«Әулиеата жастары»: бағдарлама биыл жалғаса ма?
Жуырда «AMANAT» партиясы облыстық филиалы жанындағы жастарды қолдау жөніндегі аймақтық кеңестің төртінші отырысы өтті. Жиынға облыстық және қалалық деңгейдегі мемлекеттік органдардың өкілдері, жастар ұйымдарының жетекшілері мен белсенділері қатысты.
Кеңес отырысын ашып, жүргізген Тараз қалалық мәслихатының депутаты, «AMANAT» партиясы облыстық филиалы жанындағы жастарды қолдау жөніндегі аймақтық кеңестің төрағасы Талғат Дүйсенов алдымен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауынан туындайтын міндеттерді жүзеге асыру туралы ойын ортаға салды.
Ал облыстық полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Қанат Белгібаев жастар арасындағы наркотизмге, нашақорлыққа және есірткі құралдарының таралуы мен заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл шаралары туралы баяндама жасады.
2025 жылдың 8 айында 361 есірткіге қатысты құқықбұзушылық анықталыпты. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 32 дерекке артық. Заңсыз айналымнан 4 тонна 746 келі түрлі есірткі заттар тәркіленген.
Келесі кезекте «Серпін – 2050» мемлекеттік бағдарламасының өңірде іске асырылу барысы туралы облыс әкімдігі білім басқармасына қарасты техникалық және кәсіптік білім беру орталығы басшысының міндетін атқарушы Асима Пернебаеваның баяндамасы тыңдалды.
Бағдарлама аясында 2021-2025 жылдар аралығында облысымыздан 489 студент оқуға түсіп, өндіріс орындары дамыған, жұмысшы күшіне қажеттілік қалыптасып отырған еліміздің солтүстік, батыс және шығыс өңірлеріндегі оқу орындарында білім алуда.
Жыл сайын мамыр айында барлық аудандарда «Серпін» күндері өткізіліп, мектеп бітіруші түлектермен және ауыл жастарымен кездесулер ұйымдастырылады екен. Облыс бойынша «Серпін» күндеріне 7 000-нан аса жас қамтылған.
Күн тәртібіне шығарылған келесі мәселе – мемлекеттік бағдарламалар аясында жастарды тұрғын үймен қамтамасыз ету. Аталған тақырып аясында баяндама жасаған облыс әкімдігі ақпарат және қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Құралай Өскембекованың айтуынша, бағдарлама биыл да жалғасын табады деп жоспарлануда.
Айта кетейік, «Әулиеата жастары» өңірлік тұрғын үй бағдарламасына облысымызда соңғы 3 жылда тұрақты тіркеуде тұрған, жасы 35-жасқа дейінгі және соңғы 5 жылда өзінің және жұбайының атында тұрғын үй тіркелмеген жастар қатыса алады.
Салалар бойынша шектеу болмайды, жастардың барлығына бірдей мүмкіндік беріледі.
Қарыздың ең жоғары сомасы 15 миллион теңгеге дейін, несие беру уақыты – 19 жыл, пайыздық мөлшерлеме – 5 пайыз, бастапқы жарна 10 пайыз деп көзделген.
Тұрғын үй бағдарламасына құжаттар қабылдау e-jambyl.kz сайты арқылы жүзеге асырылады. Құжат өткізу мерзімі күнтүзбелік 10 күнді құрайды.
Құжат өткізу күні алдағы уақытта облыс әкімдігінің сайтында, интернет ресурстарда және әлеуметтік желі парақшаларында жарияланады.
Сондай-ақ, облыстық, қалалық және аудандық жастар ресурстық орталықтарының мамандары тарапынан «Әулиеата жастары» өңірлік тұрғын үй бағдарламасын облыс жастары арасында кеңінен ақпараттандыру жұмыстары ұйымдастырылуда.
Жиын соңында қатысушылар баяндамашыларға сұрақтарын қойып, оларға тиісті түсініктемелер мен жауаптар берілді.
Мұқағали БАЛТАБАЕВ