Қоғам

Мал баққанның мәртебесі биік

Есімі ел ішінде танымал болмаса да, мемлекетіміздің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосып жүрген еңбек адамдары қандай құрметке де лайық. Әсіресе атакәсібіміз мал шаруашылығымен айналысып, ел ырысын еселеуді мақсат тұтқан шаруалар қауымының еңбегін ерекше атап өтуге болады.

Жалпы түсіне білгенге мал бағу оңай шаруа емес. Қыстың қытымыр аязында, жаздың аптап ыстығында мал соңында жүру қайдан оңай болсын. Осы мақаланы дайындау барысында ризығын мал шаруашылығы саласынан айырып, бақытын еңбектен тапқан малсақ қауыммен емен-жарқын әңгімелесіп, мал баққанның бейнеті біз ойлағаннан да бес батпан екенін жете түсіндік.

20 жылдан бері мал бағумен айналысып келе жатқан Қайрат Қожағұлов 1964 жылдың 13 мамырында Байзақ ауданының топырағында дүниеге келген. Балалық шағы Көктал ауылында өткен.

Бала кезінен еңбекке жақын өскен кейіпкеріміз өмірлік серігі Шолпан Құдайбергеновамен шаңырақ көтергеннен кейін Бурыл ауылдық округіне қоныс аударып, мал шаруашылығына бет бұрады. Бастапқыда ауылдың малын бағып, тәжірибе жинақтайды. Кейін өзі де шаруашылыққа түбегейлі ден қойып, қой басын көбейте бастайды. Уақыт өте келе ірі қара жинауға көшеді.

Алайда қой мен сиырды қатар бағу оңайға соқпаған. Жемшөптің жетіспеушілігі, қажетті техникаға қол жеткізе алмау, жайылым тапшылығы секілді түрлі қиындықтар біраз уақыт қолбайлау болған. Бірақ қажырлы еңбек пен табандылығының арқасында кедергілерді еңсеріп, алға қарай ұмтылады. Қорадағы қойын сатып, аз жылда мал басын ірі қараға толықтай ауыстырады. Бүгінде Қайрат Қожағұлов ауылдық округтен 135 шақырым қашықтықтағы құмды аймақтан жеке шаруашылығын ашқан. Шаруашылықта асылтұқымды жүзден аса ірі қара бар.

Мал бағу төрт түліктің санын түгендеп, жемшөбінің жеткілікті болуын қадағалаумен шектелмейді. Бұл ретте шопан алдындағы малының әрбір қимылын бақылап, денсаулығын жіті қадағалап отыруы керек. Әр жануардың өзіне тән ерекшелігі бар. Бірі суыққа төзімді болса, тағы бірі шөлге шыдамсыз, енді бірі жайылым таңдап, жемшөпті талғап жейді. Нағыз шопан малдың осындай қыр-сырын жетік меңгермейінше, өз кәсібінің жемісін көре алмайды.

Қайрат Қожағұловтың мал бағуға қатысты өмірлік ұстанымы – бақташылық ең жауапты істің бірі. Құмды аймақта мал бағудың да өзіндік қиындықтары бар екен. Құмды аймақ бұйрат-бұйрат төбе мен ұзынынан сұлай түскен биік жалдан тұрады. Мұндай жердегі табиғат та жылдың әр мезгіліне сай тосын мінез көрсетіп отырады. Кейіпкеріміздің айтуынша, құмды жерде мал бағу жаз айларында ерекше ауыр. Шілденің аптап ыстығында шөп атаулы қурап, малдың өрісі ұзайды. Су көздері алыстап, құдыққа жету мұң болады. Ал күз түскенде малдың күйін жоғалтып алмау үшін мүйізді ірі қараны жерінің оты бар-ау деген өріске итшілеп жүріп айдап апарып, ет пісірім уақыт болса да ат шалдыруға тура келеді. Өйткені қазақ «Сиырлың сүті – тілінде» деп бекерге айтпаған.

