол да ағаның үлкен жақсылығы. Менің анам ауырғанда, Шолпанның әкесі сырқаттанғанда керемет қолдау көрсетіп, көмегін аяған жоқ. Менің Тараз қаласынан ең алғаш пәтер алуыма да Болат Үмбетәліұлы жақсы қолдауын көрсетті. Өрімдей бір шоғыр жастар журналистикада бір адамға қарыз болсақ, Болат Үмбетәліұлына қарыз шығармыз. Айтпақшы, мақала жазудың ерекшелігін, тәсілдерін алғашқы бас редактордан көбірек үйрендік. Бір жолы 2009 жылы мені қамшылап, қайрап отырып облыстың мәдениет саласы туралы сын мақала әзірлетті. Ол мақала әбден пісіп, шираған сәтте «Мәдениетті жекешелендіруге бола ма?» деген тақырыппен жастар газетінің айқарма бетіне жарқ ете қалды. Сол мақалаға осы өңірдің бас газетінде істейтін бірталай алдыңғы толқын ағалар мән беріп, «Көп ізденіспен жазылған сараптамалық мақала. Таңдандық» деп бағалады.
Редакцияда кілең жастар еңбек етті. Сол жастар спорттық жарыстардан да үнемі жүлде алып жүруші едік. Әр жылдары Эльмира Байназарова, Салтанат Әлімқұлова, Жұлдыз Бейсек, Данияр Жаманбаев, Құндыз Бөгенбаева, Ерлан Жүніс, Дәулет Төленді, Табиғат Абаилдаев, Нұрболат Әлдибек, Ғани Сүгіралиев, Маржан Өсерова, Бану Жиенбаева, Мақпал Сқақова, Әзірет Барбол, Өркен Кенжебек, Данияр Әлімқұл, Саятхан Сатылханов, Қамар Қарасаева, Тұңғыш Жанұзақов, Арайлым Шәбденова, Мұратхан Әлімхан деген қыз -жігіттер жұмысқа алынды. Осы жастардың баршасының үлкен еңбегі «Ар-Ай» басылымында жатыр. Бұл азаматтардың әрқайсысы ерекше талантты, дарынды болды. Көп ұзамай алды республикалық газеттердің редакциясына ауысты. Көпшілігі республикалық беделді басылымдардың Жамбыл облысындағы тілшісі болды. Әзірет Барбол да республикалық тарихи орталықтың директоры қызметінде отыр екен. Мадияр Орынбаев деген жас жігіт «Aр-Ай» жастар газетіне тұрақты мақала жазып жүріп, көзге түсті. Облыс әкімдігіне жұмысқа шақырылды. Онан соң көп ұзамай Астанаға қызмет ауыстырды. ҚР Премьер- Министрінің бірінші орынбасарының көмекші болған уақытында отызға тола қоймаған жас жігіт еді. Міне, газеттің тәрбиесі мен ықпалы қандай? Кейде «Сол азамат қазір қайда жүр екен?» деп ойлап қоямын. Бұның бәрі де Болат Үмбетәліұлының мықты ұстаздығы дер едім. Есімі елімізге белгілі азамат Телғара Үсенбайұлының «Aр-Ай» газетінде еңбек еткен жылдары өз алдына бір төбе. Ауыл шаруашылығы саласы бойынша арнайы беттер ашып, жұмысқа бел шеше кірісті.
