Қазақстан Қытайдың жасанды интеллект саласындағы ұсынысын қолдады
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің Орнықты даму мақсаттарына жетуге ықпал ететін Жаһандық даму бастамасын қолдайтынын айтты, деп хабарлайды arainfo.kz
Мемлекет басшысы бұл бастаманың Қытай Төрағасы Си Цзиньпин ұсынған Жаһандық басқару бастамасымен үндес екенін атап өтті. Оның айтуынша, жаңа бастама халықаралық құқық үстемдігін нығайтуға, егемендік теңдігін қамтамасыз етуге және көпжақты институттардың тиімділігін арттыруға бағытталған.
Президенттің сөзінше, Жаһандық басқару бастамасы цифрлық технология, киберқауіпсіздік және ғарыш кеңістігіне әділ қолжетімділікті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар жасанды интеллектіні қолданудың этикалық стандарттарын қалыптастыруға жол ашады. Қазақстан Қытайдың осы салада жаһандық ұйым құру жөніндегі ұсынысын қолдайтынын мәлімдеді.
Тоқаев бұл бастама «Бір белдеу, бір жол» стратегиясының міндеттерімен де сәйкес келетінін айтты. Сөз соңында ол жаһандық бастаманы жүзеге асыру БҰҰ мақсаттарына жетуге ықпал ететінін ерекше атап өтті.