Қазақстанда әлеуметтік төлемдер көлемі артты: жәрдемақылар мен төлемдерге 495 млрд теңге бөлінді
Қазақстанда мүгедектігі және асыраушысынан айырылуына байланысты жәрдемақыларға 436 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалды, деп хабарлайды arainfo.kz
2025 жылдың басынан бері мүгедектігі және асыраушысынан айырылуына байланысты мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыларға республикалық бюджеттен 436,1 млрд теңге бөлінді. Бұған қоса, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) еңбекке қабілеттілігінен және асыраушысынан айырылуына байланысты шамамен 59,8 млрд теңге төленді.
1 қыркүйектегі мәлімет бойынша, елде мүгедектігі үшін жәрдемақы алатындар саны – 543,7 мың адам, ал асыраушысынан айырылу жәрдемақысын алатындар – 184,1 мың адам.
Мүгедектігі бойынша жәрдемақы мөлшері мүгедектік тобына, себебіне және ең төмен күнкөріс деңгейіне байланысты есептеледі. Ал асыраушысынан айырылғандарға төлем көлемі асырауындағы адамдар саны мен табыс деңгейіне қарай белгіленеді.
Сонымен қатар, МӘСҚ арқылы қосымша әлеуметтік төлемдер жүзеге асырылады. Биылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша 97 мың адам еңбекке қабілеттілігінен айырылуына байланысты, ал 65,9 мыңға жуық отбасы асыраушысынан айырылуына байланысты төлем алды.
2025 жылғы 1 қаңтардан бастап жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдер 6,5%-ға өсті. Мәселен, биыл жалпы аурудан мүгедектігі үшін мемлекеттік жәрдемақы:
I топқа – 101 702 теңге,
II топқа – 81 362 теңге,
III топқа – 55 474 теңге.
Ал еңбекке қабілеттілігінен айырылғандарға төленетін орташа әлеуметтік төлем 71 468 теңгені, асыраушысынан айырылғандарға төленетін орташа төлем 74 460 теңгені құрап отыр.