Мәдениет

Сарыбұлақтың сайыпқыраны

Осыдан тұп-тура жиырма бір жыл бұрын «Қожай қызыр, береке» атты шежіре кітапты жазу үшін Шу өңіріне, онда да Ботбай батырдың Шағайынан тарайтын Қожай ұрпақтарының ататегін білу мақсатымен осындағы Баласағұн, Белбасар, Көкқайнар, Бірлікүстем елді мекендеріне ат басын бұрғанмын.

Сол көненің көзінен қалған Саудабай қажының ұрпағы Сабыр ақсақал мен Үсен ата әулетінің қариясы Әлімтай Ақатаевты «Көкқайнардағы» қара шаңырағынан тауып, ататек шежіресінен сыр тарттық. Ал, 2004 жылы өз көзіммен көріп, әңгімесін тыңдаған Тоқтар ақсақалды Кеңес Одағының Батыры Саттар  Естемесовтің бірге туған інісі деп жүрсем, оның фамилиясы Байшығашев екен. Дәлірек айтқанда, Күнбастың Жүнбас есімді інісінің Шүмек, Көмек, Өтебімен аталас болып шықты. Байшығаш Көмектің баласы. Көмектен Тоқтар екені айдан анық.

Сонымен, Шудағы Саттар Естемесов атындағы орта мектепте мұғалім болып істеген Мияткүл Байшығашеваның (Тоқтар ағаның қызы) : «Әкем бір жасқа толмай жатып әкеден, тоғызға аяқ тірегенде шешеден жетім қалыпты. Сөйтіп, әкесінің туған қарындасы Нұралының қолында он бес жыл тәрбие көріпті» дейді. Тоқаңмен Меркінің «Қарасай» шатқалында бірге дәмдес болған кезде ол кісі: «Естеместен бір қыз, екі ұл бар. Сатимасы Жамбыл кеңшарына үйленіп еді. 1976 жылы дүние салды. Әлімқұл інісі Саттар екеуі 1942 жылы майданға кетті. Содан ағайынды екеуінен 1958 жылға дейін бір хабар алған жоқпыз. Саттардың ерлікпен қаза тапқаны туралы хабарды арада он төрт жыл өткенде әрең естідік. Батыр атаныпты. Шүкір, төбеміз көкке жетті. Мен бір емес үш той жасадым» деп еді.

Содан бері талай су ақты. 2019 жылы ұрпақтары Саттар Естемесовтің 100 жылдығын дүрілдетіп өткізді. Шу халқы батырын ардақтап, оған ескерткіш қойды. Қазір Көкқайнар  ауылы батырдың атымен аталады. Аудан «Ел үшін туған ер Саттар» атты кітап жазып, кейінгі ұрпаққа қалдырды.  Сөйтіп, «Сарыбұлақтан шыққан сайыпқыранның» есімі ел жадында қайта жаңғырды. Сонымен ер Саттардың ерлігі туралы не жазылды, не жазылмай қалды?  Иә, «Ерлік – елге мұра, ұрпаққа ұран» десек, Ботбай атаның Қожай биінен тараған батыр туралы тағы не айтуға болады?

Сабыр Саудабаев: «Саттардың әкесі Естемес Арыста би болған» десе, Әлімтай Ақатаев ақсақал: «Ел ішінде «Батырлықпен байыған батыр Күнбас» деген сөз бар. Соған қарап Саттардың текті әулеттен шыққанын байқауға болады» дейді. Иә, жұрттың Үсенмен тете туған Асанды «Әулие Асан» деуі де тегін емес.

Батырдың 100 жылдығына орай басылған кітапта «Вечерний Бишкек» газетінде 2010 жылғы 23 тамызда жарық көрген Анастасия Карелинаның «Пулеметчик в медном обличье» мақаласы басылыпты. Онда автор: «Жена героя была киргизкой, какое то время он жил в Киргизий, когда начался призыв в армию вернулся в родные места и оттуда ушел служить» дейді.  Біз бұдан Саттар Естемесовтің  неге 23 жасқа келгенде ғана (яғни 1942 жылдың маусым айында) әскерге өз ықтиярымен баруға өтініш білдіргенін білеміз. Ол  Қырғызстанға Әсемкүлге үйлену үшін барған екен. Оған дейін комсомолдарға жетекшілік етіп, Еңбекші ауылында салынып жатқан канал құрылысына қатысқан. Көрші елден келген бетте алдымен канал құрылысында жүрген   жастарға, одан соң қой бағып жүрген ағасы Әлімқұлға жолығады. Алдашбек Көшімбаев, Нұрахмет Әміров, Айтмахан Текебаев, Сабыр Оспанов майданға баруға келісімін береді. Оларға Саттар Естемесовтің  көршісі Әлжан Шомахов пен ағасы Әлімқұл да қосылады. Қан майданға кіргенде ауылдан шыққан бес жігіт Саттардан бөлініп кетеді де онымен бірге көршісі Әлжан ғана қалады. Айту кету керек, Саттар Естемесов соғысқа аттанғанда ағасының артында үш баласы қалды. Ал, өзінің әйелінен бала жоқ еді. Сонымен, Әлімқұл әйелі Әлпия мен келіні Әсемкүлге өзі бағып жүрген Жданов ұжымшарының қойын қалдырып,  майданға аттанды.

