Қаладағы қос аудан қатар дамуда
Тараз қаласының тұрақты дамуын қамтамасыз ету мақсатында былтыр көне шаһардың Бас жоспары қайта қаралып, оған тиісті толықтырулар енгізіліп, жыл соңында ҚР Үкіметі бекіткен болатын. Соның нәтижесінде қаланың аумағы 13 мың гектарға ұлғайып, жалпы көлемі 31,8 мың гектарды құрады. Халық саны да 437 мыңнан 482 мыңға жетті. Осыған сәйкес қалада жаңа Әулиеата және Жібек жолы аудандары құрылды.
Әулиеата әлеуеті зор
Қала аумағының кеңеюі ауылшаруашылық саласының дамуына да оң ықпал етуде. Шаһар маңындағы елді мекендердің қосылуы есебінен егістік алқаптарының көлемі артып, егін, мал шаруашылығымен айналысатын қожалықтардың да саны көбейді. Жаңа аудандарда жылыжай кешендері мен сүт фермалары ырғақты жұмыс істеп, егіншілік пен бау-бақша шаруашылығына ерекше мән берілуде. Сонымен бірге қайта өңдеу кәсіпорындарының қатары артып, ауылшаруашылық өнімдерін нарыққа тікелей жеткізу мүмкіндігі кеңейді.
Жалпы шаһар аумағы кеңейгеннен кейін ауылшаруашылық құрылымдары бойынша барлығы 750 шаруа қожалығы тіркелген екен. Атап айтқанда, жаңа құрылған Әулиеата ауданында – 256 шаруа қожалығы бар болса, оның барлығы да егіншаруашылығымен айналысады. Осы шаруашылықтардың ішінде 42 қожалық қосымша малшаруашылығын дамытып отыр. Ал Жібек жолы ауданында – 494 шаруа қожалығы жұмыс істеп тұрса, олардың да арасында малшаруашылығы бағытын ұстанатындар бар. Әулиеата ауданы әкімі аппараты кәсіпкерлік және ауылшаруашылығын дамыту бөлімшесінің бас маманы Аида Әбдікерімованың айтуынша, аталған аудан бойынша ауылшаруашылық саласындағы агроөнеркәсіп кешені ішінде 6 мал бордақылау алаңы, 3 тауарлы сүт фермасы, 1 тауарлы ет фермасы, 1 қайта өңдеу цехы, 6 көкөніс сақтау қоймасы, 4 жылыжай жұмыс істеп тұр.
Аталған ауданда егін шаруашылығы бойынша да ауқымды жұмыстар атқарылуда. Мұнда жалпы жер көлемі 14 598 гектарды құраса, оның ішінде 4016 гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге тиесілі. Елді мекен жерлері 1129 гектарды құрайды екен. Егістік көлемі 3237 гектар болса, оның ішінде суармалысы – 3007, тәлімі жер – 230 гектар. Соныме қатар 34 гектар көпжылдық екпелер бар болса, оның ішінде 8 гектары бау-бақша, 2 гектары жүзімдік көрінеді. Жайылымдық жер 515 гектар шамасында.
Ауданға қарасты «Бектөбе» алабында Мақсұт Ахметовтің «Даниял» шаруа қожалығы ырғақты жұмыс істеп тұр. Иесі бұл қожалықты 2014 жылы еш жерден несие алмай-ақ өз қаражатына ашыпты. Содан бері еңбектеніп, мал басын көбейтіп, кәсібін дөңгелетіп отырған жайы бар. Қожалықта күнделікті күйбең тіршілік қыз-қыз қайнаған. Малдан алынған өнімді өткізетін де өзіндік жүйе қалыптасқан. Мәселен, сауылған сүтті арнайы сүт таситын «Газель» көлігімен, сондай-ақ «Пикап» автокөлігімен тасымалдайды. Күніне орта есеппен 75 сиыр сауылып, 1,1 тоннаға жуық сүт алынады. Алынған өнімнің негізгі бөлігі «Галеника» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен «Иваненко» секілді жеке кәсіпкерлерге өткізіледі екен. Мал шаруашылығымен қатар, Мақсұт Абдуллаұлы егін егуге де көңіл бөлген. Жыл сайын егіс алқабына жүгері, жоңышқа сияқты мал азығы дақылдарын егеді. Аталған шаруа қожалық қарасты екі үлкен фазенда бар. Қазіргі мал басына тоқталсақ, жайылымда жалпы 146 ірі қара жүр. Оның ішінде 75-і сауынды сиыр болса, 35-і бұзау бар. Мал басын көбейтуде 2 бұқа ұстайды. Бұған қоса, бағымындағы уақ мал саны 960-ты құрайды. Қожалық асыл тұқымды ірі қара малын сатып алып, өсіріп жатқан көрінеді.
