Қаздан қашқан Керей енді қаздың иесі атанды
Әлеуметтік желіде қаздардан қашып, 200 миллионнан астам қаралым жинаған ақтөбелік 3 жастағы Керей Махамбетұлына ерекше сый тарту етілді, деп хабарлайды arainfo.kz
Керейдің әкесі Махамбет Ермековтің айтуынша, «Ауыл» партиясы филиалының төрағасы Әлібек Базарғалиев оған 100 қаз сыйға берген.
Қазіргі таңда Керейді танымал еткен видео оның әкесінің Instagram-парақшасында 16 миллионға жуық қаралым жинаған. Ал жалпы әлеуметтік желілерде бейне 200 миллионнан астам рет қаралған. Керейге жарнамаға түсу ұсыныстары да түсіп жатыр. Бейнежазбадағы шелекті шығарған кәсіпорын сый жасаған, ал жергілікті дүкен оған «Қаздан қашқан бала» деген жазуы бар жейде тігіп берді.
Еске салсақ, бұған дейін бұл видеоны америкалық танымал рэпер Snoop Dogg өз парақшасында бөліскен болатын.