Жамбыл облысында республикалық жол бойында заманауи қонақүй ашылды
Жамбыл облысының Меркі ауданында «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі бойында жаңа заманауи шағын қонақүй пайдалануға берілді, деп хабарлайды arainfo.kz
Ашылу рәсіміне «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Дархан Иманашев, облыс әкімінің орынбасары Әбілқайыр Тамабек және жергілікті тұрғындар қатысты.
Қазіргі таңда республикалық жолдарда 1500-ге жуық сервистік нысан жұмыс істейді. Олардың ішінде жанармай құю бекеттері, техникалық қызмет көрсету пункттері, қонақүйлер, асханалар, мейрамханалар мен электр көліктеріне арналған қуаттау стансалары бар. Сонымен қатар, жол бойына 150-ден астам жылы санитарлық-гигиеналық торап орнатылған.
Дархан Иманашевтың айтуынша, Меркідегі жаңа қонақүй сапардағы жолаушыларға жайлы жағдай жасап қана қоймай, өңір экономикасына серпін беріп, жаңа жұмыс орындарын ашады.
Айта кетсек, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» дәлізі Еуразия кеңістігін жалғайтын стратегиялық бағыт саналады. Оның бойындағы әрбір сервис нысаны транзиттік әлеуетті арттыруға үлес қосады.