Әлеумет

«Ар-Ай» газеті талай жасқа жол ашты

«Ар-Ай» жастар газетін ашу туралы әңгіме алғаш рет 2005 жылдың қаңтар айында басталды. Қыс мезгілінде «Ақ жол» газетінде журналист болып жүрген марқұм Болат Бекжановпен әңгімелесіп қалдым. Кейін облыстың бас басылымына жұмысқа орналасқанымда Бөкеңмен кездесіп, біраз пікір алмастық. Сонда Бөкең: «Жастар газеті ашылуы мүмкін. Қазір облыстық әкімшілікте осы бағытта тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр», – деді.

Бір күні «Жастар газеті ашылатын болды!» деген сүйінші хабар жетті. Сол кездегі ішкі саясат департаментін басқарған Масат Берік ағамыздың бастамасы қолдау тауып, облыс әкімі жастар газетін ашуға рұқсат берген екен. Газеттің редакторы ретінде таңдау Болат ағамызға түсіп, басылымға ат қою мәселесі де қызу талқыланды. Ақыры «Арлы болсын, айдай аппақ, таза болсын» деген тілекпен газеттің аты «Ар-Ай» болып бекітіліпті.

Тамыз айында Бөкең маған «Оң жағымнан табыл» деп тапсырма берді. Содан жастарды іздеуге кірістік. Алдымен Есет Досалы, Алтынбек Қартабаев секілді азаматтар келді. Жауапты хатшы қызметін Марат Құлибаев атқарды. Ол кезде бізде жеке ғимарат та жоқ еді. Облыстық әкімшіліктің алдында топырлап жүретінбіз. Бөкең департамент басшысына кіріп шығады да, бізге тапсырма береді. Біз сол тапсырмаларды орындау үшін орталық алаңдағы Бәйдібек бабамыздың ескерткіші жанындағы орындықтарға отырып, ақылдасатынбыз.

Алғашқы нөмірді дайындау оңай болған жоқ. Сол уақытта Асыл Қартабаеваның үйінде ғана компьютер бар еді. Асыл Қартабаева Алтынбек Қартабаевтың қарындасы болып келеді. Біз он шақты жігіт болып, Асылдың үйіне жиналатынбыз. Бөкең біресе мәтінді ана бетке аударады, біресе мына бетке өзгертеді. Уақыт өтіп, мақаламыздың мерзімі созылып кете беретін. Сөйтіп жүріп тамыздан бастап қазан айына дейінгі үш айда алғашқы нөмірімізді әзірледік. Ақыры 13-15 қазан аралығында көптен күткен тұңғыш санымыз жарық көрді. Біздің бар мақсатымыз – газеттің алғашқы нөмірін сапалы шығару. Сол себепті газетті D2 форматында басып шығардық. Бұл форматты облыста ең алғаш қолданған біз болдық. Тіпті ол кезде «Ақ жол» газетінің өзі D2 форматымен шықпайтын.

Қыркүйектің соңына қарай бізге арнайы ғимарат берілді. Ә.Айтиев көшесіндегі ғимараттан 5-6 бөлме бұйырды. Сол жерде жастар бас қосатын. Университет студенттері, оның ішінде марқұм Өрнек Құлекеев, бүгінде елімізге белгілі ақындар – Ерлан Жүніc, Олжас Сәндібек, Хамит Есаман, Нұржан Әліш секілді көптеген жас қаламгер өз шығармаларын «Ар-Ай»-ға әкеліп, өлеңдерін жариялап мәз болатын. Сол кезде газетте қаламақы да төленді. 15 қазанда алғашқы нөміріміз шықты, қараша айының соңына қарай айлық ала бастадық. Өзімнің алғашқы жалақым – 24 мың теңге. Ол кезде бұл жақсы қаражат еді. Қуанышымызда шек болмады. Газетке шын жанашыр болып, түнімен ұйықтамай жұмыс істейтінбіз. Таңертеңгі тоғыздан келіп, келесі күннің таңғы тоғызына дейін макетті он шақты рет өзгертетінбіз. Газет «Сенім» баспасында басылатын. Олар асықтырып, «Жіберіңдер газеттеріңді!» деп отырады. Бір нұсқа ұнамаса, екіншісі түзетіледі. Бірақ соның бәріне төзіп, ақыры газетті шығарып отыратынбыз.

Әрине, бұл істің артында қолдау көрсеткен ағаларымыздың еңбегі зор. Сол кездегі облыс әкімі Бөрібай Жексембинге, ішкі саясат департаментінің басшысы болған, зейнетке шығар алдында «Ар-Ай»-ды басқарған Масат Берік ағамызға, марқұм Болат Бекжановқа алғыс айтамыз!

Қиындықпен жолға қойылған «Ар-Ай» бүгінде тұрақты түрде шығып келеді. Қазір онда 15-ке жуық қызметкер еңбек етуде. Бұл басылым арқылы талай отбасы нәпақасын тауып отыр. Сондай-ақ қаншама жас осы газеттен тәлім алып, тәжірибе жинады. Мысалы, Өркен Кенжебек, Ерлан Жүніс сынды інілеріміз осы мектептен өтіп, бүгінде республикаға танымал болды.

Облыстағы жастардың жаршысы болған «Ар-Ай» газетінің 20 жылдығы құтты болсын! Жастар газеті болғандықтан, әрдайым жастардың жанашыры болып қала берсін. Жыл өткен сайын қанатын кеңге жайып, биіктей берсін деп тілеймін.

Азамат ЕСАЛЫ,

«AULIEATA-MEDIA» жауапкершілігі шектеулі

серіктестігі Бас директорының орынбасары