Басшыға баға ісіне қарай беріледі
Қаратау уақытында қандай қала еді, шіркін! Тазалығымен, жинақылығымен көз тартатын. Қаншама ұлттың өкілдері шағын қаладан тұрақ тауып, тату-тәтті ғұмыр кешті. Бұрынғы уақытта аға буын өкілдерінен осы сарындағы сөзді жиі еститінбіз. Рас, 1990 жылдардан кейінгі елең-алаң шақтағы қаланың кейпі көз алдымызда. Осы жердің тұрғыны болғандықтан көркі кетіп, құлазыған Қаратауға жанымыз ауыратын. Иә, қаланың болашағына күмәнмен қарағандар да көп болды сонда. Бірақ бала күнгі қуанышымыздың куәсіне айналған, аяулы шағымыз өткен шағын шаһардың тозғанын қаламадық, жан рахаты үшін өзге мекенге қоныс аударып, бас сауғаламадық. «Көппен көрген ұлы той» деп елмен бірге болып, ертеңгі күнімізге үміт арттық.
Тегінде, елдің түзелуі, түлеуі, халықтың тұрмысы басшының іскерлігі мен жұмыс тәжірибесіне байланысты ғой. Көптің тілегі қабыл болды ма, Қаратауға Дархан Баймбетов әкім болып келгелі қала ішінде көзге көрінетін, айтуға татитын істер қолға алына бастады. Мұның алдындағы қала басшыларының жұмыстарын жоққа шығарып отырғаным жоқ, Оқырмандар, осы қаланың тұрғындары ойымды дұрыс түсінсе екен деймін. «Сабақты ине сәтімен» дейді қазақ. Уақыт туып, реті осылай келген болар, бәлкім. Қалай десек те, қаланың қазіргі тыныс-тіршілігіне қатысты Дархан Тобашұлының сіңіріп жатқан еңбегіне көпшілік риза. Қаратаудың көшелерін жаяу аралап, көппен кездесіп, ұсыныс-тілектеріне назар аудара білгендігі оның халыққа жақын екендігін танытса керек. Кей тұрғындар мұны оның қарапайымдылығымен де байланыстырады.
Мұндаға дейін тұрғындардың көтеретін тақырыбы, талай жиынның жыры болған қалаішілік көше жолдары еді. Айтса айтқандай, кейбір көшелер Кеңес өкіметінен бері жөндеу көрмесе, қайсыбірінде мүлде асфальт жабындысы жоқ болатын. Халықтың талап-тілегіне орай бұл мәселе де ретімен шешілді. Бүгінге дейін 94,8 шақырымды құрайтын 130 көшенің 94-іне толық асфальт жабындысы төселді. Бұл айтуға оңай болғанымен, атқаруға келгенде жеңіл жұмыс емес еді. Машақаты мол, қыруар шаруа. Білуімше, қалған 36 көшенің орташа жөндеу жұмыстары 2027 жылға дейін аяқталып бітеді. Оған да көп қалған жоқ, сәтін салса бұл тақырып осымен тәмам болады деп сенеміз.
Көше жарығы да жиі көтерілетін мәселенің бірі ғой. Бұл бағыттағы жұмысқа да көңіл толады. Мәселен, 2023 жылы 28 аула, ал 2024 жылы 24 көшеге жарық шамдары қойылды. Жыл басынан бері 7 көшеге түнгі жарық шамы орнатылды. Осылайша, бүгінге дейін қаладағы көшелердің 63 пайызы, көппәтерлі аулалардың 100 пайызы түнгі жарық шамына қосылды. Қалған 38 көшені жарықтандыру мәселесі көп ұзамай шешімін таппақ.
Қазір қала ішінде балалар ойын алаңшасын жиі ұшыратамыз. Мұндай нысандар баланың уақытын тиімді пайдалауға септігін тигізіп қана қоймайды, өз кезегінде айналаның да сәнін арттырып, қала көркіне көрік қосып отыр. Бүгінде көппәтерлі үйдің бүлдіршіндері шалғайға шапқыламай, өз ауласында, ата-анасының көз алдында ойнауға мүмкіндік алды. Тек 2024 жылдың өзінде 17 балалар ойын алаңшасы бой көтерді. Биыл да дәл осындай 8 нысанды қолданысқа беру жоспарланған. Жуырда оның төртеуі пайдалануға берілді.
Қалай десек те, қала ішінде жасалып жатқан жұмыс көрер көзге көрініп тұр. Мен тек бұған дейін тұрғындар тарапынан көтерілген мәселеге ғана тоқталдым. Өйткені оң шешімін тапқан бұл істердің ауқымы да, артқан міндеті де зор.
Көшенің көркін ғана емес, қаланың атына сын болған қаңыраған үйлер қазір жоқ. Қайта жаңғыртудан өтіп, баспана кезегінде тұрған отбасыларға шетінен үлестіріліп жатыр. Бұдан үлкен қандай қолдау, бұдан артық қандай қуаныш болмақ. Шағын шаһарымыз заманға сай түрленіп келеді. Біздің көңілімізді демеп, мерейімізді өсіретіні де-осы.
Бақытжан Қарағұл,
Қаратау қаласының тұрғыны,
Талас ауданы