Газетте бірнеше тұрақты авторлар болды. «Экономика» айдарын жүргізген Қуандық Тұрдалин, «Саясат» айдарын жүргізген Әлмұхан Исақ ағаларды сағынышпен еске алып жүремін. Тараз қаласынан Төлеген Самратов, Шу ауданынан Несіпхан Қоңырбаев ағалар тұрақты жазып тұрды. «Спорт» бетіне Ермұрат Сәрсенбаев деген азамат елеулі үлес қосты. Газетке үнемі сөзжұмбақ жолдап тұрған тараздық Сахи Әбдіразақовты ұмытуға болмайды. Астанадан Шырынбек Қойлыбаев, Алматы қаласынан Жасұлан Мәуленұлы үнемі ауқымды мақалалар жазып тұрды. Кім еңбек етсе де редакцияға жаны ашып, тер төкті. Мекемеде күзетші болған Төлеген Самұратов, Ахмет Тасқанбаев, Есен Алжанов аталарым адалдықтан жаралған адамдардай көрінетін. Бұл кісілер уақытында қызмет істеген, зейнетке шыққан соң қосымша жұмыс ретінле күзетшілікке келген кісілер еді. Әңгімелері терең, мағыналы болатын. Еден жушы Мария Тасқанбайкеліні де өте ибалы, жаны нұрлы адам еді. Топырағы торқа, жаны жаннатта болғай!
Болат Бекжанов 6 жылға жуық қызмет атқарған соң, қалалық «Жамбыл -Тараз» газетіне бас редактор болып ауысты. «Aр-Ай» жастар газетіне белгілі журналист Оралхан Дәуіт бас редактор болып тағайындалды. Сол кезде «Жап-жас жігіттер де газет басқарса болады екен-ау» деп ойланып қалғанымыз бар. Оралхан Әбдірашұлы сын материалдар жазудың нағыз шебері ғой. Келе сала бірінші беттен «Бекзаттарым-ай, жекжаттарым-ай» деген үлкен сын мақаласын жарқ еткізді. Орекеңнің сол мақаласының әсерінен бір мектептің директоры қызметтен кетіп, Жамбыл аудандық білім бөлімінің басшысы сөгіс алып, әрең орнында қалды. «Жазған соң, осылай әсерлі жазу керек екен-ау» деп тағы ойланып қалдық. Содан соң біздер де сын мақалаларды көбейіттік қой. Әсіресе, Табиғат пен Нұрболат сынға бейім болды. Оралхан Дәуіт сын жаздыратын. Сол сыннан соң дау шығарып келген адамдардан тілшілерін қорғай да алатын. Орекең басшы кезде Мойынқұм ауданы, Мирный ауылына арнайы барып, көлемді сын мақала жазғанмын. Ауыл тозып кеткен, кітапхана мен клуб кәдімгі тұрғын үйдің ішінде орналасқан. Оны бірінші беттен бастап айқайлатып берді Орекең. Екі күннен соң Мойынқұмнан дауласып бір кісі келді. Оралхан Дәуіт бізді қорғап алды ғой. Жалғыз мені емес, барлық тілшілерге айбар бола білді. Сол кезде өзінің де жасы 35-те екен. 2011 жылдың жазында облыстық «Ар-Ай» жастар газетінің ұжымы Ыстықкөлде төрт күн бойы демалдық. Оны да сол кзедегі бас редактор Оралхан Әбірашұлы ұйымдастырды.
Сол Орекең 1 жыл 4 ай ғана бас редактор болды да, республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің Оңтүстік Қазақстан (қазіргі Түркістан) облысындағы меншікті тілшісі болып ауысып кетті. Орнына бас редактор болып, алты жыл бас редактордың орынбасары қызметін абыройлы атқарған Гүлнұр Ембердиева тағайындалды. Бас редактордың орынбасары қызметі Дәулет Төлендіге бұйырды. Гүлнұр Бақытқызы да газетті 5 жылға жуық жақсы басқарды. Бірнеше жаңа айдарлар ашылды. Бөлімдер көбейіп, штаттар молайды. Жас тілшілер редакцияға көбірек қабылданып жатты. Осы жылдары Хамит Есаман бөлім редакторы ретінде жарқырап көрініп, кейіннен республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің Жамбыл облысындағы меншікті тілшісі қызметіне кірісті.
