Жаңалықтар

Президент әлем чемпиондарын марапаттады: Қазақстан бокстан тарихи жеңіске жетті

Мемлекет басшысы бокстан Әлем чемпионатының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттау рәсіміне қатысты, деп хабарлайды arainfo.kz Ақордаға сілтеме жасап.

Президент Қазақстан ұлттық құрамасының мүшелерін Әлем чемпионатындағы тамаша жеңісімен құттықтап, бұл еліміз үшін тарихи оқиға, халқымыз үшін үлкен қуаныш екенін атап өтті.


Мемлекет басшысы Туризм және спорт министрлігі мен Ұлттық Олимпиада комитеті көп жұмыс атқарғанына тоқталып, Қазақстан Бокс федерациясының еңбегін ерекше атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде жастардың спортпен шұғылдануына жағдай жасалғанын, инфрақұрылымды жақсартуға баса мән беріліп жатқанын айтты


Президенттің айтуынша, World Boxing аясында алғаш рет өткен Әлем чемпионатындағы нәтиже – Ұлттық құраманың бірлескен жұмысының жемісі. Боксшылар, бапкерлер, менеджерлер, спорт дәрігерлері мен басшылар бірігіп, бүгінгі жетістікке жетті.

Қасым-Жомарт Тоқаев даңқты спортшы Геннадий Головкинге боксты Олимпиада ойындарының бағдарламасына қайтаруға атсалысқаны үшін ризашылығын білдірді


Мемлекет басшысы әлемге әйгілі спортшы болу үлкен жауапкершілік жүктейтініне, жастардың чемпиондарға қарап бой түзейтініне назар аударды. Сондықтан сөзбен, іспен, күнделікті мінез-құлық, жүріс-тұрыспен, әдеп-дағдымен көпке үлгі болу өте маңызды деп атады.


Мемлекет басшысы Ливерпуль қаласында өткен ерлер мен әйелдер арасындағы бокстан әлем чемпионатындағы (World Boxing) спорттық жоғары жетістіктері үшін бір топ спортшы мен бапкерді марапаттады.