Ардагер журналист Ахметжан Қосақовтың Саттар туралы толғауы мен дастаны кейінгі ұрпақтың жадында мәңгі сақталатындығы сөзсіз. Десек те, өзіммен облыстық «Aq jol» газетінде бірге қызметтес болған әріптесім Бақытжан Текебайдың қысқа да болса нақты деректерге құрылған («Aq jol» газеті, 2010 жыл)  мақаласын оқып қанағаттандым. Автор: «Иә, Шуда Кеңес Одағының екі Батыры бар. Оның біреуі Сәду Шәкіров те, екіншісі Саттар Естемесов. С.Шәкіров Шу ауданында аупартком нұсқаушысы, Аманкелді кеңшарының төрағасы, «Дружба» кеңшарында партком хатшысы болғанымен оның туған жері Талас ауданы. Бірде Шуға әріптесім Мұрат Сыздық іссапарға келіп осы батырлар туралы жазғысы келетінін айтты. Мен оған Саттардың немере ағасы Тоқтарды таныстырдым. Мәкең талантты журналист қой, сол жолы кітапқа лайық материал алып, қалаға қайтып кетті. Өкінішке орай ол мінген көлік кездейсоқ жол апатына ұшырап, Мұрат бауырым мезгілсіз қаза болды. Сол олқылықтың орнын толтыру үшін батыр туралы мақала жазу мақсатымен Төле би ауылындағы орталық кітапханаға барып «Кеңес Одағының қазақстандық батырлары» деген  кітаптың 255- бетінен толық мәлімет алдым» деп жазып,  біраз мағлұмат береді. Біз де осыған ден қойдық.

Архив құжаттары не дейді? Саттар Естемесов №134 Вердинск дивизиясында 515-атқыштар  полкының екінші ротасында бөлімше командирі болып Смоленск түбінде соғысқа кіреді. Жалынды комсомолды бірден партия мүшелігіне кандидат етіп алады. Сержант С.Естемесов 1943 жылдың 8 тамызына қараған түні Пречистинскіде жаудың жойқын шабуылы кезінде қатардан шығып қалған командирдің орнына командир болып шайқасқа кіреді. Ол өзінің пулеметімен немістердің оқ атып жатқан ошақтарын жойып жіберіп, жау тылына өтеді. Сөйтіп,  неміс пулеметіне ие болып, сол қарумен фрицтердің өздеріне оқ жаудырады.

1943 жылдың 9-қыркүйегі де Саттар Естемесов  басқарған сарбаздарға оңайға соққан жоқ. Дольшино деревнясына  жау екі жаяу әскерлер ротасын топтастырып, танкілер мен өздігінен жүретін әскери техниканың күшімен кеңес әскерлеріне қаймықпай қарсы шабуылға шықты. Жау әскерінің күші біздікінен басым екені анық еді. Фашистердің алды біздің окоптарға аяқ басқанын күтіп жатқан ол өзіне  60 метрдей қалғанда пулеметінен оқ боратып, немістің жаяу әскерін аяусыз қырып салды. Қырықтан аса неміс жер жастанды. Жау шегінді. Сөйтіп, Саттар Естемесовтің  сарбаздары шабуылға шықты. 1943 жылдың 14-қыркүйегі күнгі шайқас та жан алысып, жан берісетін жағдайда өрбіді. Конопляники деревнясы түбінде ер Саттар немістің станокты пулеметіне граната лақтырып талқандап, біздің жаяу әскердің шабуылға шығуына жол ашып берді. Аспанға ракета атып кеңес жауынгерлерінің жаппай шабуылға шығуына мүмкіндік жасады. Бұл жерде жау үрейге басып, тіпті жан сауғалап қашты.

