Жастар

Жас шеберлер жарқырай көрінді

Облыс әкімдігі білім басқармасының техникалық және кәсіптік білім беруді дамыту орталығының ұйымдастыруымен мектеп оқушылары арасындағы «JasSkills Kazakhstan – 2025» республикалық кәсіби шеберлік байқауының облыстық кезеңі өтті.

Оқушыларға кәсіптік бағдар беру – олардың болашағы үшін аса маңызды. Осы мақсатта ұйымдастырылған байқаудың негізгі мақсаты жасөспірімдер арасында жұмысшы мамандықтарын насихаттау, әртүрлі қызмет түрлері жайлы түсініктерін кеңейтіп, саналы түрде болашақ жолын таңдауға жетелеу. Байқау барысында қатысушыларға өздерінің алғашқы кәсіби дағдыларын көрсетіп, тәжірибесімен бөлісуге мүмкіндік берілді. Оқушылар бүгінгі еңбек нарығында ерекше сұранысқа ие 7 құзыреттілік («Аспаз ісі», «Шаштараз ісі», «Жеңіл автокөліктерді жөндеу және қызмет көрсету», «Мейрамхана қызметі», «Мобилография», «Наубайхана шеберлігі», «Сән технологиясы») бойынша бақ сынасты.

Байқауға жалпы білім беретін мектептердің 9-10-сыныптарынан барлығы 46 оқушы қатысты. Сондай-ақ сайысқа 21 сарапшы-маман төрелік жасады.

Байқаудың қорытынды кезеңінде әр құзыреттілік бойынша өз шеберлігін паш етіп, үздік өнерімен көзге түскен жеңімпаздар анықталды. І орынға ие болған оқушыларға республикалық додаға жолдама табысталды. Қазылар алқасының шешімімен облыстың намысын республикалық деңгейде қорғау құқығына Асланбек Рымқұл, Асланбек Рымқұл, Нұрила Мамарайым, Аружан Өтембай, Алинұр Оразалы, Алима Бердалы, Альбина Болат және Ксения Сечкина ие болды.

Облыс атынан сынға түсетін жас шеберлерге сәттілік тілейміз!

М.ЖАМБЫЛҰЛЫ