Әлеумет

Журналистикаға келуіме себепкер болған басылым

Облыстық «Ар-Ай» жастар газетінің құрылып, жұмыс істеп келе жатқанына да биыл 20 жыл толыпты. Газеттің ашылғаны кеше ғана сияқты еді, міне, бүгін бір ширек ғасырға жуықтап отыр. Бұл уақыт аралығында газет ұжымы оқырманын тұщымды мақалаларымен, қызықты оқиғаларымен, жедел ақпараттармен сусындатып келді. Әлі де сол үрдістен жаңылған жоқ. Жақсы мақалаларымен, жағымды жаңалығымен, көтерген мәселелерімен оқырман талабынан шығуда.

Алланың нәсібі шығар, газет ашылған сәтте осы газетте жұмыс істеу бақыты бұйырыпты. Шындығында отыз жасқа келгенде журналистикаға келген мені басылымның бас редакторы Болат Бекжанов жауапты хатшы етіп жұмысқа алды. Оған дейін Жуалы ауданындағы Теріс ауылында орналасқан №16 С.Сейфуллин атындағы орта мектепте мұғалім, директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары болып істегенім бар. Бөкең жұмысқа қабылдарда: «Сен бұл салада жаңа адамсың, газетте бұрыннан жұмыс істеп жүрген жауапты хатшылардың көпшілігі бір форматқа түсіп қалған. Газет дизайнын жасауда газетке өзгеріс енгізерсің деп ойлаймын»,- деп сенім артты. Сол сенімнен шығуға тырысып-бақтым. Газеттің алғашқы сандары жаман шыққан жоқ. Дизайны да, құрылымы да өзгеше, тартымды болып шықты.

Газет ашыла салып жұмыс істеп кеткен жоқ. Өзге әріптестер ол жағына кеңірек тоқталған да болар. Бастапқыда облыс әкімдігі ғимаратының қасында жиналып, сондағы орындықта жұмыс барысын жоспарлап жүрдік. Одан кейін дизайнеріміз Асыл деген қыздың үйінде мақала дайындап, бет жасадық. Кейіннен жастар орталығынан бөлмелер берілді. Облыс әкімдігі техникамен жабдықтап берді. Газеттің алғашқы нөмірін шығарғанға дейін бірнеше газет жасадық. Түрлі себептерге байланысты алғашқы нөміріміз кешеуілдей берді. Сөйтіп газеттің алғашқы саны 2005 жылдың 13 қазанында жарық көрді.

Әлі есімде, газеттің алғашқы таралымы  5 мың дана болды. Газет баспаға жіберілгеннен кейін, ертеңінде есік алдына үйіліп, түйілген газет жинаулы тұрады. Оны бірге жұмыс бастаған Бақытжан Оспанов, Алтынбек Қартабаев және Азамат Есалы, бәріміз бөліп алып, аудандарға жөнелтеміз. Қала берді қалада тұратын, мүйізі қарағайдай ақын-жазушыларға тарататынбыз. Әрбір шыққан нөмірді ертеңіне ақын Сағат Арынұлы, Баттал Жаңабаев, Кәдірхан Баққараевтардың үйіне апарып беретінмін. Кейде ол кісілер «Кел, отыр» деп тамақ беретін. Әңгіме айтып, газет туралы бағыт-бағдар беруші еді.

Кейін отбасы жағдайыма байланысты ауылға қайттым. Сөйтіп Жуалы аудандық «Жаңа өмір» газетінде редактордың орынбасары болып 13 жыл жұмыс істеп, 2018 жылы облыстық «Aq jol» газетіне ауысқан едім.  

Талай жастың жолын ашқан газетпен әлі күнге дейін байланысым үзілмей келеді. Бүгінгі ақпараттық-ком­­муникациялық технология заманында журналист болу әрі жеңіл, әрі қиын. Олай дейтінім, қазір ақпарат легі өте көп. Со­лай бола тұра соның ішіндегі ең пайдалысын, қажеттісін ха­лыққа сұ­рып­тап, саралап, таразы­лап жеткізе білу, мәлі­мет­тердің рас-өтірігін анық­тау, әр сөздің салмағы мен жа­уапкершілігін сезіну аса маңызды.

Расында, елімізде ашық әрі әділетті қоғам қа­лыптастыруда, қоғамдық ба­қылауды кү­шейтуде, би­лік пен ха­лық арасында алтын көпір болуда ақпа­рат құрал­дарының рөлі зор. Осы талаптан бүгінгі күні шығып отырған, өзім қызмет істеген, алтын ұям, журналистикаға келуіме себеп болған, бастамамды қолдаған, жігерлендіріп, жол көрсеткен «Ар-Ай» жастар газетінің мерейтойы құтты болсын! Оқырманы көп, ата газеттердің ізін жалғап, дамып, өркендей берсін!

Марат Құлибаев,  
республикалық «Еңбекші» салалық кәсіподақтар газетінің бас редакторы