«AY KUS» жылына 70 миллион жұмыртқа өндіреді
Қымбатшылық қос бүйірден қысып, көпшіліктің қалтасын қаққан тұста халықты арзан әрі сапалы азық-түлікпен қамту – нағыз отаншыл кәсіпкердің ісі. Өйткені бұл – табыс табумен шектелмейтін, елдің әл-ауқатын ойлаған, қоғамдық жауапкершілікті бірінші орынға қойған азаматтық ұстаным. Мұндай кәсіп иелері алдымен халықтың күнделікті тұтынатын тауарларға деген қолжетімділігін қамтамасыз етіп, нарықтағы бағаның тепе-теңдігін ұстап тұруға ықпал етеді.
Бұл біріншіден, тұтынушының тұрмыстық деңгейін тұрақтандыру болса, екіншіден ел экономикасына қосылған елеулі үлес. Осындай ұстанымды басшылыққа алған өндіріс орындарының бірі – Жамбыл ауданына қарасты Еңбек ауылында орналасқан «AY KUS» фабрикасы.
2017 жылы іске қосылған фабрика жыл санап өндіріс ауқымын кеңейтіп келеді. Бүгінде кәсіпорынның жалпы құны 917 миллион теңгені құрайды. Бұл – ауылшаруашылығын дамытуға, халықты жұмыспен қамтуға және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған маңызды жоба.
Жай күндері дүкендер мен базарларда бір дана жұмыртқа 50-60 теңгеден сатылып жатқанда, Еңбек ауылындағы фабрика халыққа жұмыртқаны 35-40 теңгеден ұсынуда. Бұл ауыл тұрмақ, қала халқы үшін де тиімді баға болып тұр.
Жылына 70 миллион дана жұмыртқа өндіретін фабрикада қазіргі таңда 33 адам тұрақты жұмыс істейді. Өндіріс толығымен автоматтандырылған. Жұмыртқа салмағы мен сапасына қарай сұрыпталып, арнайы құрылғылар арқылы ұяшықты қораптарға салынады. Мұның барлығы уақытты үнемдеп қана қоймай, өнімнің тазалығы мен қауіпсіздігін де қамтамасыз етеді.
Фабрика тек жұмыртқа өндірумен ғана шектелмейді. Мұнда 250 тауық пен 270 мың балапан өсіріледі. Алдағы уақытта құс басын көбейтіп, өндіріс көлемін арттыру көзделіп отыр.
Құсшаруашылығы бойынша белді қызметкердің бірі, бірнеше жылдан бері кәсіпорында еңбек етіп келе жатқан Мария Айтбаева да өндіріс барысындағы жаңашылдықтармен бөлісті.
Қазіргі таңда фабрикада S1, S2, S3, сондай-ақ классика, отбор, премиум және элита сұрыпты жұмыртқалар шығарылады. Бұл сұрыптардың барлығы да тұтынушылардың түрлі сұраныстарын ескеріп әзірленеді.
Ел экономикасының іргетасы осындай қарапайым, бірақ қажырлы еңбекпен қаланып жатыр. Еңбек ауылындағы құс фабрикасының өрісі кеңейіп, болашағы жарқын боларына сенім мол.
Аружан КҮНТУБАЙ,
журналист,
Жамбыл ауданы