Қыстың ұзақ аязды күндерінде құмды өңірде боран жиі соғып, малды ыққа жинау мен қоректендірудің машақаты көбейеді. Қытымыр қыстан малды аман сақтап қалу үшін қосымша жемшөп қорының маңыздылығы артады. Ал көктемде сиырдың бұзаулайтын шағы басталып, жауапкершілік бұрынғыдан да еселене түседі.

– Мал бағудың өзіндік ауыртпалықтары бар. Бақташының жылдың он екі айында Зеңгі баба тұқымының соңында жүруі керек. Бір сәт көзден таса қалдыруға болмайды. Қоғамдық жұмыс секілді белгілі бір демалыс уақыты да болмайды. Жұмысты жиырма төрт сағат бойы үздіксіз атқарады. Көктемнің көкөзегінде мал төлдей бастайды. Сол мезетте мал бағудың қиыншылығы тіпті көбейеді. Әр малдың артында төлін аңдып жүріп, арбаға немесе қыс кезінде шанаға қосып, бұзауды емізіп, жауратып алмай үйге алып келу керек. Жаңа туған мал төлі әлсіз болғандықтан суықты тез қабылдайды, тоңғыш келеді. Сиырды жетектеп, бұзауды алдына салып, 10-15 күн бойы жағдайын толық бақылауда ұстау қажет. Ал көктемде қораны дәрілеп, сиырға тән ауруларға қарсы екпе егіледі. Сондай-ақ шілде айында мүйізді қара қатты шөлдейді. Сиыр негізінде шөлге шыдамсыз. Қыстың күні аштан өлейін деп жатқан сиырдың өзі су сұрайды әрі жиі су ішкенді жаны сүйеді. Көктемде оқалақ, жаз мезгілінде сары безгек сынды ауру түрлері жиі кездесе бастайды. Мұндай мезетте Бурыл ауылдық округіндегі мал дәрігерімен бірге барып, аурудың алдын алу жұмыстары жүргізіледі. Жаз мезгілінің соңғы айында шөп ору басталады. Құмда арнайы комбайнмен құрақ-қамысты орып, бірнеше шөмеле шөп жинап, оны тайлап, қыстауға тасып аламыз. Бұл шөп қыста малды азықсыз қалдырмаудың бір амалы. Күзде мал келгенде бөлу жұмыстары жүргізіледі. Енесін еміп жүрген бұзауларды ертерек бөліп, сиыр желінінің суалуына бар жағдай жасалады. Өйткені сиыр күйлі болмаса, артында бұзауы бар мүйізді қара қыста көтерем болады. Сондықтан да бұзау мен сиырды екі бөлек бағамыз. Тағы да айта кетер бір жайт, қарашаның онынан кейін тана-торпақтан басқа сауынды сиырлар шетінен төлдей бастайды. Мұндай кезде бірі жайылымда, бірі қамыста, енді біреуі қурайда және базда бұзаулайды. Сол кезде бұзаудың барлық жағдайына жіті назар салу керек. Егер бұзау көп емсе іші өтеді, ал аз емсе аштан өледі. Соның бәрін бақылауда ұстау керек. Міне, малшаруашылығының осындай өзіндік ауыртпашылықтары бар, – дейді Қайрат Қожағұлов.

Кейіпкеріміз айтқандай, нағыз малшы болу үшін ат үстінен түспей, күндіз-түні төрт түліктің қасында жүру шарт. Бұл мамандық түрін таңдауға малдың тілін білетін, күннің ыстығына күйіп, суығына тоңатын, түнде басына ер-тоқым жастанып, таң қылаң бере мал соңына ілесетін бейнеткеш жан ғана беттей алады.

