Мақсат – еңбек адамының құқығын қорғау
Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының ұйымдастыруымен еңбек қатынастарын реттеу және еңбек дауларын шешу мәселелеріне арналған семинар-тренинг өтті.
«Еңбек даулары. Келісу комиссиясының жұмысын ұйымдастыру» тақырыбындағы семинар Жергілікті кәсіподақ үйінің мәжіліс залында өтіп, оған облыс әкімдігі білім басқармасы мен Тараз қалалық, аудандық білім бөлімдері жанынан құрылған Келісу комиссияларының мүшелері қатысты.
Семинарды жергілікті кәсіподақ төрағасы Ерұлан Мағзымбеков ашып, қатысушыларды іс-шараның мақсат-міндеттерімен таныстырды. Оның айтуынша, бұл оқыту кәсіподақ бастамасымен соңғы үш жылдан бері жүйелі түрде өткізіліп келеді.
Семинар-тренингтің модераторы Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының еңбек қатынастары жөніндегі сарапшысы, кәсіподақтық білім беру үйлестірушілерінің жаһандық желісінің мүшесі Ләззат Есжанова болды. Ол өзінің баяндамасында түрлі ұйымдардағы еңбек дауларының шығу себептеріне тоқталып, өз тәжірибесінен нақты мысалдар келтірді. Сонымен қатар Келісу комиссиясында қабылданған, алайда заң талаптарына сай келмей, кейін сотта жарамсыз деп танылған шешімдерге талдау жасады.
Бұдан бөлек семинар барысында қатысушылар «Келіссөздер жүргізу дағдылары және консенсусқа қол жеткізу. Консенсусқа жетудің төрт қадамы», «Келісу комиссиясының отырысы мен оның шешімдерін дұрыс қабылдау тәжірибесі. Сот тәуекелдері», «Келісу комиссиясының іс құжаттарын рәсімдеу мен жүргізу тәжірибесі» тақырыптары бойынша дәрістер тыңдады.
Іс-шара соңында барлық қатысушыларға оқудан өткендігі туралы сертификат табысталды. Қатысушылар семинар-тренингтің еңбек қатынастары саласындағы өзекті мәселелерді талқылауға, Келісу комиссиясы мүшелерінің практикалық дағдыларын арттыруға және еңбек дауларын бейбіт жолмен шешу мәдениетін дамытуға септік болғанын атап өтіп, лекторға алғыс білдірді.
Марат ҚҰЛИБАЕВ,
журналист