Даму бағытымызды айқындады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауы – еліміздің жаңа дәуірдегі даму бағытын айқындаған тарихи құжат. Қазіргі геосаяси ахуалдың күрделілігі, жаппай цифрландыру және жасанды интеллект дәуірінің басталуы, экологиялық қауіптер мен жаһандық сын-қатерлердің күшеюі Президентіміз атап өткендей жұмысымызды жаңаша тәсілмен жүргізуді талап етіп отыр.
Президент Жолдауында еліміздің тұрақты дамуы үшін басымдық берілуі тиіс жаңа бағыттар айқындалды. Осы жылғы Жолдауда басты назар Қазақстанды толық цифрлық мемлекетке айналдыруға ауды. Байыпты бастаманың көздегені – мемлекеттік қызметтерді интернетке көшіріп қана қоймай, ауылшаруашылығынан бастап көлік, медицина, білім және бизнес салаларына дейін жаңа технологияны енгізу. Мысалы, фермер жерді игеру мен суаруды заманауи әдіспен басқарып, шығынын азайта алады. Қаладағы кәсіпкер жасанды интеллект көмегімен өндірісті тиімді жүргізе алады. Яғни, цифрландыру бәріне ортақ мүмкіндік.
Инвестиция саясатына да жаңа көзқарас қажет. Мемлекет басшысы өз сөзінде бұдан былай қаржы шикізатқа емес, өңдеуге, өндіріс пен ғылымға бағытталуы тиіс екенін айтты. Осылай болған жағдайда ауыл-аймақтарда зауыттардың ашылуына, жергілікті кәсіпорындардың күшеюіне жағдай жасалады. Әр өңір өз ерекшелігіне қарай өндірісті дамытып, инвесторлармен жұмыс істейтін болады. Мұның нәтижесінде елдің индустриясы жаңарып, жаңа жұмыс орындары ашылады.
Жолдауда асыраушы сала ауылшаруашылығы жайында да аз айтылмады.
«Ауылшаруашылығын жаңа деңгейге көтеру қажет. Бұл салаға тың серпін беру үшін мемлекет соңғы жылдары реформа жүргізіп жатыр. Қомақты қаражат бөлінуде, биыл шаруаларды қолдауға бір триллион теңге жұмсалды. Қажетті несиелер уақытында берілді. Мұндай ауқымды қолдау елімізде бұрын-соңды болмаған.
Бірақ агроөнеркәсіптің орасан зор әлеуетін толық ашуға бұл шаралардың әзірге жеткіліксіз екені анық. Мәселе – қаражаттың көлемінде емес, ең бастысы, оны тиімді пайдалану қажет. Озық агроэкономикаға көшу үшін Үкіметтің нақты жоспары болуы керек. Қазір ауылшаруашылығы өнімдерін терең өңдейтін бірқатар ірі жоба жүзеге асырылып жатыр. Оған отандық және шетелдік инвесторлар қатысуда. Инвестицияның жалпы көлемі 2 миллиард доллардан асады. Үш мыңнан астам жұмыс орны ашылады. Өнімдер әлемнің көптеген еліне тасымалданады. Мұндай жобалардың ауқымын кеңейту қажет. Әр аймақта дайын өнімді өндірістен дүкен сөресіне дейін жеткізетін әрбір өңірдің ерекшелігіне қарай біртұтас желі қалыптасуы керек», – деді Президент.
Сонымен қатар жерді тиімді игеру, суды үнемді пайдалану, малшаруашылығы мен егіншілікті жаңа деңгейге шығару міндеттелді. Жер тек еңбектенетін, қадірін білетін азаматтардың қолында болуы тиіс деген ұстаным айқындалды.
Білім беру саласында да ауқымды өзгерістер күтілуде. Жаңа үлгідегі мектептер салынып, цифрлық платформалар іске қосылады. Оқушылар жасанды интеллект негіздерін ерте жастан үйренеді.
Президентіміз сонымен бірге денсаулық сақтау жүйесінің қаржылық тұрақтылығына және медициналық қызметтерге мониторинг жүргізу ісінің тиімділігіне қатысты мәселелер бар екеніне тоқталды. Сондықтан Үкіметке жасанды интеллект технологиясын қолданып, медициналық қызметтердің сапасына және көлеміне мониторинг жүргізетін жаңа жүйе қалыптастыруды тапсырды. Дейтұрғанмен Қасым-Жомарт Кемелұлы елімізде дәрігердің мәртебесін көтеріп, әлеуметтік жағдайын жақсарту үшін нақты шаралар қабылданып жатқанын да айтып, бұл жұмыс өз жалғасын табатынын жеткізді.
Жолдауда мәдениет пен спорт салалары да назардан тыс қалған жоқ. Өнер иелеріне қолдау көрсетіліп, спорт нысандары көбеймек. Жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне жағдай жасалып, ауыл жастары үшін спорт залдары мен алаңдары қолжетімді болуы көзделуде.
Қорыта айтқанда Жолдауда жаңашылдық көп. Мемлекет басшысы көтерген бастамалардың орындалуы әрқайсымызға байланысты. Сондықтан сөзден іске көшіп, жұмыла әрекет етейік.
Дүйсенәлі БЫҚЫБАЕВ,
облыстық Қоғамдық кеңестің төрағасы