Жол бойындағы жайлы кешен
Халықаралық маңызы бар «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автожолы бойында, Меркі ауданы Ақтоған ауылының маңында алғашқы заманауи «Keruen Inn» қонақүйі пайдалануға берілді.
Салтанатты іс-шараға облыс әкімінің орынбасары Әбілхайыр Тамабек, Меркі ауданының әкімі Ербол Жиенқұлов және жергілікті тұрғындар қатысты.
Бұл нысан Президент тапсырмасына сәйкес ҚР Үкіметі жанындағы Инвестициялар тарту жөніндегі кеңесте мақұлданған «2025-2029 жылдары «Qazaq Oil»-дың 60 жол бойындағы қонақүйі» бағдарламасы аясында жүзеге асырылды. Жоба толықтай жеке инвестициялар есебінен қаржыландырылған.
Одан кейін «Qazaq Oil» бас директоры Төлеміс Шотанов, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Дархан Иманашев және өзге де қонақтар құттықтау сөз сөйледі.
Бағдарлама аясында алдағы жылдары елдің негізгі көлік дәліздері – «Батыс Еуропа – Батыс Қытай», «Солтүстік – Оңтүстік», сондай-ақ шекара бекеттері мен туристік әлеуеті жоғары аймақтарда осындай заманауи қонақүйлер желісі ашылмақ.
«Keruen Inn» қонақүйі – сапарда жайлы демалудың жаңа мүмкіндігі. Аумағы 900 шаршы метрден асатын нысанда 31 стандартты нөмір бар. Әр бөлме жеке душпен, санитарлық тораппен, теледидар және тегін Wi-Fi желісімен жабдықталған. Қонақтарға қажетті барлық қолайлы жағдай жасалған, соның ішінде гигиеналық құралдар да қарастырылған.
Кешен аумағында кең мәзір ұсынатын кафе, күзетілетін автотұрақ, кір жуу қызметі, жолға қажетті тауарлар дүкені, жанармай құю стансасы және электр көліктеріне арналған қуаттау бекеті бар.
Жобаны жүзеге асырған «Qazaq Oil» компаниясы елімізде заманауи жол бойы сервисінің бірыңғай экожүйесін қалыптастыруды мақсат етіп отыр.
«Qazaq Oil»-дың 2025-2029 жылдарға арналған 60 жол бойындағы қонақүй» бағдарламасы аясында бой көтеретін барлық нысан халықаралық стандарттарға сай салынып, энергия тиімділігі талаптарын сақтайтын болады.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі