Брифинг

Тірек мектептер – сапалы білім негізі

Өңірлік коммуникациялар қызметінде Тараз қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің директоры Гүлнұр Мақсұтова баспасөз мәслихатын өткізді. Спикер зияткерлік мектептің озық тәжірибесін өңір мектептеріне трансляциялау жұмыстары туралы баяндады.

Гүлнұр Мақсұтқызының айтуынша, Назарбаев зияткерлік мектептері 2012 жылдан бері жалпы білім беретін мектептерге әдістемелік қолдау көрсету арқылы өзінің тиімді педагогикалық тәжірибесін жүйелі түрде бөлісіп келеді. Бұл бағытта жүзеге асып жатқан жұмыстар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2019 жылғы Жолдауында айтылған, ауыл мен қала мектептері арасындағы білім сапасындағы алшақтықты азайту міндетімен тікелей байланысты.

Президент атап көрсеткен ауылдық жерлердегі білікті педагогтердің тапшылығын шешу мақсатында зияткерлік мектептер тірек мектептермен әріптестік моделін дамытып келеді. Бүгінде аталған жоба аясында Назарбаев зияткерлік мектептері еліміздің барлық өңірлерінде ауылдық тірек мектептердің әлеуетін арттыру бағытында белсенді жұмыс жүргізуде. Жобаның басты мақсаты – ауыл мұғалімдеріне әдістемелік көмек көрсетіп, олардың кәсіби дамуына қолдау білдіру.

Тараз қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебі 2022 жылдан бері Сарысу ауданындағы Балтабай Адамбаев атындағы негізгі орта мектеппен жұмысын бастаса, 2023-2024 жылдары бұл қатарға Мойынқұм, Жуалы, Байзақ, Т.Рысқұлов, Жамбыл және Меркі аудандарындағы тағы 7 тірек мектеп қосылыпты. 2024-2025 оқу жылында облыстың 10 тірек мектебімен тұрақты байланыс орнатылып, нақты нәтижеге бағытталған жұмыстар атқарылуда.

Айжан ӨЗБЕКОВА