Мен осы Гүлнұр Бақытқызы басқарып тұрған кезде жастар газетінен өңірдің бас газеті «Аq Jol» газетіне ауыстым. Сол кезде Гүлнұр Бақытқызы қимай шығарып салып: «Бас газетте жолың болсын! Егер түрлі жағдаймен қайта келгің келсе, сені кез келген күні қызметке аламын» деп қанаттандырды. Әзірге қайтадан ол редакцияға барған жоқпын. Бірақ, Гүлнұр Бақытқызының әлгі жанашыр сөзі үнемі көңілімді жылытып тұрады.
Уақыт бір орында тұрмайды. Кезінде осы жастар газетінің ашылуына тікелей өзі ықпал еткен Масат Берік ағамыз да 2017-2018 жылдары «Aр-Ай» жастар газетінде директор-бас редактор болды. Осы тұста Тұрсынбек Сұлтанбековті бас редактордың орынбасары, Жасұлан Сейілханды жауапты хатшы етіп, тәрбиеледі. Бұл екі азамат та аса тәжірибелі басшының сенімін ақтады. Нұрым Сырғабаев та әр газетте сырғып жүрген жерінен «Aр-Ай» жастар газетіне Масат Әшімұлының тұсында ауысты. Нұржан Қадірәлі де осы тұста «Aр-Ай» жастар газетінде шыңдалды. «Aр-Ай» жастар газетін Дәулет Төленді, Біржан Сөктай басқарған жылдарды да аса құрметпен еске алуға болады. Осы жас азаматтар да хал-қадірінше жастар газетінің абыройын көтеруге тәжірибелерін жұмсады. Аталған газетті 3 жылдан астам уақыттан бері білікті маман, тәжірибелі журналист, Ақпарат саласының үздігі Тұрсынбек Сұлтанбеков басқарып келеді. Тұрсекең басқарғалы да газет басқа қырынан ашылып, мазмұндана түсті. Бас редактордың орынбасары Талғат Нұрханов та, жауапты хатшы Шолпан Бөгенбаева да нағыз істің адамдары. Аға тілшілер Нұрым Сырғабай, Айжан Өзбекова, тілшілер Ақтоты Жаңабай, Құралай Сейсенбекқызы, Мұқағали Балтабай, Сымбат Қуаныш та нағыз үздік маманға айналғаны анық.
Қорыта айтқанда 20 жылдың ішінде газет өз арнасын тауып, өңірдің ақпарат айдынында үлкен маңызды құрылымның біріне айналды. Бұл жетістікте алғашқы бас редактордан бастап, барлық бас редакторлардың, жастар газетінде тер төккен журналист, дизайнер, корректор мамандардың үлкен үлесі бар. Газетте табан аудармай 20 жыл тер төккен Алтынбек Қартабай мен Шолпан Бөгенбаеваның орны мүлдем бөлек. Барлық құрметке лайық.
20 жыл белесінде шамамен жүзге жуық адам жастар газетінде тер төккен болар. Бәрінің де еңбектері бар. Көлік жүргізушілер, күзетшілер, есепшілер, тазалықшылар, іс жүргізушілердің де еңбектері үлкен. Барлығының да көргендері қызық, той болсын! Барлық бас редакторларға ризамын. Осы газеттің алғашқы бастауында он жыл еңбек еткеніме қуанамын. «Жастар басылымындағы он жыл» атты естелік кітап жазып, өз қаржыма шығардым. Ол кітап «Ар-Ай» газетінің алғашқы он жылының құнды тарихы болып қалған секілді.
Осы газет деп тер төккен Болат Бекжанов, Әлдихан Қалдыбаев ағалар өмірден озды. Ол кісілердің рухына құран бағыштап, есімдерін ұмытпау парызымыз деп есептеймін. Өзіме ыстық жастар газетін, өзімнің «Aр-Ай» ұжымын 20 жылдық белесімен құттықтап, толайым табыстар тілеймін! Мың жаса, жастардың жарқын үні!
Есет ДОСАЛЫ,
ақын, Мәдениет саласының үздігі