Жаңалықтар

Қазақстанда инклюзивті білім беру саласында жаңа заң қабылданбақ

Қазақстанда инклюзивті орта қалыптастыру бағытында «Мүмкіндігі шектеулі балаларды (тұлғаларды) кешенді қолдау туралы» жаңа заң жобасы дайындалып жатыр, деп хабарлайды arainfo.kz

Бұл бастама Мемлекет басшысының IV Ұлттық құрылтайда берген тапсырмасына және Парламент Сенаты депутаттарының ұсынысына сәйкес қолға алынды. Құжаттың мақсаты – ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың сапалы білім алуына жағдай жасап, медициналық, әлеуметтік және білім беру қызметтеріне үздіксіз қолжетімділікті қамтамасыз ету.

ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Инклюзивті және арнайы білім департаментінің директоры Бұлбұл Елеусінованың айтуынша, заңның қабылдануы балаларға атаулы әрі тұрақты қолдау жүйесін қалыптастырады. Сонымен бірге, ол Қазақстанға БҰҰ-ның Мүгедектер құқықтары жөніндегі комитеті 2024 жылы берген ұсынымдарды жүзеге асыруға бағытталған.

Бүгінде елімізде ерекше білім беру қажеттіліктері бар 235 мың бала бар. Олар үшін 508 арнайы ұйым жұмыс істейді: 110 ПМПК, 230 КППК, 99 арнайы мектеп, 45 мектепке дейінгі ұйым, 13 оңалту және 11 аутизм орталығы.

Сонымен қатар инклюзивті білім беруді кеңейту мақсатында әрбір білім беру ұйымында психологиялық-педагогикалық қолдау қызметтері ашылып, 29 мыңнан астам маман көмек көрсетуде. Мыңнан аса инклюзия кабинеті жұмыс істейді. Қазіргі таңда балаларды арнайы қолдаумен қамту деңгейі 85%-ға жеткен.