Кейіпкеріміздің тағы бір жеке ұстанымы – өрісті таза ұстау. Ол сырттан мал қоспайды. Өйткені сырттан әкелінген сиырлар құмға бейімделмей қалады әрі ауру әкелуі мүмкін деген қауіп бар екен. Сондықтан тек өз төлін қалдырып, екі-үш жыл сайын жаңартып отыруды дағдыға айналдырған. Мал жайылған жеріне жатпау керек, табынға бөтен сиыр қосылмауы шарт. Сонда ғана шөп те, су да таза болады. Төрт түліктің амандығы да өрістің тазалығына тікелей байланысты.

Бүгінде Қайрат Қожағұловқа отбасы мүшелері де көмек қолын созады. Өмірлік серігі Шолпан Құдайбергенова кітапханада жұмыс істейді екен. Жұмыстан бос күндері отағасына мал бағуға жәрдемдесетін көрінеді. Атакәсіпті дамытып отырған бұл отбасы екі қыз, бір ұл тәрбиелеп отыр. Ортаншы ұлы әскерден келгеннен кейін әкесіне қолғабыс етіп, мал бағып-қағудың қыр-сырын меңгеріп жүр. Малшыға мемлекет тарапынан да көмек үздіксіз беріліп отырады екен. Еңбекқорлығы мен малға деген сүйіспеншілігінің арқасында тек ауылда ғана емес ауданда да беделді шаруа адамына айналған. Ауылдастары да кейіпкеріміз жайлы жақсы пікірде. Бірі «нағыз еңбекқор ғой, күні-түні тыным таппайды» десе, енді бірі «қарапайым мінезінің арқасында осындай жетістікке жетіп отыр. Ауылдағы бірде-бір адаммен жанжалдасқанын көрмедік» деп жылы лебіздерін білдіруде.

Қазіргінің жастары мал бағудан қашады дегенді жиі естиміз. Бірақ мүлдем жоқ деу қисынға келмейді. Мәселен кез келген ауыл баласы ес білген шағынан қой бағып, шаруашылыққа жақын болып өседі. Соның бірі де бірегейі 2009 жылы дүние есігін ашқан – Иманғали Құдиярбек. Ол Талас ауданы, Қаратау қаласында туған. Бала күнінен малшылыққа бейім болған ол Қызыләуіт ауылдық округі Найзақызыл ауылында әкесі Ержан Жұмағұловтың шаруашылығында қызмет атқарады.

– Көзімді ашқалы бері малдың ішінде жүріп, қой бағып өстім. Уақыт өте келе мал бағудың қыр-сырына қанығып, оны толық меңгердім десем артық айтқаным емес. Әр түліктің бабын табу, күтімін жасау әрқилы. Жылқының қыры басқа, түйенің ыңғайы бөлек, ал қойдың өзіне тән машақаты жеткілікті. Ауылда жүріп атқа ер-тоқым салуды ғана емес, асауды үйретіп, жуасыту өнерін де игердім. Қой соңында жүріп, талай қиындық пен қызықты бастан өткердім. Бірі ауруға шалдығып қалса, енді бірі ішін құрт жайлап, әлсірей бастайды. Мұндай шақта ем-дом жасауға біртіндеп бойым үйренді. Төлдеген қойдың қозысын бөліп алу, әлжуазын анасынан айырып алмау секілді шаруалардың да жөн-жосығын түсініп, әкеден көргенімді тәжірибемен толықтыра бастадым. Жылқыны ерттеу, ен салу, тіпті тағалау секілді істің қырын да меңгеріп алдым. Жаз шыға достарымды шақырып, ауылдағы ағайынмен бірге қой қырықтыққа да атсалысамын, – дейді Иманғали Ержанұлы.

Қой бағу кезінде қызықты оқиғалардың да куәсі боласың. Иә, мұндай жайттар бала Иманғалиды да айналып өтпегені рас. Оның айтуынша, малшының әр күні бір оқиғаға негізделеді екен. Яғни мал бағу адамды сабырлылық пен шыдамдылыққа үйретсе, есте қалар естелік оқиғалар кез келген тығырықтан шығудың жолын табуға және оның алдын алуға үйретеді деседі.

