Қоғам

Қаракөз қыздарға айтарым бар

Біз жан-жарым Әсия екеуіміз жеті гүл өсірген бақытты отбасының біріміз. Осы кезеңде қыз тәрбиесінің «академиясын» бітіргендей күйдеміз. Балапандарымызға барынша оң тәрбие беру үшін бар ғұмырымызды арнадық десек те болады. Ел арасында айтылып жүрген ақыл-өсиеттерді тілге тиек етіп, мен де өз ой-пікірімді, оқыған-тоқығанымды қазақ қыздарына арнағанды жөн көріп, қолыма қалам алып отырмын.

Бүгінгі қыз болашақ келін болса, ертең ана, ары қарай ене атанады. «Өгізге туған күннің бұзауға да туатыны» секілді, жас келін енесіне қалай құрмет көрсетсе, ертең оның келіні де солай сыйлайтын болады. Тұрмысқа шыққан соң қыз бала жаңа аттаған босағасын біреудің үйі деп қарамай, «Мен өз үйіме келдім, өз отанымды енді таптым. Көркейтіп, көгертетін, керегемді кеңейтіп, шаңырағымды биік, босағамды берік ететін осы үй» деп қарау керек.

Жаңа түскен әулеттің келіні болғандықтан, келген күннен бастап салған сәлемінің де мәні зор, мағынасы терең бола бермек. Сәлем салу – бұл тәрбиенің, көрегендіктің белгісі. Үлкенді сыйлағандық. Одан қала берді, қарапайымдылықты, ізгілікті, кішіпейілдікті аңғартады. Бұл ізгі қасиеттер бойынан табылған жан жаман болмайды. Қайта алғысқа, сый-құрметке бөленеді. Үлкенге иіліп сәлем салу арқылы «Көп жаса!», «Бақытты бол, айналайын!» деген тәрізді ақ бата, жақсы сөз, игі тілек еститін келіншектің бағы артады. Үлкеннің алдынан кесіп өтпей, бетіне бедірейіп қарамай, сәлем салған келінге үлкендер жағы да риза болады. Сол иілген сәлемнің өзі сыйластық қарым-қатынасқа бастар үлкен жол емес пе?!

Жапон мәдениетінде ресми жиынның өзінде мемлекет басшылары жұрт алдында басын түсіріп, иіліп жатады. Осы кішіліктен жапондар кішірейіп кетті ме, көш соңында қалып қойды ма? Жоқ! Қайта өсіп, өркендеп жатыр, таңғажайып жетістіктерге қол жеткізіп отыр. Осының бәрі тәрбиеден, салт-дәстүрге беріктіктен.

Ал қыздарға айтарым, сендер мәңгі келін болып жүрмейсіңдер. Қазір келін атансаң, 20-25 жылдан кейін ене боласың. Осынша уақыттан кейін келінің саған қызмет етсін десең, қазірден бастап ата-енеңді сыйла, қызмет ет. Жаратушының бізді бақылауы зор. Ата-анаға не істесең, бәрі де өзіңе тура солай қайтып келеді. Сондықтан келіндер мәңгі жас болып тұрамын, қартаймаймын деп ойламауы керек. Кішілер өз әке-шешесіне қандай мейіріммен қараса, ата-енесін де дәл солай құрметтеуі тиіс.

Ол үшін тынбай құлшын қызым, ертеңгі ибалы келін, асыл жар, аялы ана болуды бүгіннен, өз үйіңннен баста. Анаң білгенін өмір бойы құлағыңа құйып келеді. Ертеңгі күндерді пәк ниетіңмен күтіп ал. Ниетің таза болмаса, істеген ісіңнің де, ұстаған үйіңнің де берекесі болмайды. Еркелігіңді, балалығыңды, аңқаулығыңды – барлығын туып-өскен үйіңде қалдырып кет.

Әйелдің екінші тазалығы ерінің киімінен білінеді. Құдай қосқан жан жолдасыңның киімін реттеп, жағалысын қастерлеп ұста. Еріңді құрметтеуді оның киімінен бастасаң, ел алдында құрмет-қасиетің артады. Әр жерде кір болып, аяқ астында қалмасын. Еріңді құрметтегенің ертеңгі ұрпақтың саған жасар сыйы деп біл. Сыртқа шыға қалса жаға-жеңін тап-таза етіп, жылы қабақпен шығарып сал, ол келгенде күліп қарсы алатын бол!

Еріңнің алдында орынсыз ашуланып, айқайлап сөйлеме. Әр уақыт ақылыңды ғана серік ет. Әйелдің үшінші тазалығы жатар орнынан білінер. Көрпе-төсекті үнемі далаға жайып, жуып-шайып, таза ұста. Мен ескерткен істер қарапайым ғана болғанымен көп адамның қолынан келе бермейді. Тіпті, кей-кейде үсті-басы мұнтаздай болып жүретін кейбір әйелдердің өзі осыған мән бермейді.

Ал, қыздарым, ең алдымен күндеріңді тап-таза, көңілді өткізіңдер. Қысыр кеңеске бой ұрмаңдар, барған жерде ақылды да, ибалы бола біліңдер. Арлы, тәрбиелі және өз ошағына берік әйелдің үйі-жәннаттың бір бұрышы. Ол жерден шыққан баланың уілі, отағасының емен-жарқын күлкісі және ананың мейірімге толы дауысы бейне бір жәннат тұрғындарының салған әндері мен кәусар бұлақтың сылдыр қаққан үніндей.

Әйелдің мерейін періштеден де асыратын қасиеті оның ішкі дүниесінің тереңдігі, намысының биіктігі мен парасаттылығында жатыр. Намысы тапталып, өсекке ілінген әйел жалған ақша, ал жеңілтек әйел – масқараға айналған қуыршақ қана. Осындай азғындаған әйелдер үстемдік құрған ортада түтіні түзу ошақ, салиқалы ұрпақ туралы ойлаудың өзі мүмкін емес.

Ішкі жан дүниесі нұрланып, ізгілікке жеткен әйел – қымбат тастармен көмкерілген құнды бұйым сияқты. Оның әр қылығынан самал есіп, үйдің іші самаладай жарқырап, жылы шуақ орнайды. Текті әйелдің көркі – ар-намысы мен абыройы. Ал оның тәрбиелігі мен жарына деген адалдығы бір төбе.

Әйел нәзіктігімен, сезімталдығымен ерекше бір қасиетке ие. Ол осы қасиеттерін, нәзік болмысын ескерген жағдайда ғана арын сақтап тұра алады. Тек осылай еткенде ғана ол отбасына, тіпті қоғамға да пайдалы бола алады. Егер біз мәңгілік қадірі артқан ел боламыз десек, өз дәстүрімізден, отбасылық құндылықтардан алшақтамауымыз керек. Өмірге ұрпақ әкелетін де, тәлім-тәрбие беретін де – Ана. Ал болашақ арлы аналар – бүгінгі бойжеткен қыздардан, келісті келіншектерден шығады. Сондықтан оғаш әрекеттерге жол бермей, дәстүр сабақтастығын жалғауды ойлауымыз қажет.

Қыз тәрбиелі болса, келін өнегелі болады. Келін өнегелі болса, ертең парасатты анаға айналады. Ал ана парасатты болса, әже данышпан болады. Өмір осылай жалғаса береді. Ал қаракөз қыздарым, осы ақылымды өздеріңе серік етіңдер.

Алдаберді МАҚАШЕВ,

Сарысу ауданы және
Тараз қаласының Құрметті ардагері