С.Естемесовтың осынау көзсіз ерлігін полк командирі, подполковник Сонис пен штаб бастығы, капитан Тухтин  ескерусіз қалдырған жоқ. Жоғарғы қолбасшылыққа,  яғни майданның әскери кеңесіне наградаға ұсыну туралы ұсыныс жазды. Саттар Естемесовке Кеңес Одағының Батыры атағын беру туралы шешімге №134 Вердинск атқыштар дивизиясының командирі, генерал-майор  Добровольский, №       84 атқыштар корпусының командирі (аты-жөні түсініксіз жазылыпты), армия генералы Берзарин, Кеңестер Одағының Батыры, генерал-майор Бойко, Бірінші Прибалтика  майданының қолбасшысы, генерал-майор Еременко, әскери кеңес мүшесі, генерал- лейтенант Леонов қол қойыпты. Сонымен Саттарға 1944 жылдың 4 маусымы күні Кеңес Одағының Батыры деген атақ пен «Ленин» орденін, «Алтын Жұлдыз» медалін беру туралы КСРО Жоғарғы Кеңесінің Жарлығы шықты.

Өкінішке орай Сарыбұлақ халқы Саттар Естемесовтің  ерлігі туралы арада он төрт жыл өткенде барып естіді. Өйткені батырға жоғарғы наградаларды тапсыруға болатын не әкесі, не шешесі жоқ еді. Әйелі Әсемкүл мен немере інісі Тоқтардың фамилиясы басқа болатын. Дегенмен майданға жиені Желдібаевтың жазған хаттары арқылы әскери комиссариаттың өкілдері батырдың туыстарын кеш те болса тапты. Бәрінен де інісі Тоқтардың қуанышында шек болған жоқ.  Ауданның «Еңбек Қызыл Ту» орденді атақты шопаны «ақ түйенің қарыны жарылған күн» деп бүкіл аймаққа жар салды. Ең алғаш соғысқа кіргенде сарыбұлақтық сарбазбен бірге бір ротада болған көршісі Әлжан ауыр жарақат алып, госпитальда жатқанда Саттар  Естемесов қолындағы сағатын «ескерткіш болсын» деп ауылдасына берген екен. Осы сұрапылдан Саттар да, ағасы Әлімқұл да қайтпады. Әлжан елге келген соң әркім-әркімге сағатты көрсетіп жүрген болатын. Кейін оны ағасы алды да, жоғалтып қойды. Майданда жүргенде Саттар Астарқұл деген жерлесімен де ұшырасқанын Мәми Әбдіқұлов өзінің естелігінде жазған болатын. Алайда ағайынды екеу із-түзсіз жоғалғандар тізімінде жүрді. Тоқтар аға жиені Желдібаевқа талай хат та жаздырды. Сөйтіп Саттар Естемесовтің  дерегі 1956 жылы шықты. Бірақ, оны Тоқтар 1958 жылы естіді.

Еліміз тәуелсіздігін алған соң тарихымыз түгенделіп, тұлғалар тұғырына қайта қона бастады. Саттар Естемесовке Кеңес Одағының Батыры атағы 1944 жылғы 4 маусымда берілгенімен Шу өңірінің халқы бұдан бейхабар еді. Арада елу жыл өткенде барып батыр оқыған мектептің алдына бюст қойылды. Бір жылдан соң ол жаңа мектептің алдына көшірілді. 1999 жылы Саттар Естемесовтің есімін алған кооперативтің бастығы Мирон Қаратаев Тоқтар Байшығашев, Әлімтай Ақатаев, Сабыр Саудабаев сынды азаматтардың қолдауымен Сарыбұлақта той өткізді. 2010 жылы Шу ауданының 80 жылдығына орай Шу қаласындағы «Жеңіс» саябағына батырдың ескерткішін қойды. Бұл бастаманың басы-қасында аудан әкімі Қожахан Жабағиев болды. Ол кісі Парламент депутаты болғанда да  батырдың 100 жылдық мерейтойын халықпен бірге өткізе білді. Айту ләзім, Саттар Естемеовтің  жақыны Марат Жүнісов өз қаражатына Көкқайнар ауылындағы клубтың алдына  батырдың ескерткішін орнатты.

Қазақ халқының қаһарман перзентімен қатар қан майданға аттанған Нұрахмет Әміровтың немересі Төрехан құрылыс компаниясын басқарады. Ол рухты азамат екен. Батыр бабасының ерлігін бүкіл қазақ елі білсін деген оймен: «Саттар Естемесовке неге Алматы қаласынан бір көшенің атын беруге болмайды?» деген тілегін қаладағы әкімдердің құлағына жеткізу мақсатымен талай есікті қақты. Сөйтіп, ол 2010 жылдан бері он жыл ұдайы әкім-қараларға талап қоюмен болды. Ақырында батырдың 100 жылдығы қарсаңында дегеніне жетіп, Алматының Алғабас ауданынан бір көшеге ат бергізді.

Кеңес Одағының Батыры Саттар Естемесовтің есімін шулықтар жақсы біледі. Алайда Отан үшін от кешкен ердің аты  Тараз қаласындағы көшелердің біріне беріліп, мектептерде әскери-патриоттық шаралар ұйымдастырылып тұрса нұр үстіне нұр болар еді.  

                       Сейсен Қожеке,

ардагер журналист