Жаңалықтар

Әр 5 мың балаға – бір маман: Қазақстанда жаңа норма енгізілді

Қазақстанда қорғаншылық органдарының мамандарының саны 3,3 есеге артты, деп хабарлайды arainfo.kz

Бүгінде елімізде қорғаншылық органдарының мамандарының саны 3,3 есеге көбейіп, 303-тен 1006-ға жетті. Бұл өзгеріс отбасыларға көрсетілетін көмектің ауқымын кеңейтуге, қолжетімділікті арттыруға және сүйемелдеудің сапасын жақсартуға мүмкіндік бермек. Жыл соңына дейін штаттық құрамды 1383 адамға дейін ұлғайту жоспарланып отыр.

2024 жылғы желтоқсанда қабылданған «Мемлекеттік наградалар, білім беру және бала құқықтарын қорғау туралы» Заңымен алғаш рет нақты норма бекітілді: енді әрбір 5 мың балаға бір маман қарастырылады.

Сонымен қатар өңірлерде қорғаншылық органдарының жұмысын үйлестіретін жаңа құрылымдар ашылуда. Мәселен, Ақтөбе облысында Балалардың құқықтарын қорғау басқармасы құрылды. Алдағы уақытта осындай бөлімшелер Астана қаласында және Қостанай облысында іске қосылады.

Бұған дейін министрлік Бала құқықтары жөніндегі уәкілетті органмен бірлесіп қорғаншылық органдары қызметкерлеріне семинар-тренинг өткізген болатын. Нәтижесінде мамандарға әдістемелік ұсынымдар беріліп, бүгінде олар іс жүзінде қолданылуда.