Рубльмен сауда жасаған балалар дүкені жауапқа тартылды
Бұл жағдай тұтынушылардың шағымынан кейін белгілі болған, деп хабарлайды arainfo.kz
Шығыс Қазақстан облысында балаларға арналған дүкенде тауар бағасы рубльмен көрсетілгені анықталды. Бұл жағдай тұтынушылардың шағымынан кейін белгілі болды.
Сауда және интеграция министрлігінің Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті жоспардан тыс тексеріс жүргізіп, ақпаратты растады. Кейбір тауарлар сөресінде шетел валютасымен жазылған жапсырмалар тұрған. Дүкен әкімшілігі мұны «заңнаманы білмеуден және қызметкерлердің жетіспеушілігінен болған қателік» деп түсіндірді.
Алайда тексеру кезінде құқық бұзушылықтың қайталанғаны белгілі болды. Соның нәтижесінде кәсіпкерлік субъектіге Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 193-бабының 5-бөлігіне сәйкес 200 айлық есептік көрсеткіш көлемінде (шамамен 736 мың теңге) айыппұл салынды.
Сонымен қатар дүкенге заң бұзушылықты жою туралы нұсқама берілді.