Жамбыл жаңалықтары

Қазақ ертегілері жасанды интеллектпен қайта түрленді

Облыстық «Jambyl» телеарнасы елімізде алғашқылардың бірі болып жасанды интеллект (ЖИ) технологиясын пайдалану арқылы қазақ халық ертегілерінен мультфильмдер топтамасын әзірледі. Ұлттық болмыс пен заманауи цифрлық мүмкіндіктерді ұштастырған бұл бастама көрермендер тарапынан жоғары бағаға ие болуда.

Жаңа телеөнімнің жабық көрсетілімі Тараз қаласындағы «Оқушылар сарайында» өтіп, оған облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров, басқарма басшылары, БАҚ өкілдері, телеарна қызметкерлері және мектеп оқушылары қатысты.

Іс-шараға қатысушылар мультфильмдердің мазмұны мен техникалық сапасына оң пікір білдірді. ЖИ арқылы жасалған анимациялық туындылардың саны 12-ге жетіп, жалпы ұзақтығы жиырма минутты құрайды. Топтамаға халық арасында кең таралған «Қарлығаш пен Дәуіт», «Ақылды шыбын мен жалқау аю», «Түлкі мен тырна», «Арыстан мен тышқан», «Алдаркөсенің хикаялары» сынды ертегілермен қатар, балаларға ой саларлық «Әбіш пен Абайдың хикаясы» сияқты тәрбиелік мәні терең туындылар енгізілген. Әр мультфильм соңында берілетін қысқа ой-толғамдар балалардың санасына сіңімді болатындай етіп жасалған.

Облыстық «Jambyl» телеарнасының директоры Гүлбаршын Құланбаева бұл жобаның маңыздылығына тоқталып, алдағы уақытта да жаңа жобалар телеарна көрермендеріне жол тартатынын жеткізді.

Жаңа туындылар балалардың ерекше ықыласына бөленді. Тараз қаласының кішкентай тұрғыны Айбек Мыңжасар мультфильмнен ерекше әсер алғанын айтады.

Мультфильмдердің ішіндегі Тараз қаласына арналған арнайы шығарылым көрермендердің қызығушылығын ерекше оятты. Онда көне шаһардың көшелері, «Шахристан» кешені, тарихи нысандар мен қазіргі заман келбеті жасанды интеллект көмегімен көркем бейнеленген. Көзтартар көріністер мен шынайы көркемдеу жұмысы арқылы Тараз тарихы мен мәдениеті балаларға жаңа қырынан таныстырылып отыр.

Алдағы уақытта бұл топтама тек телеарна эфирімен шектелмей, «Әжемнің әңгімесі» өңірлік жобасы аясында балабақша тәрбиеленушілеріне де ұсынылмақ.

Айжан ӨЗБЕКОВА