Жер шын мұқтаждарға үлестірілуде
Жер дауы қазақ қоғамында бұрыннан бар өзекті мәселе. Әсіресе қазіргі заманда мал бағып, егін еккіңіз келсе, үй немесе кәсіпкерлік нысан соққыңыз келсе, барлық мәселе жерге келіп тіреледі.
Жерді кез келген мақсатта пайдалануға болмайды, оның өзіндік тәртібі, талабы бар. Ал қандайда бір мақсатпен алынған жер бос жатпауы керек. Мысалы, үй салу үшін ауылдық округтерде үлестірілген жер теліміне үш жыл ішінде баспана тұрғызылуы керек. Сол секілді егістік алқапқа егін егілмесе, жайылымға мал жайылмаса ол міндетті түрде кері қайтарылады. Осының ішінде ауылшаруашылығымен айналысатын жұртшылық үшін жайылым тапшылығы осыдан бірнеше жыл бұрын Үкімет деңгейінде мәселе ретінде көтеріліп, содан бері жайылым тапшылығын жою бағытында бірқатар шаруа атқарылып келеді. Өйткені көптеген ауылдық елді мекендердің айналасы малдың көптігінен айтақырға айналып, өріс тарылып кеткен. Оның ішінде қора-қора қой мен үйір-үйір жылқысын ауыл ішінде ұстап отырған байшыкештер бар. Оларды да түсінуге болады. Бейнеттеніп жүріп, мал басын көбейтіп, енді ауылдан аулақ кетейін десе жайылым жер жоқ. Кезінде болмысынан пысық базбіреулер қорасында қойы, өрісте жылқысы болмаса да мыңдаған гектар жерді амалын тауып заңдастырып алған. Одан қалса тағы бірі ауылдық елді мекен маңынан жер алып, шаруа қожалық ашуы себебінен ауыл малының өрісі тарыла түскен. Осындай мәселелерді анықтау, әсіресе заңды иелері игермегендіктен бос жатқан жерлерді кері қайтарып, оны шын мұқтаждарға беру бір күнде бітетін шаруа емес. Сол үшінде бұл мәселе қоғамда өзекті.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында ауылшаруашылығын жаңа деңгейге көтерудің жолын ұсынды. Бұл салаға тың серпін беру үшін мемлекет соңғы жылдары тиісті реформаларды жүзеге асырып-ақ жатыр. Қомақты қаражат та бөлініп, шаруаларға лайықты қолдау көрсетілуде. Қажетті несиелер уақытында беріліп, агроөнеркәсіптің орасан зор әлеуетін толық ашуға барынша жағдай жасалуда.
Президент аталған Жолдауда: «Жер – стратегиялық ресурс. Оның бар игілігі елді дамытып, халықтың тұрмысын жақсартуға арналуы керек.
Мен игерілмей бос жатқан және заңсыз алынған ауыл шаруашылығы жерлерін кері қайтарып, оны қайта бөлу туралы тапсырма бердім. Жер иесіз қалмауға тиіс, жерді тек қана оның қадірін білетін азаматтарға беру керек» – деді.
Негізінде даланың қас-қабағын бағып, күнін мал соңында өткізетін немесе күні бойы кетпенін арқалап, егіс басында жүретін ауылдағы ағайынға қаржылай қолдау көрсетіп қана қарап отыру жеткіліксіз. Ең алдымен жер қатынасы мәселесін әділ шешіп алмай, ауылшаруашылығын өркендету мүмкін емес. Себебі жер жекелеген адамның емес, барша халықтың ортақ қазынасы. Оның рәтін халық көріп, рахатын шаруа сезінуі керек.
Мемлекет басшысы ауылшаруашылығын жаңа деңгейге көтеру ісінде жүйені цифрландыру арқылы жүйелі реформа жүргізу қажеттігін меңзеп отыр. Оның ішінде ең негізгісі жерді пайдалануға қатысты талап пен тәртіп. Өйткені жер халықтың игілігіне қызмет еткенде ғана ауылшаруашылығы дамиды.
Облыс әкімдігі жер қатынастары басқармасының басшысы Данияр Өтеповтің айтуынша, Жолдаудан туындайтын міндеттердің ең бастысы – жер қатынастары саласында нақты іс-шараларды жүзеге асыру. Оның сөзіне сүйенсек, өңірде бұл бағытта бірқатар ауқымды жұмыс қолға алынған.
Жалпы алғанда елді мекендердің ортақ пайдаланымындағы жайылымдарды толық қамту жер қатынастары басқармасының басты мақсатының бірі. Осы міндет жүзеге асқан жағдайда қалған ауылшаруашылығы мақсатындағы жайылымдар шұғыл түрде конкурс арқылы шаруашылықтарға беріледі. Сол сияқты егістік алқаптарына да ашық конкурс ұйымдастырылып, жердің нағыз мұқтаж, еңбек етемін деген шаруаларға берілуі қамтамасыз етіледі, – дейді Д.Өтепов.
Бүгінгі күнге дейін облыс көлемінде жерді тиімді игеру, оны мұқтаждарға әділетті жолмен үлестіру мақсатында біршама іс атқарылыпты. 2022 жылдан бастап осы күнге дейін барлығы 49 конкурс өткізіліп, соның нәтижесінде жалпы көлемі 150,6 мың гектар жер шаруашылық айналымына қосылған екен. Осы арқылы бос жатқан алқаптардың қайта игеріліп, халықтың қажетіне жаратыла бастағанын аңғаруға болады.
Аталған 150,6 мың гектардың ішінде егістік жер 14,9 мың гектарды құраған. Бұл дегеніміз шаруаларға қосымша егін егуге, астық көлемін арттыруға үлкен мүмкіндік берді деген сөз. Сондай-ақ шабындық жер 7,8 мың гектар болған. Оның игерілуі шаруалардың мал азығын дайындауына айталықтай септігін тигізіп, ауылдағы ағайынның қысқы шөп қорын молынан дайындауына жол ашқан. Ал үлестірілген ең көп көлемді 127,7 мың гектар жайылым алып отыр. Осы арқылы ауыл тұрғындары төрт түлігін өрісте емін-еркін жаюына мүмкіндік алған. Демек, бос жатқан жердің игілігін көру біртіндеп жүзеге асып келеді. Бұрын пайдаланылмай жатқан егістік енді нақты өнім беретін алқапқа айналса, шабындықтан мал азығы дайындалып, жайылым да мыңғырған малға толығуда.
Қорыта айтқанда, өңірдегі әр өткізілген конкурс арқылы жердің жаңа иесі анықталып, қазіргі уақытта шаруалардың мәселесі біртіндеп болса да оңынан шешілуде.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