Жамбыл жаңалықтары

Ауыл жастарының арманы асқақ

Жамбыл ауданының орталығы Аса ауылында ауыл жастарына арналған «DIGITAL AUYL: жаңа мүмкіндіктер» атты облыстық форум өтті. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов, Жамбыл ауданының әкімі Ерлан Қыдыралыұлы және Тараз, Шу, Жаңатас қалаларынан, сондай-ақ облыстың барлық аудандарынан келген 100-ге жуық жас қатысты.

Форумның алғашқы бөлігі аудандық жастар ресурстық орталығында ұйымдастырылды. Мұнда жергілікті белсенді жастар шеберлік сағаттарын өткізіп, түрлі жобалар мен бастамаларын көпшілікке таныстырды. Ал аудандық мәдениет үйінің алаңында 10 арнайы шатыр тігіліп, аудан жастары мен жасөспірімдерінің тың идеялары мен шығармашылық жұмыстары көрмеге қойылды.

Форумда сөз алған облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов жастардың қоғамдағы рөлін ерекше атап өтті.

Сахнаға шыққан өзге де спикерлер жас буынға тағылымды ақыл-кеңестерін айтты

«DIGITAL AUYL» форумы – ауыл жастарының әлеуетін танытып қана қоймай, олардың өз идеяларын жүзеге асыруға шабыт берген маңызды алаңға айналды. Іс-шара барысында шеберлік сабақтары өтіп, жастардың сан түрлі жобалары таныстырылды. Сондай-ақ «Идеялар жәрмеңкесі» ұйымдастырылып, қатысушыларға өз білімдері мен тәжірибесін ортаға салып, жаңа ойларын бөлісуге кең мүмкіндік берілді.

Ал, «Болашақ зертханасы» жәрмеңкесінде жастар ерекше жобаларын көпшілік назарына ұсынды. Форумға қатысушылардың назарын теңіз толқыны, күн мен жел қуатын электр энергиясына айналдыруға арналған жобалар аударды. Жәрмеңке жас буынға тек техникалық шеберлігін ғана емес, шығармашылық көзқарасын да танытуға жағдай жасады.

Форумға қатысқан мектеп оқушылары мен ұстаздар да өздерінің тың ғылыми ізденістерін ортаға салды. Мәселен, Тараз қалалық техникалық шығармашылық орталығының жанындағы авиамодельдеу үйірмесінің жетекшісі Қайрат Отарбаев қазақстандық жасанды жер серігі жобасы туралы әңгімеледі.

Айша бибі ауылындағы №7 мектептің математика пәнінің мұғалімі Асқар Әзімжанов «SenseAir AI» бағдарламасын таныстырды.

Форумға өңірдегі ірі өнеркәсіп орындарының өкілдері де қатысып, өз салаларының жетістіктерін көрсетті. «Амангелді» газ өңдеу зауытының техника қауіпсіздігі жөніндегі бастығы Бақтияр Қорынбаев өндірістегі жұмыс барысымен және сапа бақылау зертханасының қызметімен бөлісті.

Ал «Жаңа Жамбыл» фосфор зауытының техникалық-технологиялық бөлімінің бастығы Миржан Падшахан сары фосфор өндірісі, оның қосалқы өнімдері және одан алынатын жаңа өнімдер туралы баяндады.

Облыс әкімінің орынбасары форумды қорытындылай келе, ауыл жастарына сенім білдіріп, олардың бастамаларына қолдау көрсетілетінін айтты.

Форум шеңберінде өңірдің әлеуметтік-экономикалық және жастар саясатының дамуына үлес қосып жүрген бірқатар жас марапатталды.

Ақтоты БЕКЕНҚЫЗЫ