Жібек жолында жұмыс жүйелі
Жаңадан құрылған Жібек жолы ауданында да ауылшаруашылық саласында жүйелі жұмыстар атқарылып жатыр. Мұнда да мал және егін шаруашылығы қатар дамып келеді.
Тараз қаласы Жібек жолы ауданы әкімінің міндетін атқарушы Нұрлан Олжабаев: «Осы жылдың ақпан айында Тараз қаласының халқы саны 400 мың тұрғыннан асуына байланысты қала екі ауданға, яғни Әулиеата және Жібек жолы болып бөлінген болатын. Бұл ретте Жібек жолы ауданына Жалпақтөбе, Сұлутөр, Кемел, Түрксіб, Ақбұлым, Талас, Талас стансасы елді мекендерінен барлығы 29 615 тұрғын қосылды. Осылайша жаңадан құрылған ауданның халық саны 243 487 адамды құрады. Осы қосылған елді мекендерде аграрлық саладағы субъектілердің көп шоғырлануына байланысты Жібек жолы ауданының тұтастай алғандағы экономикасының басты қозғаушы күші ауылшаруашылығы болып отыр. Ауыл шаруашылық саласы бойынша 494 шаруа қожалығы, 52 көкөніс сақтау қоймасы, 4 жылыжай кешені, 3 сүт қабылдау және өңдеу цехы, 6 ет өңдеу (шұжық) цехтары өңірімізде экономикамыздың дамуына, оның ішінде ауылшаруашылық өнімдерімен халықты қамтамасыз ету бағытында белсенді жұмыс істеп жатыр», – дейді.
Осы аудан әкімдігінің кәсіпкерлік және ауылшаруашылығын дамыту бөлімшесінің басшысы Айнұр Досманбетова салада егін шаруашылығы бойынша оң көрсеткіштер байқалғанын айтады. Атап айтқанда, осы жылы мұнда 494 шаруа қожалық тарапынан арпа 109,1 гектар жерге, күздік бидай 9 гектарға, майлы дақылдардан мақсары мен күнбағыс 20,6 гектарға, жоңышқа 1996,8 гектарға егіліпті. Оның ішінде шаруа қожалықтары егіс алқабын 1956,8 гектарға, жеке қосалқы шаруашылықтар 40 гектарға жеткізген.
Осы аудандағы іргелі агроқұрылымдардың бірі – «Ернар» шаруа қожалығы. Шаруашылық иесі Ержан Калметовтің айтуынша, бүгінде оның қожалығында 88 жылқы, 104 сиыр, 940 қой бар. 2023 жылы мемлекеттік бағдарлама арқылы жаңа техникалар сатып алып, шаруашылығын кеңейтуге мүмкіндік алған екен. Асыл тұқымды мал санын да көбейткен.
Айтуынша, шаруа қожалықтың ауыр жүк көлігі, трактор секілді бірнеше техникасы бар. Шаруашылықтың жоңышқасы мен шабындықтың шөбін осы техникалардың күшімен орып, дайындап, мал ауылдарға тасиды екен.
Біз сөз еткен қос ауданда да шаруа қожалықтар айтарлықтай әлеуетке ие. Оны осы Тараз қаласының маңында егін салып отырған щаруашылықтардың тірлігінен, онда жұмыс істеп нәпақа тапқандар мен масақ теріп, қыстық көкөнісін жинап жүргендердің әрекетінен-ақ байқауға болады. «Елде болса, ерінге тиеді» деген осы.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