– Бірде әдеттегідей бір отар қойды өріске айдап шығып, күнделікті тірлігіме кірістім. Өріске барғанда келесі бір шопанның мен қатарлы баласымен кезіктім. Күн ыстық, ал біз бала болған соң ойымызда артық жауапкершілік емес, ойын мен қызық көбірек еді. Түстен кейінгі мамыражай тыныштық па, әлде таңнан бергі шаршау ма, әйтеуір екеуміз де бір ағаштың саясына жайғасқан соң, көзіміз ілініп кетіпті. Кешке қарай оянғанымызда, қараңғылық түсе қоймаған шақ еді. Бағымымыздағы қойды көргенде жүрегіміз дір ете қалды. Екі отар қой бір-бірімен араласып, топтасып кетіпті. Бұған іштей қынжылып қана қоймай, ашуға булыққанымыз сонша, досым екеуміз балаға тән тентектікпен бір-бірімізді кінәлап, төбелесіп те алдық. Ақыры ашу басылған соң, отарды шамамен екіге бөліп, ешкімге айтпай өз бетімізше айдап әкеттік. Үйге оралғанымда әкемнің қабағы қатулы екенін көрдім. Бөтен қойларды бірден байқаған ол ашуын жасыра алмады. Ал мен болсам балалықпен басында мойындамай, «Бұл уақ мал біздікі» деп жалтардым. Ақыры жылап отырып, болған жағдайды жайып салдым. Кейіннен әкем екінші қойшыға хабарласып, біріне-бірі қосылған малды қайта бөліп алғанбыз. Бұл оқиға маған үлкен сабақ болып, кейіннен мұндай қателіктерге жол бермеуге барынша тырыстым. Алайда мал соңында жүрген адамға бастан өткеретін қызық пен қиындық аз болмайды. Әлі есімде, мезгіл қыстың соңғы апталары еді. Талас өңірінде түйе бағатындар сирек кездесетін. Дегенмен біздің ауылдық округтің бір адамы сол маңда түйе ұстайтын. Бір күні қойды «Жиделі» деген мал жайылымындағы жыңғыл араласқан, қара-барағы қалың жерге кіргізіп жібердім. Қойларды айдап шығуға ұмтылғанымда аяқ астынан түйелердің жатқанын көзім шалды. Сол сәтте бураның маған қадала қарап, басын жоғары көтергенін байқадым. Шөгіп жатқан бура орынан атып тұрып, талтайып тұра қалып, құйрығымен артқы өркешін сабалай бастады. Ә дегенше болмай, ол өз үйірін қызғанып, гүр етіп, аузынан ақ көбік ата артымнан қуа жөнелді. Қорыққаным сонша, аттың басын ауылға қарай бұрып, үйге дейін дем алмастан шауып келдім. Жүрегім аузыма тығылып, бураның ащы дыбысы құлағымнан кетпей, зәре-құтым қашқан, – дейді кейіпкеріміз.

Бала күнгі қызығын баяндаған Иманғали ауылдағы алтынға бергісіз уақытын аңсап отыратынын да жасырмады. Себебі ол қазір «Парасат» колледжіне оқуға түсіп, мұғалім мамандығында білім алуда.

Міне, бүгінгі мақаламызда мал бағудың қыр-сыры мен қиыншылықтары, сонымен қатар қызықты оқиғаларын да назарларыңызға ұсындық. Малшаруашылығына, ел экономикасының өркендеуіне елеулі үлес қосып жүрген бүгінгі еңбек адамдары құрметке лайық жандар екені анық. Ал олардың мансап жолы кейінгі ұрпаққа, бүгінгі жастарға өнеге болары сөзсіз.

Мұқағали БАЛТАБАЕВ