Жаңалықтар

Заң және тәртіп ұстанымы – қаржылық қауіпсіздіктің кепілі

«Заң және тәртіп» бастамасын жүзеге асыру аясында Жамбыл облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті зейнеткерлерге, жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік қызметшілеріне, білім және денсаулық сақтау салаларындағы бюджеттік ұйымдардың ұжымдарына, сондай-ақ жастар ұйымдарының өкілдеріне арнап «Заң және тәртіп ұстанымы – қаржылық қауіпсіздіктің кепілі» атты іс-шара ұйымдастырды, деп хабарлайды arainfo.kz

Шараға 350-ден астам адам қатысты.

Іс-шараның басты мақсаты – қоғамда қаржылық қауіпсіздіктің негіздерін нығайту және халықтың осал топтарын түрлі алаяқтық әрекеттерден қорғау. Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің криминалистикалық бөлімінің бастығы, қызмет полковнигі Мақсат  Байдалиев фишинг, вишинг, кардинг, фарминг сияқты заманауи алаяқтық түрлері туралы кеңінен түсіндірді.
-Қаржылық қауіпсіздік – қоғамның тұрақтылығы мен әрбір азаматтың амандығының кепілі. Бүгінде алаяқтар түрлі жаңа тәсілдерге жүгініп отыр: интернеттегі жалған сайттар арқылы фишинг жасайды, телефон арқылы сенімге кіріп вишинг ұйымдастырады, банктік карталарды пайдаланып кардингпен айналысады. Тіпті жасанды интеллектіні қолданып, адамның дауысын немесе бейнесін көшіріп, алдап-арбаудың жолдарын іздестіруде.

Біздің басты мақсатымыз – халықты мұндай қылмыстық әрекеттерден қорғау, қаржылық сауаттылықты арттыру және осал топтардың алданып қалуына жол бермеу. Әр азамат күмәнді ұсыныстарға сенбей, қаржы саласындағы кез келген әрекетке мұқият қараса, қоғамдағы алаяқтыққа қарсы тұру әлдеқайда тиімді болады, - деді Мақсат Құралбекұлы.
Қатысушыларға алаяқтарды қалай тануға болатыны, «дропперлікке» және қаржылық пирамидаларға тартылудың қауіптілігі, сондай-ақ алаяқтардың жасанды интеллектіні пайдаланып адамның дауысын және бейнесін көшіретін тәсілдері жөнінде жан-жақты ақпарат берілді.

Сонымен қатар, жиында Жамбыл облысы Полиция департаментінің «киберполиция» бөлімшесінің арнайы шақырылған өкілі сөз сөйледі.

Кездесу барысында Қаржы мониторингі агенттігінің бейнероликтері мен слайдтары көрсетіліп, Агенттіктің ақпараттық брошюралары таратылды.