Жаңалықтар

Қазақстанда интернет-алаяқтықтың ірі схемасы әшкереленді

Келтірілген шығын көлемі 141 миллион теңгеден асқан, деп хабарлайды arainfo.kz

Шымкентте полицейлер интернет-алаяқтықпен айналысқан қылмыстық топты әшкереледі. Топ тек қала аумағында ғана емес, Алматы мен Алматы облысында да әрекет еткен.

Тергеу мәліметінше, алаяқтардың 9 қылмысқа қатысы бар, ал келтірілген шығын көлемі 141 миллион теңгеден асқан.

Арнайы операция барысында қылмыстық топтың 4 мүшесі ұсталды. Олар:

  • ұйымдастырушы – топ басшысы;
  • дропперлерді іздеп, тартумен айналысқан екі қатысушы;
  • қолма-қол ақшаны шешіп, жеткізіп отырған тасымалдаушы.

Қазіргі таңда күдіктілерге қатысты тергеу амалдары жүргізіліп, олардың өзге де ұқсас қылмыстарға қатыстылығы тексерілуде. Іс-шара Шымкент қалалық прокуратурасының үйлестіруімен өткен.

Еске сала кетейік, 16 қыркүйектен бастап Қазақстанда банк шотына, төлем немесе сәйкестендіру құралдарына заңсыз қол жеткізу, сондай-ақ заңсыз ақша аудару үшін қылмыстық жауапкершілік күшейтілген.