Жаңалықтар

Елімізде өсімдік майы өндірісі 600 мың тоннаға жетті

Қазақстанда өсімдік майын өндіру көлемі тұрақты өсіп келеді, деп хабарлайды arainfo.kz

Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 2025 жылдың қаңтар–тамыз айларында 594,9 мың тонна өсімдік майы өндірілді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 27%-ға артық (468,5 мың тонна).

Әсіресе күнбағыс майының өндірісі айтарлықтай артты: сегіз айдың ішінде 523,9 мың тонна өнім шығарылып, 2024 жылғы көрсеткіштен 27,2%-ға жоғары болды.

Ауыл шаруашылығында майлы дақылдар егісінің көлемі де ұлғайған. 2025 жылы ол 4 млн гектарға жетті, оның 1,7 млн гектары күнбағыс алқаптары. Негізгі үлес Солтүстік Қазақстан (23,3%), Қостанай (23%) және Павлодар облыстарына (12,5%) тиесілі.

Қазір елде шикізатты қайта өңдейтін 88 кәсіпорын жұмыс істейді. Олардың жылдық қуаттылығы – 4,7 млн тонна. 2024 жылы 757,1 мың тонна өсімдік майы өндірілсе, оның 640,3 мың тоннасы күнбағыс майы болды.

Экспорт та өсім көрсетіп отыр. 2024 жылы өсімдік майларының сыртқа сатылымы алдыңғы жылмен салыстырғанда 29%-ға артты. Негізгі сатып алушылар – Қытай (42,4%), Өзбекстан (35,4%) және Тәжікстан (12,7%).

Саланы қолдау үшін мемлекет қайта өңдеушілерге қосымша құн салығын 70%-ға азайту жеңілдігін ұсынып отыр. Сондай-ақ кәсіпорындарға жеңілдетілген несие беріліп, Қытайға экспорт үшін санитариялық келісімдер жасалды.

Осылайша, Қазақстанда өсімдік майлары өндірісінің өсуі – егіс алқаптарын ұлғайту, қайта өңдеуді жаңғырту және агроөнеркәсіптік кешенді мемлекеттік қолдау жөніндегі жүйелі жұмыстың нәтижесі.