Жаңалықтар

Қазақстанда алғаш рет: емханаларда заманауи педиатриялық бөлімшелер іске қосылды

Қазақстанда балалар денсаулығына арналған жаңа деңгейдегі медициналық жүйе іске қосылды, деп хабарлайды arainfo.kz

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі медициналық-санитарлық алғашқы көмек (МСАК) аясында педиатриялық қызметті күшейту бойынша ауқымды реформаны бастап кетті.

2025 жылдың маусымынан бастап еліміздегі емханаларда заманауи педиатриялық бөлімшелер кезең-кезеңімен ашылып жатыр. Бұл бастама балаларға медициналық көмектің қолжетімділігін арттырып, ата-аналарға жан-жақты қолдау көрсетуге бағытталған.

Жаңа бөлімшелерде:

  • педиатр кабинеттері;
  • патронаждық қызмет дәрігерлері мен мейіргерлері;
  • баланың дамуын қолдау және ерте араласу орталықтары;
  • егу кабинеті;
  • мектеп медицинасы кабинеті жұмыс істейді.

Әсіресе жас балалар мен ерекше қажеттіліктері бар балаларға басымдық беріледі. Егер даму ерекшеліктері байқалса, баланы педиатр, логопед, психолог, реабилитолог секілді мамандардан тұратын арнайы топ бақылауға алады.

Телемедицина жүйесі де енгізіліп отыр. Енді балаға қажет болған жағдайда басқа өңірге бармай-ақ, облыстық деңгейдегі мамандардан онлайн-консультация алуға мүмкіндік бар.

Айта кетейік, 2025 жылдан бері Қазақстанда 100-ден астам осындай орталық ашылды. Жаңа жүйе балалардың денсаулығын үздіксіз бақылауға, медициналық көмекті үйлестіруге және ең бастысы әрбір балаға сапалы қолдау көрсетуге жол ашады.